Алматы. 12 наурыз. 7kun.kz – Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанда туризмді дамыту үшін бірқатар креативті шараларды ұсынды.
Мәдениет және спорт министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және оған ілеспе заң жобасын қабылдау саяхат үшін тартымды 50 елдің қатарына кіруге жол ашады.
Мемлекеттік бағдарлама елеулі әлеуметтік-экономикалық әсері бар 10 жүйелі шараны қамтиды.
Министрдің айтуынша, ТОП-10-да басым туристік аумақтарды және басқарушы компанияларды құру көзделген. Шара 800 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тартып, 200-ден астам инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарламаның жобасында туризм инфрақұрылымын дамытуға бизнесті тарта отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту ұсынылады.
Тағы бір шара — МЖӘ аясында туристік дестинацияларда санитарлық-гигиеналық тораптарды салу.
Қазақстанды туризмнің әлемдік картасында ілгерілету және маркетинг жұмыстары үшін шетелдік тәжірибеге ұқсас, шетел азаматтарынан бір түнге 2-4 доллар мөлшерінде туристік жарна («Bed Tax») алуды енгізу жоспарда бар. Шара Мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап бүкіл Қазақстан бойынша әрекет ететін болады.
Сонымен қатар, А. Мұхамедиұлы Мемлекеттік бағдарлама жобасында визалық режимді ырықтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Мұнда «e-Visa» енгізілген тетігін оңтайландырудан, 72 сағаттық визасыз транзитті кеңейтуден шаралар кешені әзірленеді. Бұған қоса, e-Hotel жүйесін енгізу көзделген. Аталған шаралар елімізге шетелдік туристер ағынының ұлғаюын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, гид-аудармашылардың қызметіне бақылау күшейтіліп, оларды ЕО және ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша сертификаттаудың міндетті тетіктері енгізіледі.
Мемлекеттік бағдарлама пунктерінің бірі — бес жұлдызды стандарттар базасында орналастыру орындарын міндетті жіктеуді енгізу. Шара Қазақстанның туристік өнімдерінің қолжетімділігі мен сервис сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам болады.
«Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтқан – балаларды қолдау және олардың дамуына ықпал ету туралы үндеуіне толықтай сай келетін «KIDS GO FREE» тетігін енгізу ұсынылады», — деді мәдениет және спорт министрі.
Бұдан өзге, Мемлекеттік бағдарлама аясында республика шекараларында өткізу пунктерінің жұмысын жетілдіру, сондай-ақ Еуроодақ, Австралия, Таиланд, Сингапур және ТМД-ның кейбір елдері — Ресей, Беларусь, Грузия елдерінің тәжірибесі бойынша 2022 жылдан бастап «Tax Free» енгізу жоспарда бар. Осындай шаралардың арқасында көптеген дамыған елдер сауда айналымын ғана емес, шопинг-туристердің ағынын да ұлғайтты.