Банк бөлімшесіне барғанда кредит алу үшін немесе басқа да сұрақтары болса менеджердің алдында ойын жеткізе алмай, қалтырап отыратын адамдар жиі кездеседі. Көпшілігінен шартқа қол қойып, мақұлданса, кредитті алып тезірек кетсем деген ой байқалады. Алайда, банктен керек ақпаратты сұрауға ұялмау керек.
Таныстарымның бірі маңызды сұрақпен банкке қоңырау шалмақшы болды. Нөмірді терді, қоңырау бара бастап еді, бірден телефонды маған бере қойды. Сен сұрап берші, ойымды жеткізе алмаймын, ыңғайсызданамын, деді. Жоқ, бұл саған керек ақпарат, өзің сұра деп телефонды алмадым. Ақыры терлеп, қиналып, ақпарат сұрады. Телефонды қойған соң, не айтты деп сұрадым. Ұмытып қалыпты. Әлде түсінбеген. Өйткені ар жақтағы қыз орысша сөйлеген екен, бұл орысша шала білсе де сұрағын орысша қоюға тырысыпты. Нөмірді қайта тергізіп телефонды қолына ұстаттым. Қазақша сұрау керегін ескерттім. Сөйлескісі келмей, сұрағын әрең қойды. Тұтқаны қойған соң, тағы да түсінбегенін білдім. Қайта тердім. «Мынау бір топас екен дейтін шығар, ұят, ыңғайсыз ғой қайта мазалаған», деп азар да безер болды. Ақыры қайта сөйлесті. Қайта түсінбеді. «Жақсы, енді маған түсіндіріп көрші», дедім. Маған не сұрағысы келгенін анық айтты. «Енді қайта теріп, тура маған айтқандай айтып бересің», дедім. Қайта тердік, сұрағын қойды. Бірақ телефонды қойған соң жауапты қайта ұмытып қалды. Мүмкін менеджер дұрыс түсіндірмеген шығар деп өзім сөйлестім. Жоқ, нақты сұраққа нақты жауап берді. Кінә танысымда. Сұрасам «банк сияқты ұйымдарға қоңырау шалғанда, барғанда өзімді біртүрлі сезінемін», дейді.
Банк жазалаушы орган емес. Менеджер де өзіңіз сияқты адам. Ол ақша беруді шешпейді. Анығын айтқанда ол сіздің өтініш пен сіз туралы мәліметтерді жүйеге енгізіп, жіберуші, кеңес беруші, сізге қызмет көрсетуші. Яғни, ол тура сіз сияқты адам. Оның да сіз сияқты кредиті, сіз сияқты проблемасы болуы мүмкін. Сондықтан, менеджердің алдында өзіңізді еркін ұстаңыз. Сіз клиентсіз. Ол сізге қызмет көрсетуші. Білгіңіз келген сауалды қойыңыз. Өйткені сіз кредит аларда банкпен шарт жасайсыз. Сондықтан кредит туралы барлық сауалаңызға жауап алып барып, шартқа қол қойғаныңыз жөн. Әрине, кезек күтіп шаршаған адамдар ренжиді, ұрсуы мүмкін. Сондықтан алатын кредитіңіз бен беретін банк туралы мәліметті алдын ала зерттеп, сұрақтарды жазып алып барыңыз. Барлық банктің сайты, колл орталықтары, әлеуметтік желіде парақшалары бар. Соған шығып, нақты сұрақ қойып, нақты жауап алыңыз. Өз өнімдері туралы барлық сұрағыңызға жауап беру олардың жұмысы. Ұят, топас дейді, ыңғайсыз деген нәрсені ұмытыңыз. Қызға сөз айтып тұрған жоқсыз ғой. Айтпақшы, әлгі танысым ақыры өзіне керегін анықтамаған күйі банк қызметін пайдаланған. Жақында көмек сұрап хабарласты. Анықтасам, өткенде колл орталыққа хабарласқан кездегі мәселеге байланысты. «Оу, саған түсіндірді ғой, неге орындамадың» десем, «соны, сол өткендегі жағдай ғой, ыңғайсызданып», дейді күмілжіп. Енді ол банкке шарттағы жағдайды орындамағаны үшін айыппұл төлейді. Жарты айлығы кетеді. Егер ол өзіне керек ақпаратты дұрыстап сұрамай, неғылса, неғып, ыңғайсызданып жүре берсе, әлі талай қалтасы қағылады. Банкке барар алдында өзіңізге керек өнім туралы анықтап, білім, зерттеп, сұрақ дайындап алып барыңыз. Сосын өнімді тұтынуға кірісіңіз. Өзіңізге керек ақпаратты анықтап, білуден ешқашан ұялмаңыз.