Қазақстанға ойыншық қайдан келеді?
Статистика бойынша, Қазақстанға ойыншық тасымалдаушы елдердің алдыңғы қатарында Қытай тұр, одан кейін Ресей, Польша және Біріккен Араб Әмірліктері. Ойыншық нарығында көш бастап тұрған Қытай тауарлары бүгінде базарларды жаулап алды десек те болады. Алматы қаласындағы барахолка базарындағы сатушылардың сөзінше, өнімдердің 90% дерлігі Қытайда жасалынған ойыншықтар екен. Қала ішіндегі сауда орындары көбіне осы барахолкадан алып-сатумен айналысады. Ал отандық ойыншықтар жоқтың қасы. Базарды аралап жүріп, бірнеше ғана шағын кәсіпорындардың ойыншықтары көзге түсті. Көк базарда Ресеймен, Польшамен байланыс жасап, тікелей жеткізілетін ойыншықтар да бар болып шықты. Тіпті Біріккен Араб Әмірліктерінің де ойыншықтары да кездеседі екен. Әрине, өте сирек. Сәйкесінше, олардың бағалары да қымбат. Дегенмен ойыншық өндіруші компаниялар әр елден болғанымен, олардың өнімдерінің 70 пайызы Қытайда жасалады. Мысалы, Mothercare компаниясының ойыншықтары. Польша мемлекетінің маркасы болғанымен, өндіретін Қытай. Сол сияқты Marwin, Lego, Hasbro, Mattel секілді әлемдік фирмалардың ойыншықтарын да Қытай құрастырады. Неліктен зауыттары Қытайда? Біріншіден, арзан жұмыс күші. Екіншіден, салық төлемінің төмендігі. Одан бөлек, экология, қоршаған ортаның ластануы, жұмысшыларды медициналық сақтандыру сияқты қызметтер ол жақта әлдеқайда арзан. Қытайда қазіргі уақытта ойыншық жасайтын 8000-нан астам компания бар. Және олар жылына ойыншықтың 30 мыңнан астам түрін шығарады екен. Ойыншықтар нарығына келетін өнімдердің тағы бірі – ойыншық өндіруші компаниялардың ресми тауарлары. Дегенмен бізге түпнұсқа өнімдері емес Қытайда және өзге елдерде дайындалған фирмалық нұсқалары келеді. Оларды Мега, Арбат, Детский мир үлкен сауда орындарынан сатып алуға болады.Отандық өнімдер бар ма?
Көк базардағы шағын дүкеннің саудагері: «Шет елдік ойыншық фирмаларымен ресми жұмыс істейміз. Олардың арасында қазақстандық «Жаңа Нұр», «Toy бала», «Континент» ойыншық компаниялары да бар. Тек арасында эксклюзив тауарларды барахолкадан алып келуімізге тура келеді»,-дейді. Отандық өнім сапасы жағынан жақсы болғанымен, бағасы қымбат болғандықтан өтімділігі аз. Яғни, қолы жеткендер ғана сатып ала алады. Отандық ірі ойыншық өндіруші – «Бал-Бала» компаниясы. Олар нарыққа қазақтың ұлттық фольклорының кейіпкері Алдар Көсе, Тазша бала, Күлекеш сияқты қуыршақтарымен қатар, Қарақат Әбілдинаның бейнесіндегі қуыршақты шығарады. Компания өкілдері, отандық тауарлар шетелдік өнімдермен бәсекелесу әбден мүмкін деп есептейді. Дегенмен "Бал-Баланың" өнімдері де Қытайдың зауыттарынан келеді. "Біздің ойыншықтар таза. Сондықтан, ол арзан бола алмайды. Қазір әлемде қолданылатын ойыншықтардың 95 пайызы Қытайда шығарылады. Өйткені, онда барлық мүмкіндіктер бар. Үлкен зауыттар жұмыс жасайды. Біз де Америка мен Еуропаға жұмыс істеп компаниямен келісімшарт түздік. Бренд біздікі, идея біздікі болса, оның қайда шығарылғаны маңызды емес", - деген еді бұл туралы Қыдырәлі Болманов. [caption id="attachment_55710" align="aligncenter" width="600"] Фото:astana.kz[/caption] Осы жылдың ақпан айында Шымкентте пластикалық ойыншықтар шығаратын цех ашылған. Әзірге онда балалар жүк көлігінің бірнеше түрі және лего құрастырғыштары шығарылады. Сайттағы ақпаратқа сенсек, Қазақстанда жасалған шағын жүк көліктерінің бағасы 400 теңгеден бастап 1000 теңгеге дейін. Ал балалардың өздері отырып, басқаруына лайықталған көліктер 2800-3000 теңге тұрады екен. Цех басшылығы ойыншықтардың барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай екендігін және бала денсаулығына ешқандайда қаупінің жоқтығын айтады. Кәсіпорын өнімдері, әзірге Алматы, Астана, Қарағанды және Шымкент қалаларына таралады. Navruz Plastik ойыншық фабрикасының иесі Рабиға Байтемірованың сөзінше, отандық өнімдері толығымен бәсекелестікке дайын. Ойыншықтардың өндірісіне қатысты барлық сертификаттар бар, тауарлардың барлығы да Қазақстанда өндіріледі. Бағаны кәсіпорынның өзі белгілейді. Әзірге шығынды толығымен ақтайды. [caption id="attachment_55711" align="alignnone" width="800"] Фото:Otyrar.kz[/caption] Баға неге жоғары? Өндіруші неге аз? Қазақстандағы балалар тауарлар нарығы - импорт нарығы екендігін Балалар тауарлары өндірушілерінің қауымдастығы да жоққа шығармайды. Ұйым өкілінің сөзінше, жалпы балалар өнімдерінің 2 пайызы ғана отандық өндірушілерден шығарылады. Дегенмен соңғы уақытта балалар киімдері, баспа өнімдері және ойыншықтар өндірісі ақырындап алға жылжып келеді дейді ол. Оның айтуынша, бұл нарықтағы басты проблеманың бірі - көлеңкелі импорт. Қазақстандағы контрафактілі экспорт шамамен 30%-ды құрайды. Әсіресе, киімдер, аяқ киімдер және ойыншықтар айналымындағы үлесі жоғары. Сондай-ақ сапасыз импорт тауарларының көбеюі де қосымша проблема болып отыр. Елімізге шетелдерден, әсіресе, Қытайдан келетін сапасыз балалар өнімдері ұлғайып келеді. Бірақ көбінде отандық сатушылар тауар таңдағанда бағаны назарға алады. Балалар тауарының кең таңдауын ұсынатын отандық кәсіпкерлердің, ресми дистрибьютерлердің сапа бойынша барлық сертификаттары болғанымен, жеке кәсіпкерлерге қарағандаға бағалары тым жоғары. Отандық өндірушілер аз болғандықтан да ішкі бағаға ықпал ету жеңіл емес. Шекараны "өз беттерінше" кесіп өтетін жеке кәсіпкерлер тауарды тек бағасына қарап таңдайды және түрлі жолдар арқылы тексеруден де жалтарып отырады. Ал отандық өндірушілер неге аз? Қауымдастық өкілінің сөзінше, ішкі нарық шағын. ЕАЭО-ға енгеннен кейін ҚР-дағы өндіріске импульс бергендей болды, бірақ еліміздегі шикізат нарығының жеткіліксіздігі кедергі келтіріп отыр. Барахолка мен көк базарды аралай жүріп, ойыншықтар бағасын сараптауға тырыстық. 3 жастағы балаларға арналған ойыншық машина мен қыз балаларға арналған қуыршақ бағасы 3 түрлі айырмашылық көрсетті. Жаңа жыл қарсаңында жиі сұранысқа ие болатын балаларға арналған жаңа жылдық костюмдер. Базарда костьюмдердің фирмалықтан бөлек қолдан тігілген нұсқалары да бар екен. Сатушылардың айтуы бойынша қазір жан-жануарлардан қарағанда, мульфильм кейіпкерлерінің киімдері өтімдірек екен. Сөреде ілініп тұрған кілең шет елдік кейіпкерлердің ішінен қазақ батырының костьюмы көз қуантты. Алайда оны да тігетін Қытай екен. Бағалары 2000-3500-4000 теңге аралығында. Бұған салыстырмалы түрде Bambolo Еуропалық карнавалдық костьюмдерін алдық. Олардың бағасы 10000 теңгеден бастап 30000 теңгені құрады. Барахолка базарын аралап жүріп бір ғана отандық ойыншық көзге түсті. Ол Алматы облысында өндірілетін «Көкшолақ» тербелмелі ойыншық аттары. Бір және одан жоғары жастағы балаларға арнайы жасалған. Саудагерлердің айтуы бойынша, сапасы жағынан өте жақсы, және ішіне таза мақта салынғандықтан балалар денсаулығына ешқандай зиянсыз. Өнім бағасы базарда 12000 теңге болса, дәл осы ойыншық интернет-дүкендерде 17000 теңгеден бастап сатылады екен. Ал қытайдың жұмсақ ойыншықтарының сапасы орташа, сәйкесінше бағасы да арзан.Мөлдір Иманмәди "7"