Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Банктің несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуы заңға қайшы

Банктің несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуы заңға қайшы

Алматы. 1 тамыз. 7kun.kz – Ұлттық банк несие шотын жүргізгені үшін банктердің клиенттен комиссия алуы заңсыз екенін айтты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Банктер туралы» заңға сәйкес, сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер дербес белгілейді. Банк қызметтеріне банктік және «Банктер туралы» заңның 30-бабында көзделген өзге операциялар жатады.

2011 жылдан бастап «Банктер туралы» заңда қаржы ұйымдарының банктік қарыз шарттарында қарыз беруге байланысты алуға жататын комиссиялардың толық тізбесін және олардың мөлшерін көрсету міндеті және жасалған шарт шеңберінде комиссиялардың жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге тыйым салынды.

Бұл ретте қарыз беруге байланысты комиссиялардың тізбесі және атаулары бойынша қандай да болсын шектеулер заңнамада белгіленбеген.

Тексеру барысында Ұлттық Банк несие шотын жүргізгені үшін комиссияны шартқа қосып қойған жағдайларды анықтады.

«Төлемдер туралы» заңның 27-бабына сәйкес, осы бапта көрсетілген операциялар жүргізілмейтін, сондай-ақ банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы бухгалтерлік есептің позицияларын көрсететін шоттар, баланстық шоттың құрауыштары болып табылатын жеке шоттар (қосалқы позициялар), оның ішінде несиелік шоттар банктік шоттар болып табылмайды.

Демек, несие шотын жүргізгені үшін алынатын комиссия банк қызметін көрсетуге байланысты комиссия болып табылмайды.

Ұлттық Банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, несие шотын жүргізгені үшін алынатын комиссияны өндіріп алу практикасының заңдылығын бағалау бойынша жұмыс жүргізді.

Бұл жұмыстың қорытындысы бойынша банктердің клиенттерден несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуы заңсыз деп бағаланды.

Осы орайда, Ұлттық Банк банктердің атына несие шотын жүргізгені үшін комиссия алу тәжірибесін тоқтату қажеттігі туралы хат жолдады.

Несие шотын жүргізгені үшін комиссия алу фактісі анықталған жағдайда, Ұлттық Банк банктерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті шараларды қолдануға құқылы екендігі жөнінде ескертілді.

Ұлттық Банк несие шотын жүргізгені үшін комиссия алу тәжірибесін жалғастыруға қатысты кейбір банктердің  іс-әрекеттерінде анықталған бұзушылықтар бойынша қолданыстағы банктік қарыз шарттары бойынша несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуды тоқтату ұйғарымы түрінде шектеулі ықпал ету шараларын қолданды.

Похожие материалы