Осы аптада Facebook әлеуметтік желісінде қызық хабарландыру пайда болды. Қазақстандық азамат бірнеше парақшаға 800 мың долларға ұшақ сататыны туралы жариялаған.
«Жедел сатамын. Егер ұшқыңыз келсе ұшақ ұшады, кафе немесе резиденция жасауға болады. Кімнің басына қандай идея келеді, соны жасап алсын. Өте арзан беремін, жағдайы жақсы», деп жазады «сатушы».
Ол сатпақ болған Dornier 328-300 JET ұшағы 1999 жылы шыққан, 33 орындық, қысқа және орта қашықтыққа ұшуға арналған.
UP нөмірі Қазақстанда тіркелгенін білдіреді. (Қазақстан Республикасының коды осылай басталады). Ал Caspiy-ге келсек, бұл бір кезде планшет шығарамыз деп шуға іліккен маңғыстаулық Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация. Планшет шығармай, бюджет қаржысын қымқырып, басшылары сотқа тартылған компания аймақтық әуе компаниясын құруға да ниеттенген екен. Алайда ол да құрдымға кеткен. Бұл туралы 2013 жылы 23 желтоқсанда kapital.kz жазды.
Басылымның жазуынша «Каспий» ӘКК 2011 жылы Қазақстанға 2 жолаушы ұшағын (компания меншігінде барлығы 6 ұшақ болған) алып келген. Компания кеден салығынан босатылған, өйткені ұшақтарды Ақтау қаласында аймақтық әуе компаниясын құру инвестициялық жобасы аясында әкелген.
Алайда, «Каспий» ӘКК инвестициялық міндеттемені орындамаған. Әуе компаниясы жұмыс істеп үлгерместен ұшақтар үшінші тарапқа сатылып кеткен. Бұдан кейін кедендік бақылау департаменті прокуратураның ұсынысымен инвестициялық талапты орындамаған компаниямен соттасып, 191 млн теңге бюджетке өндіріп алған. Ұшақ өз бағасына сатылды дегенімен, компанияның 119 млн теңге шығын шеккенін байқауға болады. Компания мемлекеттік болғандықтан бюджеттің қаражатын айыппұл түрінде бюджетке қайтару оқиғасын көріп отырмыз. Бұл тағы бір тақырыптың жүгі. Оған кейін ораламыз.
Ал басы бар, аяғы жоқ әуе компаниясы туралы ақпарат та жоқ. Тек airlines-inform.ru сайтында Caspiy әуе компаниясы корпоративтік чартерлік рейстерді орындайды деп көрсетілген. Ресми сайты ретінде www.caspiy.kz көрсетілгенімен, сайтта әуе компаниясы туралы бірде-бір ақпарат жоқ.
Белгілі маркетолог, блогер Әлімжан Бейсембаевтың 2015 жылғы қазақстандық әуе компаниялары туралы шолуында бұл компанияның 6 ұшағы бар деп жазады. Соның бірі осы – Dornier Do-328 Do-328JET. Бұл ұшақтың бірінші иесі америкалық компания болыпты. planespotters.net сайтында ұшақтың иесі ретінде екі компания көрсетілген - ең алғашқы тіркеу нөмірі N355SK, АҚШ-тағы Skyway-Airlines әуе компаниясына тиеселі болған. Кейін 2013 жылдың маусым айынан бастап қазақстандық тіркеумен, Caspiy меншік иесі ретінде көрсетілген. 2013 жыл деп көрсеткені сәл қате ақпарат сияқты. Өйткені «Каспий» ӘКК ұшақты 2011 жылдың 19 шілдесінде америкалық Джетран компаниясынан 3 800 000 АҚШ долларына сатып алған. Оның 760 000 долларын алдын-ала төлеген. Бұл ақпаратты біз екі компанияның келісімшартынан білдік.
Ұшақ бірнеше рет споттерлердің фотонысанына да ілігіпті
2013 жылы қазан айында Вячеслав Фирсов, Николай Устинов және Евгений есімді қолданушылар суретке түсіріп,
planespotters.net сайтына жариялаған кезде ұшақтың түрі жаңа болған. Алайда Алматыдағы әуежайда тұрып ескірген ұшақтың қазіргі түрі мынандай. Қорада тұрып қартайған бәйге аты сияқты.
Айта кетейік, 1996-2002 жылдары бұл ұшақ маркасының 110 данасы шығарылған. Түбі германиялық болғанымен, америкалық компанияға тиеселі зауыттың өнімі - Dornier 328JET-тің ең біріншісі 1998 жылы әуеге көтерілген. 2010 жылғы есепте әлемдегі әуе компанияларында 54 данасы рейс орындап жүрген. Бұл 54 ішінде Caspiy сатып алған, сол кездегі тіркеу нөмірі N355SK ұшағы да болған.
Алайда Caspiy ұшақты рейске жіберместен 2012 жылы сатуға шығарады. 2012 жылдың 17 қазанында «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ пен «Джетран Интернешнл ЛТД», «Инвест Авиа» АҚ арасында үшжақты келісім-шарт жасалған. Ол бойынша «Каспий» ӘКК ұшақ бойынша Джетранмен арадағы барлық құқық пен міндеттемелерін Инвест Авиа әуе компаниясына берген. 2013 жылдың 30 тамызында ұшақты Азаматтық авиация комитеті тіркеп, меншік иесі «Инвест авиаға» куәлік берген. Осылайша Caspiy әуе компаниясының паркінде болуы тиіс ұшақ жеке әуе компаниясына сатылады.
Алайда ұшақты сатып алған бұл компанияның қаржылық жағдайы мәз болмаған сыңайлы. Біз 2013 жылдың 8 қаңтарында, 2014 жылдың 7 ақпанында "Инвест авиа" мен Цесна банк арасында несиелік келісім-шарт жасалып, үш Fokker 100 ұшағы кепілге қойылғаны туралы дерекке кезіктік. Мұнда да тағы бір тақырыпқа арқау болатын дерек бар. 2015 жылдың 29 мамырында "Инвест Авиа" құқығынан бас тарту арқылы қалған ұшақтарын «Казстройинжиниринг НТ» ЖШС-ге өткізіп беріп, меншігінде тек Dornier 328JET қалдырған. Бұл біз айтып отырған ұшақ. Негізгі қызметі жылжымайтын мүлік операциясы деп көрсетілген
Казстройинжиниринг НТ ол ұшақтарды қайда жібергені, Цесна банк алдындағы несие жабылды ма, әлде Казстройинжиниринг НТ алды ма, белгісіз. Мұны біз анықтауға тырысамыз.
Ал Инвест Авиаға оралсақ, 2014 жылдың жазында компанияның қызметкерлеріне жалақы бере алмай, есеп-шотына бұғат салынғаны туралы ақпарат тараған. Әрі "Алматы-Пкухет" бағытындағы бірінші қазақстандық чертерлік рейсін орындау кезінде кешіккені үшін де шу шығып, бұл бағытта ұшуға тиым салынған. 2014 жылдың желтоқсан айында Азаматтық авиация комитеті құжаттарды қолдан жасағаны үшін "Инвест авиа" компаниясының лицензиясын уақытша қайтарып алды. Осыдан соң компанияның жағдайы оңалмаған сияқты.
2016 жылдың 7 желтоқсанында Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сотының шешімімен "Инвест авиа" банкрот деп танылады. (Оның құрылтайшысы әрі директоры Талғат Жолдыбаев 2015 жылы «Sunkar Air» әуе компаниясын құрды). 2018 жылдың 8 қаңтарында банкрот болған Инвест авианың сатылымға шығарылуы тиіс мүлкі ретінде тек біз айтып отырған Dornier 328JET көрсетілген. (Қалған мүлкін жоғарыда басқа компанияға бергенін айттық). Ұшақ ақпан айында аукционға шығарылған. Бұған e-auction.gosreestr.kz сайтындағы 13.03.2018 жылғы хабарландыру дәлел.
Алматы қаласындағы Майлин 2 мекен-жайында тұрған ұшақ "банкрот болған қарыз иесінің мүлкін сату бойынша акционға шығарылды" деп көрсетілген. Бастапқы бағасы: 301 842 000,00 тг, ең төменгі бағасы 286 750 000,00 тг (755 мың доллар шамасында) деп белгіленген ұшақты сатып алушы табылмаған.
Бұл түсінікті де. Өйткені мұндай ұшақ қазір шығарылмайды.
Барлық жерін күрделі жөндеуді қажет ететіні жазылған, техникалық құжаттары жоқ. Ұшу-есеп құжаты мен әуе кемесінің агрегаттары мен бөлшектері туралы техникалық құжаты да табылмаған. 2013 жылдан бері ұшқан-ұшпағаны белгісіз. Соңғы рет күрделі жөндеуден 30.08.2012 жылы өткеніне қарағанда ұшақ ұшпаған күйі ескірген. Өйткені 2012 жылға дейін әр 2,5 жыл сайын жөндеуден өтіп тұрған. Қазақстанда 2014 жылы жөндеуден өтуі керек еді. Алайда ұшпаған соң оны керек етпеген сияқты. Енді ұшақты қайтадан әуеге көтеру үшін тағы бір ұшақтың қаражаты керек немесе тек мейрамхана сияқты жобаларға пайдалануға болады. Бірақ ол үшін 800 мың долларға сатып алу тиімсіз. 1996 жылы зауыттан шыққанда бағасы $10,5 миллион болған бұл ұшақтың тағдыры Алматы әуежайында тұрып таусылатын сияқты.
Айтпақшы, жоғарыда хабарландыру берген азаматқа хабарласқанымызда ұшақ жеке өзіне тиеселі екенін айтты. Тіпті құжатын көрсетуге дайын. Алайда олай емес екеніне жоғарыда жазғанымыз дәлел. Жалғыз адам ұшақтың иесі бола алмайды.