Алматы облысы. 3 қазан. 7kun.kz – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкеріне қауіп төндірген полиция майоры қамауға алынды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Әлеуметтік желілерде азаматтық киімдегі адам Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкеріне қатысты атыс қаруын қолданумен қорқытатын видео тарады.
«Алматы облысы бойынша cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қарасай ауданы Полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық жауаптылықтан алшақтатқаны үшін 500 мың теңге сомасында ақшалай қаражат алу (пара) дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері тінту жүргізген кезде полиция майоры заңды талаптарға бағынбай, атыс қаруын қолданамын деп қорқытқан», – делінген хабарламада.
2022 жылдың 22 қыркүйегінде осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 380-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. 29 қыркүйекте күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.