Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің негізін салған қоғам қайраткері Ғалым Тұрғамбайұлы қайтыс болды

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің негізін салған қоғам қайраткері Ғалым Тұрғамбайұлы қайтыс болды

84 жасқа қараған шағында Алматы облысының және Панфилов, Ақсу, Кербұлақ аудандарының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Ғалым Тұрғамбайұлы қайтыс болды, деп хабарлайды 7kun.kz.

Ғалым Тұрғамбайұлы, 1938 жылдың 6 ақпанында дүниеге келген. Кеңес одағы кезінде Талдықорған облысына қарасты Панфилов, Ақсу, Кербұлақ аудандарын басқарған. Аудандардың шаруашылығын, экономикалық әлеуетін көтергені республика басшылығы мен Дінмұхамед Қонаевтың тарапынан жақсы бағаланып, Қазақстанның Жоғарғы Советiне депутат болған.

Ғалым Тұрғамбайұлы басқарған жылдары аталған аудандардың барлық саласында оңды өзгерістер молынан болды. Бүгінде Алматы облысынддағы басты ауылшаруашылық өнімдерінің бірі қант қызылшасын өндіру 1978 жылы Ақсу ауданында кеңінен қолға алынып, аудандық жоспары орындалады. Кейін жыл сайын қант зауытына 200 мың тоннаға дейін өнім өткізіп отырады. Ақсу қант зауыты Одақ көлеміндегі үздік зауыттардың қатарына қосылады. 1983 жылы аудан СОКП Орталық Комитеті мен ССРО Министрлер Кеңесінің Қызыл туына ие болды.

Ғалым Тұрғамбайұлының ұйымдастырушылық, басшылық қабілеті тәуелсіздік алған тұста тағы да көрінді. 1991 жылы «Алтынемел» Ұлттық паркін өз қолымен құрып, басқарды.

«Мен «Басши» совхозының директоры қызметін атқарып жүргенімде өңір табиғатының аяусыз тоналып жатқанын көріп, бұған бір шара колданылмаса арттағы ұрпаққа тірі жәндіксіз каңыраған тау-тас пен дала қалатынына көзім жетті. Соған орай өзім басқарып отырған шаруашылықтың және Кербұлақ ауданының 3 шаруашылығы мен Панфилов ауданының 2 совхозының жерінен Ұлттық парк кұру мәселесін көтердім. Екі аудан әкімінің, 6 шаруашылық басшысының жаңа құрылатын Ұлттық паркке жер бөліп беру жөнінде келісімдерін алып, келешектегі Ұлттық парктің шекарасын өз қолыммен белгілеп, аталуы «Алтынемел» болсын деп облыстық атқару комитетіне тапсырдым», деп жазады қоғам қайраткері  «Ақиқат жолында» атты кітабында.

Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағынбек Тұрсынов бұл ұсынысты қолдап, өз шешімін біріктіріп, Үкімет алдына қойғаннан кейін 1991 жылғы сәуір айының 10 күні Премьер-Министр Ұ. Қараманов «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің уақытша дирекциясын құру жөнінде шешім қабылдаған. 

Бұл шешімде «Ұлттық паркті толығымен заңдастыру үшін тиісті жоба дайындау Талдықорған облыстық атқару комитеті мен «Басши» совхозының дирекциясына тапсырылсын. Сонымен бірге ұлттық парктің бас директоры қызметі «Басши» совхозының директоры Ғ. Тұрғамбаевқа уақытша жүктелсін» делінген. Бүгінде «Алтынемел» Ұлттық табиғи паркі бұрынғы совхоздың негізінде құрылған Қазақстандағы алғашқы әрі жалғыз ерекше қорғалатын аймақ саналады.

7kun.kz ақпарат агенттігі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады.

Похожие материалы