2014 жылдың қаңтар айында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында электромобильдерді көлік нарығына енгізу және оған сай инфрақұрылымды қалыптастыру туралы тапсырма жүктеген. Осыдан бірнеше күн бұрын Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «СарыАрқаАвтоПром» автоқұрастыру кәсіпорнында болды. Жалпы, екі жылдық жұмыстың қорытындысы қандай? Қазақстан электромобильді көліктер үшін жағдай жасап жатыр ма? Халық мұндай көліктерге көшуге қаншалықты қабілетті?
Электромобильдің нарыққа келуі
Қазақстанда электромобильді көліктерді нарығына кіргізуге 2014 жылдан бастап күш сала бастады. 2014 жылғы қазанның 23-інде Жапония мен Қазақстанның мемлекеттік және жекеменшік секторлар комиссиясының біріккен отырысында Кәрім Мәсімов инвестициялар және даму министрлігінің сол кездегі министрі Әсет Исекешовке электромобильдерді дамытуды тапсырған еді. Кейіннен аталған министрліктің машина жасау бөлімінің басшысы Серік Рахымов «2014 жылдың желтоқсанында алғашқы электромобильдер құрастырылып, 2015 жылдың ортасында сериялы өндіріс тұрақталады» деп мәлімдеген. Нәтижесінде, 2015 жылы Өскеменнің «Азия авто» зауытында KIA Soul EV көлігі құрастырылды. Термобақылау жүйесі арқылы жұмыс істейтін электрокар қаңтар-ақпан айларында -25 градус шамасындағы суық температураға төзімділігі тексерілді.
[caption id="attachment_47921" align="alignnone" width="800"] Фото: inform.kz[/caption]Халықты тарту шаралары
2015 жылы, «Азия авто» компаниясының статистикасына сәйкес, Қазақстанда 200 электромобиль болған. Халықты аталған көлік түріне қызықтыру үшін электромобильдерді зарядтау бекеттерін салатын «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС «алғашқы уақытта зарядтау тегін болады» деп мәлімдеген еді.
Сонымен қатар, жанармаймен жүретін кәдуілгі көліктерді тіркегенде алынатын жарна электромобильдер үшін екі есе аз болады, әрі көлік салығын төлеуден босатылатыны айтылған еді. Ал Алматы әкімдігінің өкілі Айдын Керімбек «жуырда қаланың көлік жүйесін реттеу үшін енгізілген ақылы көлік тұрақтары электромобиль үшін тегін болады» деп мәлімдегені бар.
Бірақ әлемдік тәжірибеде бәрі басқаша. Қытайда электромобиль бағасының 14, 5 мың долларын, электр күшімен жүретін автобустардың 82 мың долларын үкімет төлейді. Жапонияда көліктің бастапқы бағасын үштен бірге арзандатып сатады. АҚШ азаматтарына электрокар бағасының 25 пайызын, ал Эстонияда 50 пайызын жеңілдіктен алуға дотация иемдену құқы берілген. Сондықтан аталған елдердің нарығында бұл көліктер жанармаймен жүретін көліктерге бәсекелес бола алады.
«Бағасы тым қымбат»
Қазақстанның тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков қазақстандықтар электромобильдерді еуропалықтар секілді жаңа технологияның жетістігі, я көлік құралы ретінде емес, өзінің дүниесін көрсету тәсілі ретінде көретінін айтады.
Біздің сайтқа берген жауабында тәуелсіз одақ жетекшісі электрмобильге қатысты біраз мәселенің басын ашып алу керек екенін айтады. «Біріншіден, халық электромобильдерге байлықтың символы ретінде қарау себебі – қымбат бағасында – көлікті екінің бірі ала алмайды. Өйткені бір зарядпен үш жүз шақырымға жуық қашықтықты жүріп өте алатын Тесланың бағасы 80 мың доллардың шамасында тұрады. Одан бөлек, өзіміз құрастырып жатқан электромобильдердің бағасы да халыққа қолайлы деп айта алмаймын. Мысалы, Kia Soul EV көлігі шамамен 40 мың АҚШ доллары тұрады. Орта есеппен, құны 10 – 15 мың доллар көлемінде көлік сатып алатын халық электромобильге көшіп кетеді деген сену және қиын», - дейді сарапшы.
[caption id="attachment_47919" align="alignnone" width="640"] Фото: Азия авто[/caption]Оның үстіне, Қазақстан автобизнес ассоциациясының ақпаратына сәйкес, 2016 жылы жалпы көліктердің сатылымы 46 пайызға азайған. Сонымен бірге, қарапайым тұрғындар мен сатушылар 2015 жылға қарағанда осы жылы елімізге көлікті 17 есе аз алып келсе, ресми дилерлер 2,4 есе аз сауда жасаған.
Ал «Азия Авто» АҚ президенті Ерік Сағымбаев бір белгілі басылымға берген сұхбатында баға тікелей сұранысқа байланысты болғандықтан, Қазақстанда құрастырылатын көліктердің құнын айтудан бас тартқан. Дегенмен, шет елде танымал боп үлгерген Kia Soul EV АҚШ-та – 33,7 мың мен 35,7 мың доллар, Канадада 34, 9 мың мен 37,9 мың доллар шамасында тұратыны бізге белгілі.
[caption id="attachment_47917" align="alignnone" width="720"] Фото: Баспасөз қызметінің мұрағаты[/caption]Салыстырмалы түрде, АҚШ-тағы ең тиімді электрокар Smart Electric Drive көлігінің бағасы 26 мың – 31 мың доллар арасында. Бағасы одан қымбаттау Mitsubishi i-MiEV - $27 998, Nissan Leaf –$31 798 – $38 548 аралығында, Ford Focus Electric көлігі - $36 199 - $37 199 деп бағаланған.
«Саны нақты емес»
«Азия Авто» АҚ президенті Ерік Сағымбаев бір сұхбатында «Бүгінде Қазақстанда электр күшімен жұмыс істейтін көліктердің саны мыңға жуықтады» деп айтқан. Ал Алматы әкімдігінің өкілі Айдын Керімбек 12 шілдедегі сұхбатында «біздің мегаполисте 42 электромобиль тіркеуде тұр» деген болатын. Қазақстанның тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков «Ірі қаланың өзінде 42 көлік қана тіркелсе, мыңға жуық электрокарлар қайдан жиналады?» деп, нақты саны белгісіз екенін айтады.
Электрокарларға жасалған жағдай
Одан бөлек, одақтың жетекшісі, зарядтау мәселесін қозғады. Оның айтуынша, электрокарды зарядтауға шамамен 8-12 сағат кетеді, ал үлкен қуатпен жарты сағат ішінде зарядтайтын жерлер саны тым аз, мысалы Астана бекеттер енді салынып жатыр, Алматының өзінде бір-ақ жерде бар.
Кіші Уильям Клэй Форд Қазақстанда жасалатын көліктер нарыққа ене бастағанына қуаныш білдіріп, нарықта кең таралуына жасау керектігін айтқан болатын. Отандық электромобильдерді құрастырумен айналысатын AllurGroup компаниясының президенті Андрей Лаврентьевтің айтуынша, егер осындай көліктерді жергілікті жағдайларда бейімдей бастасақ, Қазақстан электромобильдерді қатты жел мен -40 градус температурада сынаған әлемдегі алғашқы ел болады.
Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»