Apple барлық құрылғыларына шифрлеуді қосады. Бұл туралы компания өкілдері WWDC-2016 конференциясында хабарлады.
Шифрлеу компанияның жаңа мессенджері мен дыбыстық қоңырауларда пайдаланылады. Осылайша, деректер ақпаратты жіберген құрылғыда шифрленіп, ақпаратты қабылдаушы екінші құрылғыға барғанда, бір-ақ шешіледі. Ортадағы «делдалдар» немесе үшінші тарап өкілдерінің тыңшылық етуіне мүмкіндік қалмайды.Сонымен қатар, компания өкілдерінің айтуынша Мас компьтерлеріне арналған жаңа OS күзде шығады. Ол Mac Sierra деп аталады. Жаңа операциялық жүйе құрылғының хард дискіндегі бос орынға иелік етіп, жүйенің тезірек жұмыс істеуіне көмектеседі.
Жаңа өнімдер қатарындағы мессенджер чатқа лайықты ең үздік смайликтер мен эмоцияларды, т.б жаңашылдықтарды қолданатын болады. Ал, iPhone мен Apple Watch «Ақылды үйлерді» телефонмен басқаруға арналған жаңа қосымшалармен толығады. Кейбір қосымшалар жетілдірілген. Мысалы: Apple Maps қосымшасы арқылы пайдаланушы ұнатқан ресторанын картадан тауып, үйде отырып-ақ бос орынға тапсырыс бере алады.
Айта кетейік, 31 мамыр күні Кеңес Рақышевтің Sirin Labs компаниясы хат жолдау мен сөйлесу кезінде мәліметтер толықтай шифрланатын Solarin телефонын таныстырған болатын. Енді Apple құрылғылары толықтай шифрланатын болса, Рақышевтың компаниясы телефондарының ертеңі не болары белгісіз.