Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бизнес циклдың нағыз қозғаушысы

Бизнес циклдың нағыз қозғаушысы

ЧИКАГО – Әр ірі дағдарыс ізін қалдырады. ХІХ және ХХ ғасырдағы дағдарыстар қаржылық сектордың өтімділігі мен соңғы үміт - кредиторлардың маңыздылығын дәлелдегені сияқты Үлкен депрессия да циклға қарсы қазыналық және ақша-несие қажеттігін айқындап берді. Одан беріректе, 2008 жылғы қаржы дағдарысы мен одан кейін болған Үлкен рецессия да несиеден күш алатын бизнес циклдың басты қозғаушыларын айқындап берді.

Мәселен, Үлкен рецессия отбасылар қарызы көлемінің өсуіне қарап экономикалық белсенділіктің төмендеуін болжауға болатынын дәлелдеді. АҚШ-та және басқа елдерде 2002-2007 жылдар аралығындағы жеке қарыздардың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесінің өзгеруі 2007-2010 жылдар аралығындағы жұмыссыздық деңгейінің өсуімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Дағдарыс қарсаңында Аризона мен Невадада, сондай-ақ Ирландия мен Испанияда отбасылардың қарызы еселеп өскен, ал дағдарыстан соң осы төрт жердің барлығы аса ауыр рецессияны бастан кешті. Іс жүзінде Үлкен рецессиядан көп уақыт бұрын-ақ отбасылардың қарызы экономикалық құлдырауға себеп болады деген болжам айтылған. 1994 жылы Англия банкінің сол кездегі бас экономисі Мервин Кинг Еуропа Экономикалық қауымдастығына арнаған жолдауында 1984-1988 жылдар аралығында табысқа шаққандағы отбасылардың қарызы ең көп елдер 1989-1992 жылдар аралығында шынайы ЖІӨ өсімі бойынша (инфляцияны қоса есептегенде) ең нашар көрсеткіш көрсеткенін айтқан. Сол сияқты Принстон университетінің ғалымы Эмил Вернермен бірлесіп жазған еңбегімізде біз де 1982-1989 жылдар аралығында отбасы қарыздары ең көп болған штаттарда 1989-1992 жылдар аралығында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары болып, шынайы ЖІӨ өсімі бойынша ең төмен көрсеткіш көрсеткенін айтқанбыз. Вернермен бірге жазған және бір еңбекте біз 30 елдің соңғы 40 жылдағы мәліметтерін саралап, ЖІӨ-ге шаққандағы отбасылар қарыздарының өсуі ЖІӨ өсімін жүйелі түрде баяулатып, жұмыссыздық деңгейін арттырғанын дәлелдедік. Халықаралық валюта қорының бұдан да ауқымды мәліметтерді қолданып жақында жасаған зерттеуі де осыны айғақтайды. Отбасылардың қарыздары, тұрғын үй нарығы және бизнес циклдары арасындағы байланысты анықтаған ауқымды зерттеуіміздің басты қорытындысы: отбасылардың сұранысы негізінде несие ұсыныстарының артуы жалпы бизнес циклының қозғаушы күші болады.  Біз мұны «несиеге негізделген отбасылық сұраныс каналы» деп атаймыз. Несие берушілер қарыз алушының табысы мен өнімділігіне назар салмастан, несие мөлшерін арттырып, оның пайыздық үстемесін төмендетсе, несиелендіру көлемі ұлғаяды. Жаңа зерттеуде біз несиеге негізделген отбасылық сұраныс каналы басты үш концептуалдық принципке сүйенетінін анықтадық. Біріншіден, технология да, тұрақты табыс та емес, ең алдымен несие көлемінің артуы экономикалық белсенділікке себепкер болады. Бұл - даулы пікір. Модельдердің көбі өнімділіктің құлдырауы сияқты нақты факторлар макроэкономикалық тербелістерге себеп болады дейді. Бірақ біз өзі қарыз беруге дайын тұратын қаржылық сектордың рөлі төмендетіліп көрсетіледі деп санаймыз. Біз ұсынған екінші принцип бойынша, несиелендірудің ұлғаюы фирмалардың өнімділігін еселеудің орнына отбасылардың сұранысын арттыру арқылы нақты экономикаға ықпал етеді. Соның нәтижесінде қарқынды несие инфляцияның артуына және адамдардың сауда немесе экспортқа бағытталған бизнес секторында емес, құрылыс пен бөлшек саудада көбірек жұмыс істеуіне алып келеді. Соңғы 40 жылда кең қанат жайған несиелендіру өнімділікті арттыру жобаларын емес, отбасылардың шығындарын ұлғайтуды қаржыландырып келген. Біз байқаған үшінші қағида несиеге негізделген бизнес циклдың құлдырау кезеңінің неліктен ауыр болатынын түсіндіреді. Ең басты проблема - әдетте банк дағдарысы кезінде болатын несиенің азаюы барысындағы борышкерлердің шығынды күрт қысқартуына экономиканың бейімделе қоюы қиын. Тіпті қысқамерзімді пайыздық үстемелер нөлге дейін төмендеген күннің өзінде салымшылар жалпы сұранысты ұлғайтатындай көп деңгейде ақша жұмсамайды. Ал ұсыныс жағына келсек, жұмыс түрлері саудадан басқа сектордан сауда секторына оп-оңай көшіп кете алмайды. Оның үстіне, номиналды мызғымастық, банк секторындағы үзілістер және бұрынғы дәстүрдің үзілуі қарқынды несиелендіруден кейінгі кезеңді тіпті ауырлатып жібереді. Несие циклының экспансионистік және тежелу кезеңдеріне көбірек назар салған біздің еңбегіміз ғалымдардың бұрынғы еңбектерімен үндес болып шықты. Экономистер Чарльз Киндлбергер мен Хайман Мински дәлелдегендей, қаржы дағдарысы мен несие ұсынысының азаюы - тұрақты экономикаға әсер ететін экзогенді оқиғалар емес. Керісінше, бұлар мұның алдындағы экономикалық шығындардың, соның ішінде несие ұсынысы көлемі ұлғаюының салдары ретінде қарастырылуы керек. Қысқаша айтсақ, несие ұсынысының ұлғаюы өзін өзі құртуға жол салады. Сәтсіздіктің мәнін түсіну үшін біз қарқынды несиелеуге, соның ішінде әсіресе мінез-құлықтағы біржақтылыққа және жиынтық сұраныстың сыртқы факторларына назар салуымыз керек, бұл күмпиіп барып сәтсіздікке ұшырайтын бизнес циклында ерекше рөл ойнайды. Бірақ мұнда тағы бір сұрақ туындайды: несиелендірудің күрт көбеюіне не түрткі болады? Тарихи эпизодтарға қатысты әдебиеттерге сүйенсек, қаржы жүйесіне капиталдың тым жылдам құйылуы несие ұсынысының артуына түрткі болады деп айта аламыз. Соңғы рет мұндай жағдай АҚШ-тағы табыс теңсіздігімен және дамушы нарықтардағы салым көлемінің артуымен қабаттаса көрініс тапты (АҚШ Федералдық резервінің бұрынғы төрағасы Бен Бернанке мұны «әлемдегі қордың шектен асуы» деп атаған). Біз бизнес циклдарға көбірек назар салғанымызбен, несиеге негізделген отбасы сұраныстарының арту каналы ұзақмерзімдік мәселелерге қатысты сұрақтарға да жауап бере алуы мүмкін. Сан-Францискодағы Федералдық резерв банкінің өкілдері Оскар Джорда, Мориц Шуларик және Алан Тейлор дәлелдегеніндей, дамыған елдерде әсіресе отбасыларды несиелендірудің ЖІӨ-ге шаққандағы көлемінің өсуі байқалған. Оның үстіне бұл ұзақмерзімді пайыздық үстеменің төмендеуімен және ел ішіндегі теңсіздік пен «қордың шектен асуымен» қатар жүрген. Қазіргі мәселе - бұл ұзақ мерзімдік трендтер мен бизнес циклдардың біз білетін жиілігімен арада қандай да бір байланыстың бар-жоқтығын анықтау болып тұр.
Автор туралы: Aмир Суфи - Чикаго университеті Бут бизнес мектебінің экономика және қоғамдық саясат профессоры және «Қарыз үйі» кітабының авторы.
Атиф Миан - Принстон университетінің экономика, қоғамдық саясат және қаржы профессоры, Вудро Вильсон мектебіне қарасты Джулис-Рабиновиц атындағы Қоғамдық саясат және қаржы орталығының директоры, «Қарыз үйі» кітабының авторы.
Copyright: Project Syndicate, 2018. www.project-syndicate.org

Похожие материалы