Мен жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Өзімнің жеке шаруа қожалығым бар. Бірақ заңды тұлға емеспін. Жергілікті мемлекеттік кіріс органына дара кәсіпкер ретінде тіркелгенмін. Банкте кәсіпкерлігіме қатысты ағымдағы шотым бар. Сұрайын дегенім, осы шоттағы ақшамның сақталуына кепілдік беріледі ме?
Жауап: Дара кәсіпкерлік, бұл – азаматтарымыздың және оралмандық мәртебесі бар қандастарымыздың таза табыс алуға бағытталған бастамашыл әрекеттері. Олар өз бетімен тәуекел етіп, мүліктік жауапкершілікті өз мойындарына ала отырып, жұмыс жасайды.
Дара кәсіпкерлер шағын кәсіпкерлік субъектілері болып саналады және өз қызметтерін өзіндік және бірлескен кәсіпкерлік түрінде атқарады. Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті өзіне тиесілі мүлік негізінде дербес атқарады.
Өзiндiк кәсiпкерлiк фермер қожалығы ретінде де құрылуы мүмкін. Ал бірлескен кәсіпкерлік: ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгi, шаруа қожалығының ортақ бiрлескен меншiгi негізінде жүргізілетін отбасылық кәсiпкерлiк немесе жай серiктестiк ретінде атқарылады.
Осылайша дара кәсіпкерлер немесе бірлескен кәсіпкерлік нысандарының өкілетті өкілдері банк шотын ашып, оларға иелік ете алады. Ал банк лицензиясынан айырылған жағдайда, жеке тұлғалармен бірдей дәрежеде кепілдік берілген өтемді алуға құқылы.