Экономика
Қазан айында жүк тасымалдаушы көліктерге 22,5 млн теңге айыппұл салынды
Алматы. 9 қараша. 7kun.kz - 1 қазан – 1 қараша аралығында Инвестициялар және даму министрлігінің қызметкерлері «Абайлаңыз, қауіпті жүк!» акциясын өткізді деп хабарлайды ИЖД министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазан айында Қазақстан территориясында қауіпті жүгі бар 1018 автокөлік құралы тексерілді. Атап айтқанда, жүкті тасымалдау шарттары, қажетті құжаттар, көлік құралының техникалық жағдайы, жүргізушілердің еңбек және тынығу тәртібін ұстануы тексерістен өткізілді.
Тексерілген 415 автокөліктен заң бұзушылықтар анықталған. Оларға 22,5 млн теңге айыппұл салынды. Автожолмен жүріп өту алымы 2,7 млн теңгені құрады. Заң бұзушылықтардың 377-сін қазақстандық тасымалдаушылар жасаса, 38-ін шет ел тасымалдаушылары өз мойынына алған. 2016 жылдың сәйкес кезеңінде өткен акцияда тексерілген 1203 автокөлік құралының 221-нен заң бұзушылық анықталған еді. Ал, одан бір жыл бұрын 1220 көліктің 169-ында заң бұзушылық болған. Нәтижесінде 2016 жылы жазылған айыппұл сомасы 12,1 млн теңгені құраса, ҚР территориясымен автокөлік құралдарының арнайы рұқсаттамасыз артық салмақ параметрлерімен өткені үшін салынатын алым 2,7 млн теңгені құраған (сәйкесінше 2015 жылы – 12,9 млн теңге және 1,9 млн теңге).
Айта кету керек, жүк тасымалдау (сақтау, арту, түсіру) кезінде жарылысқа, өртке, ғимараттар мен құрылыстардың зақымдануына себеп болатын, сонымен қатар, адамдардың, жануарлардың өліміне, жарақат алуына немесе сырқаттануына әкеп соқтыратын, қоршаған ортаға зиян келтіретін кез келген материал немесе қалдықтар қауіпті жүктерге жатады.
Бұған дейін Қазақстанда тіркелген автокөліктердің саны артқандығы туралы ақпарат шыққан еді.