Банктік карталар нарығында кредиттік картаның саны басым. Ranking.kz сайтының 2016 жылғы мәліметінше, еліміздегі әрбір сегізінші еңбекке қабілетті адам кредиттік картаны пайдаланады. Расында, Қазақстандағы банк клиенттерінің арасында өзіне деген сенімділікті арттыру үшін кредиттік картаға қосымша бағдарламаларды ұсынады. Оның ішінде қарапайым бонустық бағдарламалармен бірге кешбэк функциясының танымалдығы күн санап артып келеді. Егер қаражатыңызды үнемдеп, оның үстіне қосымша пайда көргіңіз келсе, банктің тиімді қызмет түрлерін білгеніңіз жөн.
Бонустық бағдарлама дегеніміз не?
Әр кредиттік картаның бонустық бағдарламалары болады. Оның көмегімен банк клиенті мекемемен серіктес компания немесе қызмет түрлеріне жеңілдік алуға құқылы. Бонустық қызметтердің ішінде “Қазкоммерцбанктің” Go! бағдарламасы үздік саналады. Бүгінгі күні бұл бағдарламамен Қазақстан бойынша алты мың қызмет көрсету мекемесі жұмыс істейді. Жалпы, Go! бонустік бағдарламасы Меломан, Планета Электроники, Технодом, Mon Amie, Silk Way City сынды көпшілікке танымал компаниялармен серіктес. Демек, оны тиімді пайдаланып, қаржы табу қиындыққа соқпайды. Банк әлемдік ірі Booking.com сайтымен жұмыс істейді. Банкте бонустық қызметтің барлық түрі жан-жақты қарастырылған. Тіпті өз елімізден бөлек, шетелге шығып бонус таба аласыз. Мысалы, Мальдиваға саяхаттасаңыз, 500 мың бонус көлемінде табыс көресіз. 500 мың бонус 500 мың теңгеге тең екенін ескеріңіз. Бонустың орташа көлемі үш және бес пайызды құрайды.
“Қазкоммерцбанктің” бонустары тек серіктес компаниялардың өнімдеріне жүрсе, Kaspi Bank клиенттеріне картамен төлем жүргізілген кез келген тауарға бонус береді. Бонустарды “Kaspi Әмиян” арқылы жинай аласыз. Бонус әр өнімге жұмсалған төлемге бір пайыздан беріледі.
Fortebank 2015 жылдан бастап банктік карталарына елеулі өзгеріс енгізді. Нақтырақ айтқанда, банктің клиенті болсаңыз, мекеме ұсынған ко-бредингтік карталарды пайдаланып, белгілі ресторандар желісіне жеңілдік ала аласыз. Ең алдымен банктің “Ресторанная критика Казахстана” деген ұйымына мүшелікке кіруіңіз қажет. Бонустың көлемі 5-15 пайыз шамасында. Демек, мейрамханада 1000 теңгеге тамақтансаңыз, 150 теңге үнемдейсіз. Банк республикамыздағы 30 мейрамханамен серіктестікке отырған.
Кэшбэктің өзге бағдарламадан артықшылығы неде?
Шетелде бұл банктік қызметтің түрі 2000 жылдардан бастап жұмыс істесе, Қазақстанда енді ғана бой көтерді. Бүгінде ол Capitalbank, “Астана банкі”, Fortebank және “Қазкоммерцбанк” ұсынған American Express карталарының кейбіреуінде қолданылады. Бұл жүйе Қазақстанның барлық банктеріне түгелдей енген жоқ. Отандық банктеріміздің бір бөлігі кэшбэктің орнына төлемдік карталардың бонустарын пайдаланғанды жөн көреді. Дегенмен, кредиттік картаңызды тиімді пайдаланудың тағы бір жолын білгіңіз келсе, кэшбэкті қолданып үйренгеніңіз абзал. Кэшбэк бонустық бағдарламаның бір түрі. Сәйкесінше екеуінде ұқсастық бар. Осы функция арқылы тауарға жұмсалған ақшаңыздың белгілі бір пайызы шотыңызға қайтып оралады. Екіншіден, банкпен серіктестікте отырған компаниялар сізге әрдайым жеңілдіктер жасап тұрады. Тек айырмашылығы — кредиттік картада қаржы бонус ретінде электронды түрде жиналса, кэшбэкте қаржы тауар сатып алынғаннан кейін бірден қолма-қол беріледі. Сондай-ақ бұл сервисті интернет-дүкендерден тауар сатып алғанда пайдаланған тиімді. Ең минималды төлем 0,5 пайыз болса, ең жоғарғысы 5 пайыздың шамасында. Қазақстанда Capitalbank, “Астана банкі”, Fortebank, “Еуразиялық банк” мекемелерінен осы қызмет түрімен жақынырақ танысуға мүмкіндігіңіз бар.