2011 жылы Сирияда азаматтық соғыс басталғалы бері екі жүз отыз мыңнан астам адам қайтыс болды. Он бір миллионға жуық сириялық мәжбүрліктен үйлерін тастап кетті.
Жер аумағынан әлем бойынша сексен сегізінші орын алатын елде нағыз дүрбелең болып жатыр. Башар Асадтың басқаруындағы ресми билік оппозиция өкілдерімен әрі Ирак пен Ливияның аумағын да жаулап үлгерген "Ислам мемлекет" террористік ұйымдарымен ұрыс жүргізуге мәжбүр. Өткен жылдан бері бұл қақтығысқа Америка Құрама Штаттары және осы жылдың отызыншы қыркүйегінен бері Ресей де қатысып жатыр. Мамыр айынан бері алысты жақынды көршілерімен көпвекторлы саясат ұстанушы Қазақстан да араласты.Астанада талқыланған тақырып қандай?
Қазақстан астанасына отызға жуық адам келді. Ресми ақпарат бойынша, олар Сириядағы түрлі оппозициялық күштердің басшылар мен төрағалары. Сондай ақ азаматтық қоғамдастықтардың өкілдері және тәуелсіз оппозиционерлер бар. Үкіметтік делегаттар келіссөздерге келген жоқ. Астанаға дейін осындай келіссөздер Мәскеуде өткен. Бірақ ол кезде ірі оппозициялық топтар "Сириялық ұлттық кеңес" пен "Ұлттық оппозициялық күштердің коалициясы" қатысудан бас тартқан еді. Олардың шарты бойынша келіссөздер қазіргі президент Башар Асад орнынан кеткенннен кейін ғана диалог жүргізуге болады.
Осыған дейінгі мамырдағы кездесуде сириялық оппозиция үкіметтің ары қарайғы жұмысын Башар Асадтың қатысуынсыз жүруі қажет деп мәлімдесе, бұл жолы мұндай ұсыныстар айтылған жоқ. Франциядағы саяси және сыртқы қарым қатынастар орталығының директоры Фабьен Буссар бұл конференция қазіргі сириялық режимге қатысты бағытталмаған деді.
Екі күндік кездесудің қорытындысы бойынша, Сирида 2016 жылы парламент сайлауын өткізу, елдің қорғаныс күштерін қайта реформалау, терроризмге қарсы біріккен фронт құру және елден барлық шетелдік топтарды шығару қажет деген декларация қабылданды. Ресейлік агенттік РИА "Новостидың" хабарлауынша, Астанадағы сириялық оппозиция арасында келіспеушіліктер байқалып, кейбір қатысушылар тіпті қорытынды құжатқа қол қоюдан бас тартқан. Агенттік Мәскеудегі Сирия елшісі Рияд Хаддадтың сөзіне сілтеме жасайды. Оның айтуынша, Дамаск Астанада өткен кездесуді Каир мен Стамбулдағы жиындармен бірдей деп есептейді. Отырыстарға көптеген оппозиция өкілдері қатысудан бас тартқан еді дейді ол. "Біз мемлекет ретінде ол келіссөздерден қандай да бір нәтиже күтпейміз",- деп мәлімдеді Рияд Хаддад. Айта кету керек, Мәскеуде өткен келіссөздерге ресми Дамаск өкілдері келген. Ал Астанадағы кездесулердің негізгі қатысушылары "Плюралистік қоғам үшін қозғалыс" және осы тәрізді өзге топтардың өкілдері еді.
Шын мәнінде оппозиция деген кімдер?
"Аяз ата мен Ақшақар бар. Оларды алып жүретін бұғылардың да бар екендігі де рас. Ал Сирияда оппозициялық билік жоқ. Ол болған",-деді Ресейдегі Таяу Шығыс институтының президенті Евгений Сатанов. Шындығында, Астанаға келген кімдер?
ИМ-ге (Ислам мемлекеті) қарсы әуе күштері басталмас бұрын Владимир Путин сириялық президент Башар Асад оппозиция өкілдерімен келіссөздер столына отыруға дайын екендігін мәлімдеді. Алайда бұл жерде сириялық оппозиция деген ұғымға түсінік беру керек. Елдегі оппозиция күштері түрлі идеологиялық платфомалардан құралған және түрлі демеушілері бар.
Елдегі ең ірі оппозициялық күш "Сириялық ұлттық кеңес". 2011 жылы құрылып, батыс елдері тарапынан халықаралық заңды күшке ие болды. Ал араб елдерінің Лигасы "Сириялық революциялық және оппозициялық күштердің ұлттық коалициясымен" жұмыс істеуді дұрыс көреді. Дегенмен екі режимде Башар Асад орнынан кетуі қажет деген мақсатты қолдайды. Бірақ араб елдері қолдап отырған топтар сириялық билікпен ешқандай да келіссөздерге бармайтындығын мәлімдеді.
Сирияда "Демократиялық өзгерісті қолдайтын ұлттық координациялық комитет" және "Жоғарғы күрд кеңесі" тәрізді өзге де топтар бар. Алайда шын мәнінде оппозиялық алаңда жоғарыда аталған ұйымдардың айтарлықтай беделі жоқ. Саяси аренада "ИМ" және "Ан Нусра" фронты тәрізді террорлық құрылымдардың ықпалы жоғары.
Қазақстанға қандай пайда бар?
Саясаттанушы Досым Сатпаевтың айтуынша, бұл Астананың қақтығысушы топтарды келіссөздер үстеліне отырғызуға тырысудағы бірінші қадамы емес. Осыған дейін елордада Үндістан мен Пәкістан көшбасшылар да кездескен еді. Ирандық ядролық бағдарлама бойынша талқылауда Қазақстанда өткен. " Қазақстан билігі сыртқы саясатта қақтығыстарды дипломатиялық бейбіт реттеуді қолдайтын мемлекет ретінде имидж қалыптастырып үлгерді. Мұның артықшылықтары көп. Бұл сириялық оппозицияға да қатысты. Барлығы да имиджік тұрғыдан Қазақстанның көбірек ұтқанын білдіреді, қанша дегенмен қандай да бір уақытқа өзіне назар аудартты",- дейді Досым Сатпаев. Дегенмен оның сөзінше, сириялық биліктің бұл келіссөздер процесінен бас тартуы жиын статусының төмендеуіне әсер етті.
"Қазақстанға өтініш білдірген сириялық оппозицияның бөлігі өз елінде ықпалды деген топқа жатпайды. Дегенмен де мен Сириядағы беделге келіссөздер жүргізуге дайын топтар емес, ИМ және "Ан Нусра" фронты тәрізді радикалды құрылымдар ие", - дейді Досым Сатпаев. Оның сөзінше, Астанадағы келіссөздер кезекті рет Қазақстанның Сирияда бейбітшілік орнауын қалайтындығын және алдағы уақытта да осындай жиындар үшін төрін ұсынуға дайын екендігін білдіреді.
Сондай ақ саясаттанушы сириялық оппозицияның бұл келіссөздері Астананың Украинадағы дағдарысты қалпына келтіруде уысынан шығарып алған мүддесінің орнын толтырады деген пікірде. Ол кезде "Минск көрпені өзіне тартып, келіссөздердің басты модераторына айналған еді".