Депозит ашайын деп едім, қай банктен депозит ашқан тиімді? Ақшаны қалай салған дұрыс?
Амандық Бекмұханов, Атырау қаласы, әлеуметтік желі арқылы жолданды
Қайырлы күн, Амандық! Сіздің сұрағыңыз бойынша банктерге хабарласып, депозит ашу үшін берілетін мүмкіндіктерді анықтап көрдік.
2016 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жеке тұлғалардың ұлттық валютада жаңадан тартылған депозиттердің сыйақы мөлшерлемелерін 10 %-дан 14%-ға дейін арттыру туралы шешімінен кейін барлық дерлік банктер аталған шешім бойынша жұмыс істеуде. Яғни Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) теңгемен салынған депозит бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесін (ЖСМ) 14%-ға, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 14,9%-ға көтерді. Аталған ЖТСМ тек бір жыл көлемінде рәсімделген депозиттерге және қаржыңызды депозиттен шешіп алмаған жағдайда ғана қосылады.
Ал 3 ай, 6 ай, немесе 9 айға дейін депозит ашқыңыз келген жағдайда пайыздық мөлшерлеме әр банкте әртүрлі.
Мысалы Халық банкте депозиттің ең төменгі мөлшері 15 000 теңге. Салымды (депозитті) толықтыру мүмкіндігі шектелмеген. Ерекшелігі -1 айға депозит аша аласыз. 1 айға ЖСМ - 10%, 3 айға - 11%, 6 айға - 12%, 9 айға - 13%. Бір жылдан 3 жылға дейін депозит ашқыңыз келсе ЖСМ 14%-ды құрайды. Ал ЖТСМ 1 айға - 10,6%, 3 айға - 11,7%, 6 айға - 12,9%, 9 айға - 14%, 12-36 ай аралығында - 15,2%.
Ал Кaspi bankте сыйақының жоғарғы жылдық тиімді мөлшерлемесі депозитіңіздің мерзіміне қарамастан - 14,9%. Яғни депозит салу мерзімі - 1 айдан 24 айға дейін. Қазақстан бойынша кез келген филиалдан ақшаны алуға және салуға болады. Салымдар Қазақстаннның салымдарға кепілдік беру қорымен сенімді сақтандырылған. Депозитті 1000 теңгеден бастап салуға болады.
Қазкоммерцбанкте депозитті 3 айдан 24 айға дейін сала аласыз. Аталған банкте 3 айға ашылған депозитке ЖСМ көлемі - 8%. 6 айға - 11%, 12 айға - 14%. Ал ЖТСМ көлемі 3 айға - 8,4%, 6 айға - 11,6%, 12 айға - 14,9%.
Forte bankте депозитті тек 12 айдан 36 ай аралығында сала аласыз. ЖСМ - 14%, ЖТСМ - 14,9%. Салымның ең аз сомасы - 15 000 теңге және толықтыру шектеусіз.
Банк ЦентрКредитте минималды соманы өзіңіз белгілейсіз. Яғни 150 теңгеден бастап депозит аша беруіңізге болады. Алайда депозитке салынған ақшаны белгіленген мерзімге дейін шешіп алған жағдайда ЖСМ және ЖТСМ есептелмейді.
Цеснабанкте депозит ашудың ең төменгі сомасы - 10 000 теңге. 1 айдан 60 айға дейін ашуға болады. ЖСМ 1 айға - 6,5%, 3 айға - 8%, 6 айға - 10%, 13-18 айға - 13%, 36 айға - 14%, 60 айға - 12%. Ал ЖТСМ 1 айға - 7%, 3 айға - 8,4%, 6 айға - 10,5%, 13-18 айға - 13,9%, 36 айға - 14,9%, 60 айға - 12,8%.
Ал депозитті доллар немесе еуромен ашқыңыз келген жағдайда көпшілілік банкте ЖСМ - 2%, ЖТСМ - 2,1%-ды құрайды.
Депозитке қатысты басқа да сұрақтар туындаған жағдайда банктердің ресми сайттарында көрсетілген телефонға хабарласып ақпарат алуға болады.
Ескерту. Банктерде депозит түрлер көп, біз сізге ең тиімді депозит туралы ақпарат бердік.
Құрметті оқырман! Егер банктерге қатысты (несие, проблемалық несие, несие картасы, депозит, банктер туралы жалпы банк, қаржы саласына қатысты) сұрақтарыңыз болса, бізге жолдаңыз, біз банк мамандарын қатыстыра отырып, жауап береміз. Үлкен мәселе болса Журналистік зерттеу жүргізуге дайынбыз. Сұрақтарыңызды info@7kun.kz почтасына немесе WhatsApp арқылы +7 775 476 6145 телефонын нөміріне жолдауды сұраймыз.