Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Брокер деген кім?

Брокер деген кім?

Брокер - бұл клиенттің тапсырмасы бойынша, оның қаржы есебінен және оның мүддесі үшін эмиссиялық бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен мәміле жасайтын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы. Ол брокерлік немесе дилерлік қызметті көрсетуге лицензиясы бар қаржылық компания болып табылады.

Брокер клиенттің тапсырмасы бойынша, оның қаржы есебінен және оның мүддесі үшін мәміле жасау бойынша қызмет көрсетеді. Брокердің қызметін клиент (инвестордың өзі) онымен жасалған келісімнің шарттарына сәйкес төлейді. Брокерлік қызмет көрсету туралы келісім-шартта брокердің бағалы қағазбен операция жасау бойынша тарифтері көрсетіледі. Осы тарифтермен алдын ала немесе келісім-шарт жасау кезінде танысуға болады.

Брокер бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы ретінде арнайы лицензиясы болады, сондай-ақ, клиенттің (инвестордың) тапсырмасы бойынша, оның қаржы есебінен және оның мүддесі үшін эмиссиялық бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен мәміле жасайды. Биржадағы сауда кәсіби қатысушылар - брокерлік ұйымдар арқылы ғана жүзеге асырылады. Жеке инвесторлар биржадағы саудаға тікелей қатыса алмайды.

Брокерлік компанияларда нарықтардың барлық беталыстарын жіті қадағалап, нарық пен эмитент-компаниялар жөнінде арнайы шолулалар шығаратын кәсіби сарапшылар жұмыс жасайды. Олар өздерінің клиенттеріне қандай да бір инвестициялық (бағалы қағаздарды сатып алу, ұстап тұру немесе сату туралы) шешімдерді қабылдауға кеңес бере алады.

Инвестордың мүддесін қорғау мақсатында заңнама бойынша брокер Бағалы қағаздар орталық депозитариінің (ОД) шотында сақтаулы тұратын клиенттің бағалы қағаздары мен қаржысына тікелей қолжеткізе алмайды. Брокер банкротқа ұшыраған жағдайда инвестордың қаржысы мен бағалы қағаздары ОД-дегі аталған шотта қала береді. Инвестициялау нәтижесінде түскен (мәселен, акцияларды сатудан түскен) қаржыны алу үшін инвестор брокерге осы қаржыны ОД-дегі шотынан өзінің қолданыстағы банк шотына аудару туралы бұйрықты береді. Есепті жыл қорытындысы бойынша сәйкесінше қаржы сомасын Компания шотынан акционерлердің қолданыстағы банк шотына аудару арқылы Эмитент-компания дивидендтер төлемін жеке өзі жүзеге асырады.

Инвесторлардың құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында брокерлік компанияларға құзырлы орган - Қазақстан Ұлттық Банкінің Қаржылық нарықты және қаржылық ұйымдарды қадағалау комитеті тарапынан нақты талаптар (меншікті капитал көлемі, пруденциялық норматив, аудитке қатысты және тағы басқа талаптар) қойылады.

Мәліметтер kaztransoil.kz сайтынан алынды

Похожие материалы