Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

"Болашақ" бағдарламасына өзгерістер енгізілді

"Болашақ" бағдарламасына өзгерістер енгізілді

"Болашақ" бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді шәкіртақы иелері шет тілін үйренудің алғашқы 6 айын ел ішінде, кейінгі жарты жылын шет елде өткізеді.  Бұл туралы "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Ғани Нығметов хабарлады.

"Осыған дейін біз тіл үйретудегі "6+6" дайындық формасы туралы айтып келген едік. Енді ол заңды түрде күшіне енді.  Осы жылдың қыркүйек-қазанынан бастап барлық квоталы санатқа түскендер "6+6" жаңа моделімен оқитын болады. Яғни тіл оқыту бағдарламасының алғашқы 6 айы Астана мен Алматыдағы тіл оқыту орталықтарында өтеді. Осыдан кейін олар тіл меңгеруді жетілдіру үшін шетелдерге жіберіледі", - деді Нығыметов. Осы арқылы тіл оқыту бағдарламасы 18 айдан 12 айға дейін қысқартылды.

Сондай-ақ қазақстандық магистранттар да арнайы шәкіртақыға ие бола алады. Ғани Нығыметовтың атап өтуінше, осыған дейін елімізде магистр немесе доктор дәрежесін алғандар "Болашақ" бағдарламасына дәл осындай дәреже үшін шетелде оқуға өтініш бере алмайтын. Қазір бұл норма кері шегерілді. Яғни магистр немесе PhD дәрежесі бар үміткерлер "Болашақ" бағдарламасына қатысып, шет елдік оқу орындарындағы дәл осындай деңгейге ие бола алады. Соның ішінде докторлыққа үміткерлердің дипломындағы орташа балл  5-тен 4-ке түсірілді.

Бағдарламаға енгізілген тағы бір өзгертудің бірі - шәкіртақы санының қысқартылуы. "Шәкіртақы көлемі біздің бюджетімізге байланысты шектеліп отырады. Осы жылғы көлемі -600",- деді Нығыметов. Оның айтуынша, шәкіртақының қысқартылуына әлемдік экономикалық дағдарыс себеп болды. Салыстыру үшін, өткен жылы Республикалық комиссия 1100 орын бөлген еді. "Болашақ" басшысының мәліметінше, жыл сайын бағдарламаға қатысу үшін 2000-нан астам өтініші келіп түседі.

"Әр жылдары бәсекелестік деңгейі әр түрлі болатын. Бұл жылы бір орынға бәсекелестік өте жоғары болады", - деп атап өтті Ғ.Нығыметов.

Жалпы бағдарлама іске асырылған жылдары 11 мың шәкіртақы тағайындалып, 7 мың 929 маман дайындалды. Халықаралық бағдарлама орталығының ақпараты бойынша, түлектердің 98%-ы жұмысқа орналастырылған.

Похожие материалы