Әдемі нөмірлерді енді интернет арқылы таңдап, сатып алуға болады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
"Бұл сервис Цифрлық даму министрлігінің "Smart Bridge" сервистер витринасында орналастырылған. Сервис мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған барлық интеграциялық платформаларда, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында да қолжетімді", деп жазады портал. Оның ішінде еGov мобильді қосымшасы да бар. Қосымшадағы Қызметтер - Жүргізу және көлік - Автокөлікке VIP нөмірге тапсырыс беруді басып, қажетті нөмірді таңдап, бос болған жағдайда ХҚКО таңдап, төлем жасауға болады. Көлік нөмірінің бағасы автоматты түрде шығып тұрады.
Polisia.kz жазуынша бұл қызмет алдағы уақытта еGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеттерде пайда болуы мүмкін.
Өткен жылдардағы талдауға сүйенген қызмет ұсынушы жыл сайын 20 мыңнан астам азамат ХҚКО-ға бармай-ақ онлайн-режимде VIP нөмірлерді таңдауға және брондауға мүмкіндік береді, деп болжап отыр.
Айта кетейік, өткен жылы қазақстандықтар 6 млрд теңгеге VIP-нөмірлер сатып алған.