Авто
Миллиардерлерден кеңес: Артық киімнен арылыңыз
Apple-дің негізін қалаушы Стив Джобс, Faceboоk басшысы Марк Цукерберг және АҚШ президенті Барак Обаманы байланыстыратын ортақ нәрсе бар. Олар үнемі бір киім киеді. Стив Джобс қара водолазка, көк джинсымен есте қалды. Ақ үйдің иесін тек көк және сұр костюммен, ал Цукербергті сұр жейде және джинсымен көреміз. Барлығы мұндай әдеттерін артық шешім қабылдап, мидың энергиясын жұмсауды қаламайтындықтарымен түсіндіреді. Сіз де осы әдісті қолдасаңыз, 7kun.kz артық киімнен арылу жолдарын түсіндіреді.
"Сіздер менің тек көк және сұр костюмдер киіп жүргенімді көресіздер ғой. Қандай киім киемін деп ойлағым келмейді. Менің одан да маңызды мәселелерім көп", -дейді Барак Обама.
Қандай киім киемін деген шешім қабылдаудың өзі миға артық салмақ салады. Жаңа шешім қабылдау үшін қажетті энергия шығындалады. Шындығында, түрлі киім-кешектер коллекциясының құндылығы тым жоғары емес. Егер сіз пәтердегі үлкен шкафты босатсаңыз, айтарлықтай көп нәрсе өзгермейді. Керісінше:
- Қалтаңызда артық ақша көбірек қалады;
- Таңертең киім таңдайтын уақытыңызды өзге пайдалы жұмысқа арнауға болады;
- Не кисем екен деген ой азырақ мазалайтын болады;
- Киім жуу туралы мәселе де оңтайланады.
1. Киімдеріңіздің тым көп екендігін мойындаңыз. Ең тиімді әдіс - осы.
2. Ұнайтын түстегі киімдеріңізді ғана қалдырыңыз. Бәріміздің сүйікті түстеріміз болады. Ажарыңызға ажар қосатын киімдерді алып қалыңыз да, қалғанына қош айтыңыз.
3. Сатыңыз немесе игі іс жасаңыз. Қажет емес заттарды сатудың әдістері өте көп. Мәселен,
olx.kz,
market.kz сайттарында қалаған дүниені сатып алып қана қоймай, сатуға да болады. Секонд-хенд, яғни киілген киімдерді өлшеп қабылдайтын дүкендер саны өте көп. Ақша аз түседі демесеңіз, қоқысқа тастағаннан гөрі бір жыртықты жамауға жетері сөзсіз. Сондай-ақ, ВКонтакте немесе Facebook желілерінде түрлі топтар мен парақшалар бар. Мәселен,
БаРаХоЛКа " доска объявлений " куплю продам,
★КУПЛЮ-ПРОДАМ★,
Доска объявлении, Барахолка КазНета сынды топтарда кемі 50 мыңға жуық адам бар. Және ол жердегі хабарландырулар сәт сайын келіп тұрады. Уақытын үнемдейін дегендер үшін жақсы мүмкіндік. Бұл сізге қосымша ақша мен жайлылық сыйлайды. Немесе, балалар үйіне не мешітке апарыңыз. Екінші әдістің сіз үшін пайдасы зор, сауабы мол.
4. Әр маусымнан кейін есеп беріңіз. Бір маусым аяқталған соң, оны келесі жылы киесіз бе, кимейтін болсаңыз - оны гардеробта ұстамаңыз. Таратып беріңіз немесе сатып жіберіңіз. Күз бітті, қыс келді. Күздік киімдеріңізді бір қарап шығыңыз.
5. Киімді кезеңмен алыңыз. Қыстық киім алатын болсаңыз, бір күнді арнап, кейін бармайтындай болыңыз. Себебі, бір жолы аяқ киім үшін келсеңіз, бір келгенде бас киімді де ала кетейін дейсіз. Мойынорағышпен қоса, қолғап та керек болады дейтініңіз де белгілі. Сол себепті шекті сомамен қоса, барлығын бір барғанда алып алыңыз. Барғанда ақшаңыз шектеулі болған соң, ақылмен жұмсайсыз. Ал, нақты жоспарсыз барсаңыз - шығынға батып қалуыңыз әбден мүмкін.
6. Саннан - сапаға. Киімнің саны емес, сапасы маңызды. Сол себепті, арзанға әуес болмай, ұзақ уақыт киюге де, бір жерге шыққанда ұялмай киюге де келетін киімді алған жөн. Бір күз ғана киюге жарамды күртеше алып, келесі жылы сол үшін тағы ақша жаратқан кімге пайдалы?
7. Жеңілдік - жақсы, бірақ... Жеңілдіктер жыл бойы жүріп жатады. Әсіресе, бір маусымнан келесі маусымға өтер сәтте көбейіп кетеді. Бірінші ретте, ол жеңілдіктің жасалу мақсатын дұрыс ұғынған жөн. Жеңілдік қандай заттарға жасалады? Бір жері бүлінген, қоймада қалып қойған немесе артылған киімдерге ғана жеңілдіктер беріледі. Бағасының арзан екенін көріп, барлығын бірден алуға құмар болмаңыз. Бәрін салмақтап барып, сауда жасаңыз.
Нағыз дағдарыс енді келе жатыр дегенді жиі естиміз. Ендеше, ақшаны барынша ақылмен жұмсауды бүгіннен бастау керек. Киім-кешектеріңізге бір көз салыңызшы...
Жадыра Аққайыр "7"