Познавательный
Арнайы жолақтың әсерінен қоғамдық көлікпен жүретіндер көбейген
Алматыда қоғамдық көлікті тұтынатын жолаушылар саны 25 пайызға көбейген. Құзырлы мекеме бұған Абай даңғылының бойына автобустар үшін арнайы салынған жолақ әсер етті дейді. Енді қалада қоғамдық көліктерге арналған тағы бірнеше арнайы жолақтар салынбақшы.
«Автомобиль жолдары басқармасымен бірлесе отырып біз қаланың орталығы арқылы Орбита ықшам ауданынан Құлжа тас жолындағы Шығыс автовокзалына дейін дәліз салуды қарастырудамыз», — дейді Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Әділов.
Бірақ арнайы жолақтарды салуға байланысты біраз мәселелер туындап отыр. Мәселен, таксилерге арналған жол жиегіндегі тұрақ мәселесі. Жолаушылар көлігі басқармасы осы қызмет үшін 40 шақты тұрақ орны жасалған дейді. Бірақ, олардың қай жерде орналасқандығы жөнінде белгілер салынбаған. Тағы бір мәселе – жол жүру ережелеріне қатысты. Жаңа ережелерді бұзып жүрген жүргізушілер өте көп.
Муниципалдық автобустарда орнатылған видеобақылау жүйесі әкімшілік полицияға заң бұзушыларды анықтауға көмектеседі. Бірақ, жаңа форматқа алматылықтардың біразы үйреніпті.
«Арнайы жолақтардың жағымды жағы көп: кептеліс жоқ, машиналар кіріп-шықпайды. Енді велосипедшілерге арналған жол салса, жақсы болар еді. Әйтпесе, қағып кетіп немесе құлап жатады», — дейді № 120-автобус жүргізушісі Арсен Досмұхаметов.
Өткен аптаның ішінде-ақ жол полициялары арнайы жолақпен жүрген 38 жүргізушіге айыппұл салған. Олар қазынға 5 АЕК – 10 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.