Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 29 ақпан-4 наурыз аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.
Дүйсенбі, 29 ақпанды америкалық валюта бағамының курсы 348 теңгемен бастады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) таңғы сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 348,40 теңге болды. Ал ақша айырбастау орындарында 29 ақпандағы доллардың максималды курсы — 350 теңге. Ұлттық банк шетел валютасын сатып алу / сату шегін төмендетіп, жеке тұлғалардан құжат талап ету тәртібін енгізді. Бұл туралы қаржы реттеушінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл шара заңсыз қорлардың ізін жасыру және терроризмді қаржыландыруға көмектесу сынды әрекеттердің алдын алу мақсатында жүзеге асырылып отыр. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы наурыз айында микроқаржы ұйымдары ашылып, несие алудың шарттары бекітілетіндігін жариялады. "Біздің жоспарымыз бойынша, бағдарлама 6 жыл жұмыс жасайды – инвестор бізге ақшаны 3 жылға береді, сосын оның мерзімі тағы 3 жылға ұзартылады", -деді Жұмыспен қамту департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов. Сейсенбі, 1 наурызда Қазақстан қор биржасы сауда-саттық регламентін өзгертетіндігін хабарлады. "Қор биржасында есептесуі T+1 Алматы уақытымен сағат 10.15-тен 11.00-ге дейін және 11:30-дан 15:30-ға дейін күндізгі сессия аясында жүргізіледі. Сауда-саттық жүргізу регламенті нарыққа қатысушылар үшін сауда-саттық сервисін кеңейту мақсатында өзгертілді", -делінген хабарламада.Айырбастау пунктеріне демалыс күндері айырбастау бағамын белгілеу мүмкіндігі берілді. Бұл айырбастау пункттерінің жұмысында туындайтын іркілістерді жою үшін жасалды, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі. Банктік емес айырбастау пункттері қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейін бір айдың ішінде уәкілетті банктермен тиісті шарттарды жасауға тиіс.
Сәрсенбі, 2 наурызда Астана қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашу ұсынылды. «Кез келген жеке кәсіпкер орталыққа келіп, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ете алатындай орын болғаны дұрыс деп ойлаймыз»,– деді ӨКП директоры Ғ.Тасмағанбетов. Сондай-ақ ол Астанада сауда орындарының саны мен сатып өткізілетін өнімдердің түрлері ұлғаятынын да баяндады.
Америкалық Forbes журналы жыл сайынғы әлемдегі ең бай адамдардың тізімін жариялады. Аталған рейтингте қазақстандық 5 адам бар. Ең ауқатты қазақстандықтардың көшін тағы да Болат Өтемұратов бастады. Forbes мәліметіне сәйкес, ол жалпы 2,3 млрд доллар қаржысымен әлемдік рейтингте 771 орынға тұрақтаған.Соңғы жеті күнде мұнай бағасы 4,7%-ға қымбаттады. Мұнай деңгейін қалыпты ұстап тұру туралы жаңалықтан кейін қара алтынның баға белгіленімі өсе бастады, деп жазды LS. Vestifinance.ru сайтының мәліметіне сәйкес, мұнай бағасы Ресейдің энергетика министрі Александр Новактың мәлімдемесінен кейін өсе бастаған.
Бейсенбі, 3 наурызда Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев банктердің жағдайына қатысты мәлімдеме жасады. 2016 жылдың қаңтар айының соңында банктердегі несиелер көлемі 12,8 трлн теңгені құрап, қаңтар айында 1,3% -ға өскен. «Қазіргі уақытта банктердегі жағдай толығымен тұрақты»,- деді ол. 2016 жылғы 29 ақпандағы жағдай бойынша іс жүзінде мемлекет бюджетіне 3,2 млрд теңге түсті. Заңдастыру шаралары жүргізілгеннен бастап заңдастырылған барлық жылжымайтын мүлік, ақша және бағалы қағаздар сомасы — 827,1 млрд теңге болды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жұма, 4 наурызды доллар бағамы 345,20 теңгемен аяқтап, апта басына қарағанда 3 теңгеге арзандады.Қазақстандық банктер ипотекалық кредит беруді қайта жалғастырды. Кn.kz порталының мониторингі бойынша, кредиттік ипотеканы тоқтатқан сегіз банктің екеуі бағдарламаны қайта қолға алды. Жылжымайтын мүлік сатып алу үшін кредит беруді Сбербанк пен Банк ЦентрКредит бастады. Ипотекаға пәтер сатып алу тағы қымбаттай түскен.
Әлемде 30 млн доллардан жоғары активтерге иелік еткен адамдардың саны 2015 жылы 3%-ға түсіп, 187 мың болды. Көптеген ауқатты азаматтар өткен жылғы қор нарығының құлдырауы себепті шығынға батқан. 2015 жылы мұнай бағасының шамадан тыс төмендеуі Таяу Шығыс пен Африкадағы мультимиллионерлердің санының қысқаруына әкелді. Бразилияда байлардың саны 2015 жылы 12%-ға, в Сауд Арабиясында — 8%, Ресейде -5%, АҚШ-та — 2%, Қытайда — 1%-ға қысқарған.