Қазақстандықтар өз автокөліктерінің техникалық байқаудан өту мерзімін SMS арқылы біле алады. Бұл жөнінде "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.
Ол үшін 414 нөміріне "Техосмотр" сөзі мен автокөліктің мемлекеттік нөмірі жазылған хабарлама жіберуіңіз керек. Смс-хабарламалардың мәтіндерін мынадай қылып жазуға болады: "Техосмотр авто нөмірі", "Techosmotr авто нөмірі", "Tehnikalyk baikau авто нөмірі", "8 авто нөмірі". Осыдан соң жүргізушілерге техникалық байқау мерзімі туралы ақпарат смс түрінде келеді.
Қызметті пайдаланған кезде қолданушы тек қана смс-хабарламаның құнын ғана төлейді, яғни жеті теңге. Және айта кетер бір жәйт - аталған қызметті пайдалану үшін автокөлік иесі eGov.kz мобильдік Үкіметінде тіркелген болуы тиіс.
Сондай-ақ, мобильдік үкімет қолданушысы техбайқаудан өту туралы SMS және PUSH-ақпараттар алуға жазылуына болады. Жазылым автокөлік иелеріне өз уақытынан кешіктірмей техбайқаудан өтуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетсек, 2014 жылдың 20 қазанынан бастап жеңіл автокөліктердің техникалық байқаудан өту мерзімі 4 жылға дейін ұзартылған болатын.