Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Астана таксопарктері шығынға ұшырап жатыр

Астана таксопарктері шығынға ұшырап жатыр

Жолаушылар мобильдік қосымша арқылы таксиге тапсырыс беріп, әрі өздері қалаған бағаны қоюға мүмкіндік беретін қызмет түрі шықты. Ол қосымша Астана қаласының таксопарктеріне түсетін тапсырыс көлемін азайтып, алдағы уақытта штатты қысқартуға мәжбүр етіп отыр.

Қосымша былайша жұмыс істейді: сіз қосымшаны смартфоныңызға жүктеп аласыз да, тұрған жеріңіз бен баратын жеріңізді көрсетіп, бағасын белгілейсіз. Сіз қойған бағаға келіскен жүргізуші сізге өзі хабарласады. Кейде жүргізушілер 200 теңгеге де апаруға келісе береді. Ал, қалалық такси парктерінің ешбірі мұндай баға ұсына алмайды.

"Қосымшаны пайдаланып жүргеніме бірнеше апта болды. Шыны керек, көше аралап, қызмет ұсынған тиімдірек. Бәсекелестік күші мықты. Тапсырыс түскен соң санаулы секундтар ішінде жүргізушілер хабарласып үлгереді. Тұтынушылар бағасын өздері қояды. Мәселен, 200-300 теңге көлемінде, ал, негізі орташа баға бізде 500 теңге еді, - дейді жеке такси жүргізушісі Ерлан Көшкінбаевбаев. Оның айтуынша, мобилдік қосымшаны Астанада көбіне әйел адамдар пайдаланады.

Осылайша Астаналық таксопарк жүргізушілерінің тұтынушылары азайып, шығынға ұшырап отыр. Астана қаласындағы такси қызметінің бірі алдағы уақытта минимал 600 теңге тұратын жол ақысын 500 теңгеге түсіру мәселесін талқыға салатын болады, деп хабарлады Today.kz тілшісіне компанияның атқарушы директоры Гүлзат Алмажанова. Оның айтуынша, бұл шешімді шығару оңайға соқпайды. Мәселен, жақында ғана таксопарк орналасқан жерді жалға алу құны 20 пайызға қымбаттаған.

"Біздің жүргізушілеріміз де мобильдік қосымшаны қолданады. Тапсырыс түсіп тұрады, бірақ азайған. Осының әсерінен келісім шарттарын орындау қиынға соғып отыр. Жүргізушілердің көбі жалға жұмыс жасайды. Мысалы, 20 ай көлемінде 27 күннен қызмет атқарады, ай сайын 6 мың теңгеден төлеп отырады. Аталған уақыт өткен соң көлік жүргізушінің меншігіне өтеді", - деп түсіндірді Алмажанова ханым.

Аталған қосымша Қазақстан нарығын жаулап жатыр. 15 наурыз күні бұл қызмет Алматы қаласында іске қосылды. Келесі кезекте - Қарағанды қаласы. Қазақстан мен Ресейде қосымшаны жалпы саны 800 мыңға жуық адам жүктеген, дейді балама жүргізушілер қызметінің баспасөз-хатшысы Надежда Алексеева.

Похожие материалы