Алматы. 17 қазан. 7kun.kz – Қазіргі уақытта Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп Мемлекет басшысының Жолдау шеңберінде берген тапсырмасына сәйкес екінші деңгейдегі банктерге 600 млрд теңге беру талаптары мен тетігін айқындау жұмыстарын жүргізуде. Бұл жөнінде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламентінің Мәжілісі отырысында айтып берді.
«Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде нарық талаптарымен БЖЗҚ зейнетақы активтерін, оның ішінде банктер үшін 2018 жылға арналған облигациялық бағдарламаға сәйкес жоспарланып, бірақ инвестицияларға толығымен пайдаланылмаған 200 млрд. теңге сомасындағы қаражатты пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда», - деп түсіндірді Д. Ақышев.
Ол бүгінгі таңда банктер үшін 2018 жылға арналған көрсетілген облигациялық бағдарлама шеңберінде нарық талаптарымен БЖЗҚ-ның жалпы сомасы 35 млрд теңге борлатын зейнетақы активтері жылдық 11,5-12% кірістілікпен банктердің облигацияларына инвестицияланғанын атап өтті.
«Жалпы мұндай өтімділікті беру ағымдағы нарықтық талаптарға сәйкес мерзімділік, төлемділік және қайтарымдылық қағидаттары бойынша жүзеге асырылады және зейнетақы активтері инвестицияланған жағдайда БЖЗҚ-ның салымшыларына орта мерзімді кезеңде инвестицияланған қаражатқа нақты кіріс алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Д. Ақышев.
Ол бұл инвестициялардың кірісті болып қана қоймай, сенімді де болатынын атап өтті. Берілген қаражат екінші деңгейдегі ірі банктер арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі іріктеп алған басымдық берілген және тиімді жобаларды ғана іске асыруға бағытталатын болады», - деді ол.