Angry birds ойынын жасау туралы идея студент кезде пайда болған. Хельсинки технологиялық университетінің үш студенті Никлас Хэд (Niklas Hed), Ярно Вакевайнен (Jarno Vakevainen) және Ким Дикерт (Kim Dikert) 2003 жылы Nokia мен HP ұйымдастырып жатқан ойын құрастыру байқауына қатысуға бел буады. Олар жасаған King of the Cabbage World ойыны қазылардың көңілінен шығып, бас жүлде алады. Осыдан кейін әрі қарай бизнес көзін ашу туралы ой келеді. Осылайша сол жылы Relude атты компания дүниеге келеді. Екі жылдан кейін олар ребрендинг жасап, компания атауын қазіргі кезде белгілі атауға айналған Rovio Mobile деп өзгертеді.
Ол кезде компания танымал ойындардың java-нұсқасын жасаумен айналысатын. Rovio-ның сол уақытта жасаған ойындарының көшінде шариктерді атып ойнайтын Nokia тапсырысымен жасалған ойын еді. Аталған ойын 2 млн рет орнатылған. Белгілі кәсіпкерлер Микаэла Хэда (Mikael Hed) пен Кадж Хэд (Kaj Hed) жігіттерге қаржылай қолдау білдіру мақсатында миллион еуро инвестиция салады.
Екі мыңыншы жылдардың соңына қарай смартфондар нарыққа ене бастады. Олардың қуаты мықтырақ болғандықтан, енді компания смартфондарға лайықтап ойын жасауға кіріседі. Бірақ қаржы жағы қол байлау болды. Ақша үнемдеу үшін ол бір ойын жасаса да, көпшілік қызығып, қаражат әкелетіндей болу керек деп шешеді. Ойлана келе, тачскрин арқылы ойналатын ойын жасау керек дейді. Ойын "Тетрис" секілді барлық аудиторияға арналып, ондағы кейіпкерлер көптің есінде сақталатын болуы керек деген шарт бар. Осылардың барлығын есепке ала отырып, ұжым қызу жұмысқа кірісіп кетті.
Компанияның бас дизайнері Яакко Иисалоға (Jaakko Iisalo)өзі ойластырған 30-дан астам идеялардың ішінде, ұнағаны құстар еді. Бір күні үйде өзі отырып, жаңа кейіпкерлерді түрін ойластырып отырады. Photoshop-та бір топ құстарды салады. Бір қызығы - барлығы шар секілді үрленіп тұрған құстар. Дизайнердің айтуынша, ең бірінші нұсқада құстарда қанат тұрмақ, тұмсық та болмаған деседі.
Ойын "Қалашықтарға" өте ұқсас. Ғимараттарды құлатқандай, құстарды ату керек. Негізі барынша шынайы жасалған ойындар сұранысқа ие. Бірақ қалашықтардың тағы сондай нұсқасын жасаса - көпшіліктің қызықпасы анық еді. Осылайша қызыл құстар дүниеге келеді. Бірақ ойын іш пыстырмасын деп құстарға қарсылас ретінде жасыл доңыздар пайда болады.
Құрастырушылар дауыстардың барлығын өздері жазған. 8 айға созылған жұмыстың нәтижесінде, 2009 жылдың соңына қарай "Ашулы құстар" дайын болады. Фокус-топтарға қаражат жетпей, ойынның алғашқы қолданушы Rovio атқарушы директоры Никлас Хедтың анасы болады. Себебі жақында ғана айфон алған еді. Одан кейін құрастырушылардың туыстары мен достары да қолданып көріп жатты.
Алғашқы Angry Birds 2009 жылдың 11 желтоқсанында iPhone-ға арналған нұсқамен шықты. Бастапқыда Poached Eggs 1 эпизоды мен 21 деңгей болған. Шыққан сәтте-ақ Финляндияның, Скандиянавия түбегі елдерінің сүйікті ойынына айналып шыға келеді. Кейіннен бұл ойын британ AppStore дүкенінде де пайда болады. Ойын шыққанына бір жыл болған сәтте "Ашулы құстарды" жүктегендер саны 50 миллионға жетеді. Ал, 2011 жылдың маусым айында 250 миллион рет жүктелген. Қарай көріңіз!
Rovio Mobile айфон құрылғыларында танымал болған соң, Android-қа арналған нұсқасын жасауға кіріседі. Плей маркетте бұл ойын пайда болған бірінші тәулікте-ақ миллион адам орнатқан.
Ойынды жүктегендер саны рекордтық көрсеткішке ие болып, миллиардан асып кетті. Rovio компаниясы тіпті JetBlue әуекомпаниясынан да бірнеше есе қымбат тұрады. Оның 2012 жылдағы құны - 8,8 млрд доллар. Күн сайын осы ойынды ойнаушылар доңыздарды құлатып түсіруге бір күнінің 600 миллион минутын шығындайды. Бұл дегеніміз 1141 жылмен тең.
Сондай-ақ, компания мерчендайзингпен де керемет айналысады. Яғни, әлемнің түкпір-түкпіріндегі сауда орындарында Angry Birds бейнесі бар тауарларды табуға болады. Мынадай қызық зерттеу жүргізілген екен: сауалнамаға қатысқан ойыншылардың жартысында ойынды жарты сағат ойнаған соң көңіл-күйлері көтеріледі екен. 5 пайызында ғана керісінше, көңіл-күйлері түссе, енді қалғанында еш өзгеріс болмайды екен.
Танымалдылығы артқан ойынды кинемотографтар тектен-тек қалдыра алмасы анық. Осылайша 2012 жылы толық метражды фильм түсіру қолға алынады. Төрт жылдық еңбектің нәтижесінде, 2016 жылы картина дүниеге келді. Жобаның құны - 73 млн доллар. Сонымен бірге 100 млн еуроға жуық қаражат жарнама мен дистрибуцияға кеткен.
Фильмнің дистрибьютері болған Sony компаниясы үшін бұл анимациялық жобалардың ішіндегі үшіншісі. Сыншылардың көпшілігіне "Ашулы құстар" ұнамаған. Бүгінде фильмнен түскен табыстың көлемі - 151 млн доллар. Жоба өзінің өндірістік бюджетін ғана ақтады дейді жоба үйлестірушілері.