Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстан эгоист болу керек пе?

Қазақстан эгоист болу керек пе?

Қазақстан жыл сайын республикалық бюджеттің 0,191 пайызын халықаралық ұйымдарға міндетті мүшелік жарна ретінде беріп отырады. Өткен жылы Қазақстанның бұрынғы сыртқы істер министрі (СІМ) Ерлан Ыдырысов жарна ретінде төленетін 33 млн долларды 55 млн долларға көбейтуді жоспарлап жатқанын мәлімдеген еді. Сарапшылар бюджетке салмақ салып отырған кей ұйымдардың қажеттілігін қайта қарастыратын уақыт жеткенін айтады.

Қазақстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 7kun тілшісіне елдің жүзден астам халықаралық ұйымға мүше екенін, оның 73-іне міндетті мүшелік жарна төлейтінін айтқан еді. 2017 жылдың басында шыққан ақпарат бойынша, Қазақстан 4 халықаралық ұйымға мүше ретінде 12 млрд теңге жарна төлейтінін белгілі болды. Саясаттанушы Расул Жұмалы халықаралық ұйымдар елдің абыройы үшін керек екенін, бірақ кейбірі ел экономикасы мен тәуелсіздігіне қауіп төндіретінін айтады.

- Барлық ұйымдар керек, не бәрі керек емес деуге болмайды, бұл біз секілді дамушы мемлекетке инвестиция үшін тартымды образ қалыптастыруға көмектеседі. Бірақ кейбір ұйымдар экономикалық мақсаттардан бөлек саяси мүддені алға қояды. Ал бұл экономикаға да, елдің тәуелсіздігіне де қауіп төндіреді, - дейді Расул Жұмалы.

Бұған дейін 2015 жылы депутаттардың алдында баяндама оқыған бұрынғы сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы мүшелік статусы өзгергенін айтқан еді.

- Біз жаңа категорияға көштік. Алушы елден донор елге айналдық, яғни табысы жоғары елдердің қатарына кіріп жатырмыз. Сондықтан әлемде бейбітшілік сақтауда жауапкершілігіміз артады. Өз кезегінде қаржылық шығындарымыз да еселенеді, - деген еді министр.

Соңғы 2 жылда Қазақстанның халықаралық ұйымдар шеңберінде басқа елдерге көмектесуі жиілеген. Мысалы, өткен жылдың ақпан айында Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстанға гуманитарлық көмек берді, 2016 жылы Қазақстан Қырғызстанға кедендік құрал-жабдық алуға 100 млн доллар берді. Бұған дейін де Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге дайындалып жатқан Қырғызстанға қайтарылмайтын 100 млн доллар берген. Кейіннен 2016 жылдың 24 қыркүйегінде Біріккен Ұлттан ұйымының 71-сессиясында сөз сөйлеген СІМ экс-министрі Ерлан Ыдырысов «Қазақстан Ауғанстанға мектеп пен аурухана, басқа да көмек үшін 50 млн доллар, ауғанстандық әскерді қолдауға 2 млн доллар бөлуді жоспарлап отыр» деп мәлімдеген. Одан бөлек, 2016 жылы Эфиопияға қуаңшылықпен күресуге - 50 мың доллар берсек, Украинаға уран өндіруге көмектестік.

Жалпы мұндай көмектердің барлығы халықаралық ұйымдар шеңберінде болып жатқандықтан, 7kun аталған ұйымдар Қазақстанға қажет я қажет емесін, ондағы талаптарға байланысты көмек беріп шығындалуы қаншалықты дұрыс екенін сарапшылардан сұрап көрген еді. Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбайдың пайымдауынша, халықаралық ұйымдарға мүшелікті геосаясат пен ұлттық мүдде секілді екі фактор анықтайды.

- Ол ұйымдарға кіру жөнінде бастама көтеріп, негіздеме жасағанда тиісті мекемелер оның ұлт мүддесі үшін қажеттілігін парламентке және басқа да құзырлы органдарға дәлелдей алды деп ойлаймын. Себебі, халықаралық ұйымдарға мүшелік мәселесі – бір ғана мекеме шешетін мәселе емес, - дейді сарапшы.

Бірақ, саясаттанушының пікірінше, заман өзгерген сайын сыртқы саяси басымдықтар да өзгеріп отырады, сондықтан бұрынырақта қабылданған шешімдерді қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізіп отыру да артықтық етпейді.

Саясаттанушы Расул Жұмалының пайымдауынша, кейбір ұйымдардың пайдасынан зияны көп.

- Халықаралық ұйымдар керек нәрсе-ақ. Бірақ кей ұйымдардың жұмысы әу баста біз көздеген мақсаттарымызға сәйкес келмей жатыр. Сондықтан қай ұйымның ұлттық мүддесі бізге қарсы, соларды қайта қарастырып, керек емесінен шығу керек. Оның ішінде аймақтық халықаралық ұйымдар – ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақты айтар едім. Олардан пайдадан гөрі, зиян көп келіп жатыр. Негізгі экономикалық мүдделерден Ресейдің саяси ықпалы басым түсті. Ал бұл біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қатер, - дейді сарапшы.

Бірақ экономист Жарас Ахметов аталған ұйымның қажет екенін, тек біз Еуразиялық экономикалық одаққа тым тез әрі өзімізге ыңғайлы емес уақытта кіргенімізді айтады. Оның айтуынша, мәселе ЕАЭО-да емес, ондағы біздің не істей алатынымызда. Маман «біздің ондағы мүмкіндіктеріміз біз ойлағандай кең болмай шықты» дейді. Экономист 7kun-нің «неге Қазақстан өзіне тиімсіз болып отырған ұйымнан шығып кетпейді?» деген сұрағына  «қазір ол ұйымнан шығып кетсек, Ресеймен сауда-саттық жағдайы нашарлап кетуі мүмкін» деп жауап берді.

Айта кетейік, 2016 жылы желтоқсанның 23-інде Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Ресейде жыл сайын журналистердің қатысуымен өтетін конференцияда Еуразиялық экономикалық одақ жайлы сұрақтарына жауап берген. Владимир Путин одаққа жаңа қосылған Қырғызстанда біраз мәселе бар екенін және Қазақстанның алдағы уақытта көмектесетінін мәлімдеген еді. Кейіннен желтоқсанның 29-ында Қазақстан Қырғызстанға кедендік техника сатып алуға 100 млн доллар беретіні белгілі болды. Аталған жаңалық желі қолданушыларының арасында біраз талқы тудырды. Олар  «өз халқымыздың жағдайы мәз емес, неге біреуді жарылқаймыз?» деп бағаласа, бірі «біз төлеген салықтың пайдасын өзіміз емес, басқа мемлекет көріп отыр» деп көмек берген үкіметті айыптайды. Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай қайтарымсыз гуманитарлық, қаржылай және басқа да көмек – ол сыртқы дипломатияның маңызды бір бөлігі, ол көбіне түрлі қиындықтарға тап болған елдерге берілетін бір реттік көмек, былайша айтқанда «садақа» міндетін атқаратынын айтады.

- Бұл – қайтарымсыз көмек болғанымен, оның стратегиялық мақсаты болуы мүмкін. Мәселен, Ауғанстанның студенттерін оқыту, басқа да гуманитарлық көмектер көрсету арқылы біз ондағы жағдайды тұрақтандыруға ат салысамыз. Сол арқылы іргеміздегі жағдайдың жақсаруына үлес қосамыз, - дейді сарапшы.

Саясаттанушы Айдос Сарым да мұндай гуманитарлық көмектер орынды екенін, тек үкіметте ашықтықтың болмауы осындай наразылықтардың тудыратынын айтады.

- Негізінен мұндай көмектерді бекер деп айта алмаймын. Бұл мәселенің алдын алу, мысалы ертең сол елдерде жағдай нашарлап кетсе одан да көп шығынға ұшыраймыз. Халықтың көмек беруге наразы болуы биліктің түсіндірмеуінен болып отыр. Министрлік қанша қаражат қай елге не мақсатта беріліп жатқанын ашық талқылап айтуы керек, - дейді саясаттанушы.

Қазақстан 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымы елдерінің қатарына қосылды. Осылайша ол БҰҰ бастамасымен халықаралық серіктестікті дамыту мақсатында  құрылған барлық арнаулы органдар мен бағдарламалардың, агенттіктердің мүшесі атанды.  Жыл сайын халықаралық ұйымдарға төленетін жарна көлемі ұйымдармен серіктестік жөніндегі ведомствоаралық арнаулы комиссияның отырысында бекітіледі.

Похожие материалы