Алматы. 11 сәуір. 7kun.kz - Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау Ұлттық банктің негізгі міндеттерінің бірі болып саналады және ипотекалық қарыз алушылардың жағдайы тұрақты бақылауда және мониторинг жүргізіледі.
Ол, мемлекеттің объективті себептерге байланысты күрделі жағдайға ұшыраған ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсетуі бойынша бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдап отырғандығын атап өтті.
«Қазақстанда 2015 жылдан бастап ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осы бағдарламаның шеңберінде бүгінгі күні 23 000 астам қарыз алушыларға көмек көрсетілді. Олар өздерінің жалғыз баспанасын сақтап қалды және ипотекалық қарыз бойынша төлемдерін жеңілдетті. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, қайта қаржыландырылған қарыздардың саны 2026 жылға дейін 40 мыңға жуық болады деп болжанады» - деп айтып берді Д.Ақышев.
Ол 2018 жылғы 27 наурызда ҚР Ұлттық банкінің басқармасы ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын жаңа редакцияда бекіткендігін, онда валюталық ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету, сол сияқты 2004 - 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген қарыздарды қайта қаржыландыру кезінде жақсартатын жағдайлар көзделгендігін еске салды.
«Бағдарламаның валютамен ипотекалық қарыз алушыларға көмекті көздейтін бөлігі Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банкке берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Мемлекет басшысы Ұлттық банкке халықтың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валютамен ипотекалық қарыздары бойынша мәселені түпкілікті шешуді тапсырды, аталған бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Қазақстанда тұрғын үй және өзге жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген жеке тұлғалардың барлық валютамен ипотекалық қарыздары Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгеге айырбасталады және мұндай қарыздар бізде 21 000 асады»,- деді Ұлттық банк басшысы.
Ол, Қазақстанда 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап шетел валютасымен кірісі жоқ жеке тұлғаларға шетел валютасымен ипотекалық қарыздар беруге заңнамалық тұрғыдан тыйым салынған деп баса айтты.
«Қарыз алушыларға көмек аясында Ұлттық банк ипотекалық қарыз алушыларға, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылғандарға көмек берудің келесі сатысына көшті – бұл жалға берілетін баспана тетігін әзірлеу. Біз, мемлекет тарапынан қолдауға халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар ерекше мұқтаж екенін көріп отырмыз. Олардың көпшілігінің жалғыз кіріс көзі мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар болып табылады. Олар кредиттерін өтеу үшін оны толығымен банктерге беруге мәжбүр. Қазіргі уақытта Ұлттық банк маңызды заңнамалық бастамамен шығып отыр. Оның мәні: банктерге бағдарлама аясында қарыз алушының ипотекалық қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамауына байланысты өндіріп алу нәтижесінде олардың меншігіне көшкен баспананы жалға беру құқығын беру. Бұл түзету қарыз алушыға бұрын оған тиесілі болған баспананы өзінің меншігіне қайтару мүмкіндігін береді», - деп сөзін қорытты Д.Ақышев.