Бірінші несие бюросының ақпаратына сенсек, қазіргі таңда отандастарымыздың несиебастылығы (жаңа термин – 7kun.kz) жоғары күйінде қалып отыр. Шамамен 5 миллионнан астам адамның несиесі бар. Сөйте тұра, бюроның есептеуінше, қазақстандықтардың несие денсаулығы индексі 73 пайызды құрайды.
— Бұл дегеніміз – қолданыстағы несиесі бар борышкерлердің 73 пайызы тәуекелдің жасыл зонасында және жалпы ахуалы жақсы деген сөз. Ал несиегердің шамамен 18 пайызы дефолтта, яғни олардың 90 күннен астам мерзімін өткізген қарызы бар.
Қарыз алушының несиесін төлемеуінің салдары қандай болмақ?
1. Тұрақсыздық айыбының есептелуі
Әдетте, банк қарызының келісімшартында тараптардың өз міндеттерін орындамағаны немесе тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілігін нақтылайтын тармақ болады. Көбіне жауапкершілік ретінде тұрақсыздық төлемі (айыппұл, өсімақы) қарастырылады.
Айыппұл көлемі бойынша шектеу «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңының 25 бабымен реттеледі.
— Несиенің ай сайынғы төлемдерін төлеу бойынша міндеттерді 4 күнтізбелік күннен астам уақытқа бұзған жағдайда банк клиенттен мерзімі өткен бірінші күннен бастап әр күн үшін төлемнің 0,5 пайызы көлеміндегі тұрақсыздық айыбын талап етуге құқылы, — дейді «Банк Хоум Кредит» өкілі. — Мерзімі өткен 90 күн аяқталған соң - мерзімінен бұрын толық өтеу туралы талап ету сомасының 0,03 пайызы көлеміндегі айыппұл, бұл айыппұл - келісімшарт қызметінің әр жылына тиесілі несие сомасының 10 пайызынан аспайтын сома.
2. Борышкердің банк есепшоттарынан ақша ұстау
Келісімшартта, әдетте, банктің қаражатты есептен шығару құқығы алдын-ала қарастырылады, әйтпесе кредитор бұндай іс-әрекетке бара алмайды. Сондықтан келісімшарт талаптарын жіті оқу маңызды.
Клиент жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер алатын есепшоттардың ақшасын есептен шығаруға болмайды. Ал еңбекақыға арналған есепшоттан өндіруге рұқсат етіледі. Алайда ҚР Еңбек кодексінің 137 бабына сәйкес, қызметкерде еңбек жалақасының 50 пайыздан кем емес сомасы қалуы тиіс. Сол себепті банктің борышкердің күллі жалақысын ұстауға құқығы жоқ.
3. Кепіл мүлікті өткізу
Банктен міндеттерді орындамау туралы құлақтандыру алған соң, борышкер мүлікті іске асыруға өзінің жазбаша келісімін бере алады немесе бұдан жазбаша бас тарта алады. Егер банкке кепіл берушіден аймақтық әділет органдарында тіркелген соттан тыс іске асырудан бас тарту қағазы келсе, кредитор кепілді соттан тыс іске асыра алмайды. Іске асырса, клиент кепіл мүліктің сауда-саттығы жүргізілген сәттен бастап үш ай ішінде сотқа беруге құқылы.
Келесіде жабылмаған несиенің өзге мәселесі мен мазмұнын, жаңа түйткілдерін тереңірек қазып, баяндап береміз.