Экономика
Қазақстан Каспийдің биоқорын пайдалану туралы келісімді бекітті
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің судағы биологиялық қорын сақтау және тиімді пайдалану туралы келісімді бекіту туралы заңға қол қойды деп хабарлады жұма күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Келісім 2014 жылдың 29 қыркүйегінде Каспий жанындағы мемлекеттердің - Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан елдерінің үкіметтері арасында жасалды.
Құжатқа сәйкес теңіздің судағы биоқорын - бекіре тұқымдас балықтарды, шабақтарды, итбалықтарды, сонымен қатар осы тізімге қосымша енгізілген балық түрлерін сақтау және тиімді пайдалануға арналған ортақ комиссия құрылады.
Бекіре тұқымы бойынша коммерциялық кәсіп комиссия бекіткен орындарда жүзеге асырылады, бұл ретте әр мемлекет кәсіптерінің дәстүрлі әдістері ескерілетін болады.
Келісім бойынша, егер елдердің бірі өз квотасын толық игере алмай жатса, ол ел квотасының қалдығын басқа төрт елге ұсыну құқығына ие.