Ақпан айында барлық қала, облыс, аудан әкімдері жылдық есеп берді. Басшылар қоғамдық кеңес және халық алдында 1 жылда атқарылған істер жөнінде баяндады. Осыған қатысты «Саясат-Monitoring» тобы 1-5 наурыз аралығында әкімдер жөнінде сауалнама жүргізіп, қорытындысын жариялады.
Жабық түрде жүргізілген сауалнамаға сарапшы-саясатанушы, қоғам қайраткерлері, блогерлер және журналистер қатысты.
Сонымен, ақпан айына арналған рейтингте Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көш бастады. Респонденттер Бердібек Машбекұлының атқарып жатқан ісіндегі белсенділік жөнінде айтқан. Олардың сөзінше, әкім талабының жоғары болуына байланысты жергілікті биліктегілер бюджетке түсетін қосымша қаржы жүйесін іздестіруге кірісті және жастар ұйымдардың қауымдастығы құрылды.
Екінші орынға Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков ие болды. Сауалнамаға қатысқандар оның есептік кездесуде залда қойылатын сұрақтарға жауап беру форматын өзгертіп, кездесу аяқталған соң әрбір тұрғынды жеке қабылдағанын атап өткен.
Ал үшінші орынға ие болған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев есеп беру кезінде облыстағы тұрғын үй құрылысы индустриалды жобаларды жүзеге асыру және тағы басқа маңызды іс шаралар жөнінде айтқан. Сондай-ақ, әкім 2016 жылы дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында Қызылорда облысында тұрғын үй салуға 22 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.
Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 4 орынға тұрақтады. Ол есеп беру кезінде мегаполистің Әлемдік қысқы Универсиададаға дайындығы және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қалаға іс-сапары кезінде берілген тапсырмалары жөнінде айтты.
Рейтингтің алғашқы бестігін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аяқтады. Ал жалпы рейтинг бойынша ең соңғы орынға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов тұрақтады. Респонденттер облыстағы экономика өсімінің құлдырағанын, тау-кен өндірісінің азайғанын атап өтті.