Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Банктердің бірігетіні шын сияқты

Банктердің бірігетіні шын сияқты
2017 жыл қазақстанның банк саласы үшін «өзгерістер жылы» болатын сияқты. Неге деген сауалды тарқатып көрейік. 15 қарашада еліміздегі ең ірі банктер Халық банкі мен Қазком бірігеді деген сыбыс шыққан еді. Артында екі банк те оны жоққа шығарды. Қазком бірігу туралы әңгімені жоққа шығарып қана қойған жоқ,  жағдайымыз жақсы деп мәлімдеді.  Артынша халықаралық BNE IntelliNews іскерлік журналы 2016 жылғы алғашқы алты айдың нәтижесі бойынша Қазкоммерцбанкті «Қазақстанның ең тиімді банкі» деп атады. Осылайша қоғам алдында өзінің жағдайы жақсы екенін айтқандай болып еді... Сәл кейінірек БАҚ-на сұхбат берген Халық банкінің төрайымы Үміт Шаяхметова Қазкоммерцбанкпен альянс құру жоспары қарастырылғаны туралы айтты. «Біз Қазкоммерцбанкпен бірігуді талқылап жатқан жоқпыз. Тағы айтқым келеді – біз түрлі мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз», – деді ол Халық банк пен Қазкомның бірігуі мүмкін деген хабарламаға түсініктеме беріп. – Егер естеріңізде болса Ұлттық банк коммерциялық банктер үшін «стресс-тест» өткізілетіні туралы мәлімдеді. Сценарийлер қарастырылды. Осының аясында біз де түрлі сценарийлерді қарастырдық, үйрендік. Солардың бірі – Қазкоммен альянс құру. Бірақ мұны мен «бірігу» деп айта алмаймын». Дегенмен осы кездесуде ол соң алдағы уақытта түрлі деңгейдегі банктер жабылып, бірігуі мүмкін дегенді айтып қалды. «Мен сатып алулар, бірігулер, консалидация болады деп ойлаймын. Бұл тек ірі банктерге ғана емес, орта және шағын деңгейлі банктерге де қатысты болады», – деп мәлімдеді ол. Шаяхметованың бұл сөзі көпшілікке жоғары жақта екі банктің бірігу туралы келіссөз болды дегенді меңзегендей естілді. Бұған Bloomberg агенттігінің ҚР Президентінен сұхбат алу кезінде Қазкомның «қиын жағдайы» туралы сұрағы отқа май құйғандай әсер етті. Bloomberg  тиімсіз басқару мен экономикалық дағдарыс әсерінен мерзімі өтіп кеткен қарызы көбейіп, капиталы азайған Қазкомның жағдайы ары қарай не болмақ деген сауалға «Біз оның жұмыс істеу қабілетін қалыпқа келтіру керекпіз, оның құлдырауына жол бермейміз», – деді Назарбаев. Сонымен қатар, Президент елдегі коммерциялық банктердің «біріктірілуі мүмкін» екенін айтып өтті. «Біз нашар активтер қорын құрдық. Бұл қор жұмыс істей бастайды және мұндай активтердің саны 30%-дан 8%-ға дейін төмендеді. Алайда жұмыс әлі көп. Мемлекет мұнымен айналысып жатыр. Әсіресе Ұлттық банк барлық банк жүйесіне қарайды. Біздің экономикамыз шағын, халқымыз да аз. Ал мұндай халық санымен 100 банктің болуы керек пе, жоқ па? (…) Яғни мен банктерді ірілендіру бойынша нақты қадаммен келеміз бе білмеймін, кейбір банктер банкрот болуы мүмкін», – деді Н.Назарбаев Bloomberg-ке берген сұхбатында. Артынша Қазком ресми мәлімдеме таратып, акционерлері мен топ-менеджерлері банктің дамуы мен оның қаржылық жағдайы тұрақты, ал өсу динамикасы позитивті деп есептейтіндігін хабарлады. Біз мұны банктің бірігу туралы әңгімеге реакциясы емес, имиджіне алаңдауы деп түсіндік. Өйткені әлеуметтік желіде «Қазкомның жағдайы жақсы емес екен», дегендер көбейді. Арасында артынан адам ерте алатын  қоғамдық пікір көшбасшылары да бар. Банктің бұған алаңдауы, қоғамға жағдайы жақсы екендігін дәлелдегісі келгені де түсінікті. Біраз жыл бұрынғы смс шабуылдың кезіндегі қоғам дүрлігісі бәрінің есінде. Жалпы жағдайға келсек, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды».  Жоғарыдағы жаңалықтың бәрі  екі банк түбегейлі жоқ десе де, бірігу туралы әңгіменің болғанын және 2017 жылы орындалып қалу мүмкіндігі барын да меңзегендей. Және мұның айналасындағы ақпараттың барлығы 2017 жылы қазақстанның банк саласында бірқатар өзгерістер болуы мүмкіндігін аңғартады. Естуімізше қазір бірқатар банктерді Ұлттық банктің тексеруде. Мұның жоспарлы тексеру әлде 2017 жылы болатын өзгерістердің басы екенін білу мүмкін болмады.    

Похожие материалы