Нұр-Сұлтан. 3 маусым. 7kun.kz – 4 маусым сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт-насихат жүргізу аяқталады. Бас прокуратура өкілі Б. Б. Дембаев "тыныштық күні" тәртіп бұзғандардың жауапкершілікке тартылатынын айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
"Ертең, 4 маусымда сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт-насихат жүргізу аяқталады...Бұл үгітке, соның ішінде қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін немесе референдум нәтижелерінің болжамдарын жариялаумен ұштасқанға референдум өткізілетін күннің алдындағы күні және ол өткізілетін күні, яғни а.ж. 4 және 5 маусымда тыйым салынады (Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағы). Осы күндері – үгітке тыйым салынған кезеңде ол жүргізілген жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша жауаптылық туындайды",- деді Б.Дембаев.
Референдумда басқа біреу үшін дауыс бергендер және соған жол берген учаскелік комиссия мүшесі ӘҚБтК-нің 108 және 110-баптары бойынша жауапқа тартылады.