Алматы. 3 наурыз. 7kun.kz — Алматыда Еуразия технологиялық университетінде «Catapult» атты Start-Up Академия ашылды. Бұл «Даму» қорының қолдауымен ашылып отырған еліміздегі төртінші жоба.
Осыған дейін мұндай академиялар Павлодар, Атырау мен Астанада ашылған. Аталмыш жоба жаңадан бизнес бастаған кәсіпкерлерге бизнес-идеядан бастап нарыққа шыққанға дейін тегін қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. «Даму» Қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов «кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тек ақпараттық аямен шектелмейді. Инвестор тарту, қордың қаржылық бағдарламаларына қатысу немесе мемлекеттік гранттар алуға өтініш беруде де қол ұшын созамыз», — деді.
Абай Серікұлының айтуынша, «Даму» қоры 2017 жылы инновациялық жобаларға арнап 2 млрд теңге бөледі. Ол Алматы қаласын стартап-хаб ретінде қарастыруға болатын аймақ екенін айтты.
Стартап академияның ашылуында таныстырылған екі жобаның бірі дрондардың қызметін ұсынады. Оны ауылшаруашылығында, заңсыз жер учаскелерін анықтауда, қаланың 3D картасын жасау мен басқа да салаларда пайдалануға болады. Мұндай қызмет қарапайым агрономдарға 1 гектарына 10 доллардан түседі.
Ал екінші жоба дрон құрастыру мен оның бағдарламасын жасауға арналған мектеп. Мұнда құрастырылған дрондар 300 метрлік биіктікке дейін көтеріле алады.
Бүгінгі таңда 4 стартап жобамыз бар. Бүгін соның екеуі таныстырылды. Бұлар көбіне ауылшараушылық кәсібіне арналған. Жобалар толық тәжірибеден өтіп, нәтижесінде сұранысқа ие екенін дәлелдеді», — деді Еуразиялық технологиялық университетінің ректоры Нұржамал Дүйсенқұлова.
Жаңа жобаны таныстыру барысында «Даму» қоры мен Еуразия технологиялық университеті арасында өзара әріптестік пен түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.