Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бағдат Қожахметов: Отандық телевизия соңғы 3-4 жылда қазақыланды

Бағдат Қожахметов: Отандық телевизия соңғы 3-4 жылда қазақыланды

Қазақстандық телеарна нарығының халі қандай? Қай бағытта дамуда? Отбасылық телеарна құру идеясы жүзеге асты ма? Телеарналарға аутсорсинг керек пе? Бүгінгі тележурналистиканың басты проблемалары қандай? Назарларыңызға «31 арнаның» бас директоры Бағдат Қожахметовпен сұхбатты ұсынамыз.

Бағдат Болатжанұлы, бренд мамандары «Отбасымен бірге көрейік» сәтті слоган дейді. Ұран жақсы, бірақ отбасылық арна болу мақсаты қалай жүзеге асуда?

– Енді барлығы бірдей отбасымен түгел отырып қарауға арналған деуге келмес. Дегенмен, көпшілігі бірлескен көрілімге лайықталған. Біз мейлі өзіміз түсірейік, мейлі дайын өнімді алайық, басты талапқа сай ма, соны тексереміз. Яғни, біздің шартымыз – отбасымен бірге көруге келуі керек. Себебі, анасы мен баласы бірге отырып тамашалай алмаса, бірінен-бірі ұялып көруге мүмкіндік болмаса, оның несі отбасылық көрілім болады, айтыңызшы? Қайын атасы мен келіні, әжесі мен немересі еш қымсынбастан көруге тұратын дүние болса, қанеки. "Отбасымен бірге көрейік" деген слоганның мәні осында.

Отбасылық арна болған соң ба, соңғы кезде әзіл-сықақ бағдарламаларыңыз көбейді. «Алдараспан» сияқты театрлардың актерлері эфирге шығып, ескі әзілдерін қайталап ұсынып жүрсіздер. Бұл арзан, шығынсыз бағдарламамен эфирді толтыру ма, әлде көрермен сұранысы солай ма?

– Осыдан екі жарым жыл бұрын NeedScope деп аталатын зерттеу жасадық. Ол – көрермен кез-келген телеарнадан не күтеді деген сұраққа толық жауап беру. Зерттеу барысында біз бір қызыққа тап болдық. Қазақтандық көрермендер көбіне отбасымен бірге теледидар көруге ынталы. Енді осының ішіндегі тек қазақ көрермендерді алып қарасақ, олар тек үш түрлі жанрдағы бағдарламаларды көреді: әзіл-сықақ, музыка және мелодрама. Халықтың талғамына сәйкес, біз де солай ыңғайласамыз. Бұл бір жағы болса, екінші жағынан алғанда, сөзіңіздің жаны бар. Иә, мұндай бағдарламаларды жасау кезінде шығын азырақ. Елімізде қанша әзіл-сықақ театрлары болса, соның барлығы «31 арнадан» орын тапты. Әрине, енді көрермендер ренжуі мүмкін әзілдер қайталана береді, оның үстіне жарнамасы да көп деп. Бұл әрине біздің кемшілігіміз. Олқылықтардың орнын жөндеуге тырысамыз.

Мүмкін, басқа бағыттағы бағдарламалар керек шығар. Мысалы, қаржы дағдарысы туралы жиі естіп жүрміз. Қаржы-қаражат туралы контент сұранысқа ие болуы мүмкін.

– Бұл бағытта ойландық, әрине. Жасап та көрдік. Бірақ, көрермен «31 арнадан» ондай бағдарлама күтпейді екен. Бізден тек ойын-сауықтық, отбасымен бірге отырып көретін, демалатын бағдарлама көргісі келеді. Яғни, көрермен эмоцияға толы, не күлдіретін не жылататын дүниеге әуес. Ақпараттық сарындағы бағдарлама әзірше біреу – «Информбро». Оның ішінде өз айдарлары бар.

12170713_730072007123146_1937169988_n

Жақында жаңа маусымды бастадыңыздар. Қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Биылғы жылдың басты ауыз толтырып айтарлықтай жобасы – «Бурабай әзілFest». Қазақ телевизиясының тарихында біз алғаш рет әзіл-сықақ саласында марапат ұсынып, 5-6 күндей Бурабайда түсірілді. Көрермендер қыркүйектен басталған жобаны жаңа жылға дейін тамашалайды.

Тағы бір маңызды жаңалық, өзімнің ұзақтан бергі арманым – "Айтыс алаңы" бағдарламасы. Алғашқы күннен-ақ, көрерменнің жүрегінен орын алып, жоғары рейтинг жинап жатыр. Бәріңізге белгілі «Салмақхана» жобасы биыл да қолға алынып, жаңартылған нұсқасы шықты.

Тағы бір айта кетерлігі, 5 телехикая түсіріп жатырмыз. «Нархоз» атты орыс тіліндегі телехикая көрерменге жол тартты. Одан бөлек, қазақ тілінде тағы да 3 сериал бар.

31 арна акциясының 20 пайызы «СТС медиаға» тиесілі. Көпшілігі бұл компанияны ресейлік деп санайды. Жалпы, «СТС медианың» ақпараттық саясатқа қаншалықты ықпалы бар? Ірі медиахолдинг инвестиция салудан басқа 31 арнаға не берді?

– Жоқ, ақпараттық саясат тұрғысынан ықпал етпейді. Өйткені бизнес мүдде басым деуге болады. «СТС медиа» – халықаралық корпорация. Оның бізге беретін басты көмегі халықаралық жоғары дәрежедегі технологиялық және басқару жүйелерін енгізеді, тәжірибелерімен бөліседі. Телеарнаны коммерциялаудың арнайы технологияларын үйретеді. Соның арқасында 31 арна коммерциялық тартымды арна болып есептеледі.

Коммерциялық тұрғыда тартымды болғандықтан шығар, 31 арнада жарнама қымбат, мысалы ақылы бір сюжеттің құны шамамен 1 760 000 шамасында деп естідік. Бұл қазақстандық нарық үшін қаншалықты дұрыс баға?

– Дұрыс естімеген екенсіздер. Бір сюжет 2 миллион теңге тұрады. Нарықтың ережесіне сәйкес ұсыныс пен сұраныстың нәтижесінде баға қойылады. Сатып алушылар осы бағаға қанағаттанып, ол аз болғандай кезекке тұрады. Арасында мынаған береміз, мынаған бермейміз деп ойланып қалатын да кездер болады. Неге десеңіз, сұраныс жоғары. Мәселен, «Информбюродан» шығуға екінің бірі қол жеткізе алмайды. Тіпті қанша жерден ақшаңда қалтаң болса-дағы. Ал, енді жарнамаға қатысты айтар болсам, біз елден, мемлекеттен, құрылтайшыдан ақша алмаймыз. Ақша тек қана жарнама арқылы келеді. Жарнама берушілер тек қана көрермені көп деген арнамен ғана жұмыс істейді. Сондықтан, жарнама көп деген реніш болмауы керек. Егер сол жарнама болмаса, біздегі бағдарламалар да шықпас еді. Қазақстандағы үздік телеарналардың жарнамасын салыстырып қарайтын болсақ, бәрінде бірдей. Сағатына үш жарнамалық блок шығады. Ұзақтығы – 3 минуттан 6 минутқа дейін. Мұның барлығы заңға сәйкес жасалады.

Жоғарыдағы СТС медиа туралы сұрақты қойғаным, біздің елде Ресейлік БАҚ-тың үстемдігі басым деген пікір бар. Бұл туралы бірде өзіңіз де "қазақша бағдарламаны көбейтіп едік, көрермен ресейлік арнаға көшті" деген пікір білдіріп едіңіз.

– Қазақ телевизиясы соңғы 3-4 жылда кәдімгідей қазақыланды. Бірақ, күнделікті жүргізілетін теле-зерттеулер нәтижесі сәл қисықтау шығып отыр. Қазақстанның 70 пайыздан астамы қазақтар. Ал, біздің зерттеулеріміз тұрғындар саны 100 мыңнан жоғары қалаларда өткізіледі. Ондай қалалар саны Қазақстанда – 22. Сол 22 қалада ғана зерттеледі. Енді солардың ішіндегі қазақтардың үлесі бар болғаны 56-ақ пайыз. Біздің зерттеу панелімізге сол көлем ғана енеді. 56 пайыздың тек жартысы ғана қазақша біледі. Сол жартысының жартысы ғана қазақ тіліндегі хабарларды көреді. Демек, қанша жерден мықты «супер-бағдарлама» жасасаңыз да, ауқымы максимум 15 пайызға тең болады. Ал, соны орыс тілінде берсеңіз, 100 пайызға жетеді. Болашаққа деген үмітпен, бәрінің жақсы болып кететіндігіне сенетіндер қазақ тілінде жасайды. Ондай арналардың ішінде біз де бармыз. Енді бір он жылдан кейін Қазақстанда 25 миллион адам тұратын болса, соның кем дегенде 85-90 пайызы қазақтар болады. Алдағы 5-6 жылда қазақша бағдарлама көретін көрермен саны 50 пайызға дейін көтеріледі деп сенемін.

2014 жылы телеарна нарығындағы бір жаңалық – мемлекеттік арналар штатын қысқартып, бағдарламаларды аутсорсингке берді. Бұл қаржылық тұрғыда өзін ақтағанымен, бағдарлама сапасын түсірді деген сыни көзқарас бар. Бұған қалай қарайсыз?

– Бағдарлама сапасын түсіреді дегенге үзілді-кесілді қарсымын. Аутсорсингте кәсіби мамандар жұмыс істейді. Коммерциялық арна болғандықтан ерте көшкенбіз. Монетизацияға енді шығып, пайда табуға болатынын енді білген арналар аутсорсинге ауысуда. Бұл қаржы жағынан өзін ақтайды.

_MG_5059

31 арнада аутсорсингтегі бағдарламалардың үлесі қанша?

– Барлығы дерлік аутсорсингте. Тек «Информбюро» ғана өзімізде дайындалады. Ал қалғандары продакшндардың мойнында. Шығын аз болу үшін біз өз камераларымызды, адамдарымызды қосып береміз. Аутсорсингке бердім, болды деген әңгіме жоқ. Продюсер, оның тобы сол бағдарламаның жанында жүреді. Соның нәтижесінде көрерменге кәсіби, жоғары деңгейде дайындалған бағдарлама жол тартады. Аутсорсингке бұрыннан бері ауысу керек еді. Айтқанымдай, қазақстандық арналар мұны енді түсініп, ұғына бастады.

Теларналардың рейтингін анықтайтын «TNS Gallup Media Asia» агенттігінің жұмысын көп сынайды. Обьективті емес деген пікірлер бар. Сіздің пікіріңізді білсек.

– Әрине, объективті болмайды. Ол жерде он адамның ойы барша Қазақстанды сипаттап береді. Қандай объективтілік болуы мүмкін? Шамамен, орта есеппен жасалатын рейтинг ол. Мәселен, сізді көшеден ұстап алады да, сізге бірнеше сұрақтар қояды. Оның ішінде: «Қазақсыз ба? Қазақша бағдарламаларды көресіз бе?» деген екі сұрақтан бастайды. Сіз, «иә, қазақпын, қазақша көремін» деп жауап берсеңіз, сізге арнайы құрылғы орнатады. Сол арқылы сізді бақылайды. Егер, сіз қазақша бағдарламаларды көремін деп алып, шын мәнінде көрмейтін болсаңыз, бұлар қарамайды екен деген пікір туындайды. Міне, сонда бір Жадыраның пікірі 20 жасар қазақстандық қыздар не қарайды деген сауалдың жауабын береді.

Бағдат Болатжанұлы, соңғы кезде интернеттің пайда болуымен журналистика өзгерді. Бұл газеттерге анық сезіле бастады. Оқырман азайды, көпшілігі жабылуда. Әлеуметтік желіде ақпарат бірінші болып тарап, қоғамдық пікірді қалыптастыратын ортаға айналды. Осы өзгерістер телеарналарға қаншалықты әсер етіп отыр?

– Жоқ, бұл жағдай телеарналарға еш әсер етпейді. Интернет – халыққа ақпаратты жеткізуші байланыс құралы ғана. Телеарна дегеніміз – сол ақпаратты жасайтын шеберхана. Мысалы, кітап оқудың бірнеше әдісі бар. Оны планшеттен, телефоннан, компьютерден оқи аласыз. Сондай-ақ, классикалық, кітаптың өзін алып оқысаңыз да өз еркіңіз. Сол секілді, интернет – жоятын күш емес, қайта БАҚ-қа көмекші құрал. Ол бізге пайда әкелмесе, зиянын тигізбейді. Интернет пайда болғалы бері көрермендердің саны көбейді. Теледидардан көретіндердің саны бүгінде азайып келе жатыр. Және олардың жасы үлкейіп келеді. 2000 жылдары дүниеге келгендер теледидар қарап үйренбеген. Оларға iPad, iPhone-нан қараған ыңғайлы. Ал олардан үлкен буын үшін теледидардан қараған артығырақ. Бірақ, зерттеп қарасақ, екі буынның да қарайтын бағдарламалары, яғни контент 70-80 пайызға сәйкес келеді. Яғни, кез-келген телевизиялық контент қандай болмасын арналар арқылы өз көрерменін табады деген сөз.

12167882_730777487052598_1315847541_n

Бағдат Болатжанұлы, біздің сайттың оқырмандарының арасында жастар көбірек. Оның ішінде журналистикаға бет бұрған жастар көп. Соларға кеңесіңіз деп есептейік, бір сұхбатыңызда еңбек жолын қойшы болудан бастадым депсіз. Бүгінде медиа саласында беделді менеджерсіз. Осынша жетістікке жету үшін адам не істеуі керек?

– Қойшыдан журналистке дейінгі жол оңай болмады. Оқу бітірген соң ЖОО-на түсу бақыты бұйырмады. Содан ауылға барып, тым құрығында қой бағып көмегімді тигізейін дедім. Келесі жылы қайта тапсырып, оқуға түстім. Студент боп жүрген кезде дикторларға кастинг өтіп жатқанын естіп, қатыстып көрдім. Көптің ішінен мені таңдап, осылай аяқ астынан журналист боп кеттік. Адам жетістікке жету үшін еңбектену керек, шаршамау керек. Жалқаулық атаулыдан аулақ болуы керек. Сол еңбектің зейнетін қартайғанда көресіз. Мендегі жетістіктің сыры сол. Оның бір формуласы не құпиясы жоқ.

Жұбайыңыз да журналист. Балаларыңыздың журналист болғанын қалайсыз ба?

– Енді оны уақыт көрсетеді. Біз «анау бол, мынау болма» демейміз. Өздерінің қалауы болады. Бірақ, қарап отырсам әй, журналист болатын адамның түрі емес-ау. Бірнеше рет сұрап та көрдік, қызығушылығы басқа. Бірақ, енді болашақта журналистік қабілеті оянып жатса, неге болмасқа? Бұны уақыттың еншісіне берейік.

Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Жадыра Аққайыр «7»

Похожие материалы