Купертино. 1 тамыз. 7kun.kz - Apple Inc. компаниясының төрағасы Тим Кук АҚШ территориясында үш өндіруші кәсіпорын ашуға уәде берді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп The Wall Street Journal-ға берген сұқбатында айтты.
Зауыттардың салыну уақыты мен құрылыс орны хабарланбады. Ал компания өкілдері бұл мәлімдемені түсіндіруден бас тартты.
Д.Трамп өндірісті АҚШ-тан Қытайға ауыстыруына байланысты Apple компаниясын бірнеше рет сынға алған болатын. Қытайдағы компанияда 80 мың американдық жұмыспен қамтамасыз етілген.
Ал компаниzның АҚШ-тағы бөлімінде 2 млн жұмыс орны бар. Мұның ішіне жеткізушілер, қосымшаны жасаушылар мен тауар өндірушілері кіреді.
Apple үшін керекті бөлшектердің басым бөлігі Азияда шығарылады, ал дайын өнім Қытайда құрастырылады.
АҚШ-та келісімшарт бойынша өндірушілер басқаратын бірнеше шағын өндірістер бар. Мысалы, Flex Ltd. Техаста Mac компьютерлерін құрастырады. Ал Quanta Computers оларды Калифорнияда құрайды.
Сиракуз университетіндегі экономика профессоры Джейсон Дэдриктің сөзінше, дайын өнімдерді құрастыру АҚШ-қа ауыстырылса, әр құрылғының бағасы 30-40 долларға қымбаттайды. Ал процессор, жадтық чип пен экран бөлшектерін АҚШ-та өндіре бастаса, құрылғылардың бағасын тағы 40 долларға қымбаттатады. Бұл жағдай компанияның Samsung Electronics сынды қарсыластарымен бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.
"Конвейердегі жұмысшыларға орын табу үшін білікті инженерлерді жұмысынан айырғымыз келе ме, осы сұраққа жауап алуымыз керек", - дейді профессор.