Экономика
Қаржы министрі өз міндетін дұрыс атқарып жүргеніне сенімді
ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өзінің міндетін жақсы атқарып жүрмін деп есептейді. Total.kz агенттігінің сұрақтарына жауап бере отырып, ол осындай мәлімдеме жасады.
-Әлеуметтік желіде Қазақстан үкіметін отставкаға кетуге шақырған үндеуге қол жиналып жатыр. Сіз қалай ойлайсыз, қазіргі министрлер кабинеті отставкаға кетуі қажет пе?
-Бұл - саяси мәселе.Әркім өз орнындағы мәселелерді шешеді.
-Яғни сіз өз міндетіңізді орындап жүрмін деп есептейсіз ғой?
-Иә, әрине.
Сондай-ақ, министр Сұлтанов қазақстандықтардың өмірі доллар курсының көтерілуіне байланысты өзгермейтіндігіне сенімді.
"Жалақыны біз бірнеше есе көтердік. Жалақының көтерілуі доллармен емес, еңбек өнімділігіне байланысты болуы қажет. Азаматтарымыздың барлық шығындары теңге күйінде болуы тиіс. Жалақы мен сатып алушылық қабілеті экономикадағы еңбек өнімділігіне байланысты болғандықтан қазақстандықтардың өмірі өзгермеуі қажет", - деген сенімділік білдірді министр.
Дегенмен елдің бас қаржыгері баға өсімі оның отбасының бюджетіне де әсер еткендігін мойындады. "Менің отбасымның шығындарына, әрине, әсерін берді. Біз де осында өмір сүреміз ғой", - деді ол.