Арыстанбек Мұхамедиұлы ісі: Антикор 1,2 млрд теңгенің жымқырылғанын хабарлады
Нұр-Сұлтан. 16 шілде. 7kun.kz – ҚР бұрынғы Мәдениет және спорт министрі – Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының ісінде жаңа эпизод пайда болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1,2 млрд теңге қаражаттың ұрланғаны туралы хабарлады.
«Ұлттық музей мердігер ұйымдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар үшін 1,3 млрд теңге төледі. Бірақ сараптамалық зерттеу жұмыстары оның нақты құны 83,4 млн теңге екенін анықтады. Осылайша жұмыс құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келген» деп жазылған жемқорлықпен күрес агенттігі хабарламасында.
Қазір Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктілерге 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D моделін құру» жобасын іске асыруда аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылуда.
Агенттік тергеу жалғасып жатқандығын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін ұлттық музейдің лауазымды тұлғалары 146 млн теңге қаражатты ұрлады деген күдікке ілінгені хабарлаған. 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды.