Авто
Дағдарыс кезінде ақшаны қалай үнемдеген жөн
Күнделікті жаңалықтар лентасынан хабардар болып жүрген адам дағдарыс жайын басқаларға қарағанда жиі еститіні рас. Экономиканың басына түскен қиындықтың салқынын сезінетіндер қатары да күн өткен сайын көбейіп келеді. Тек құйын тіршілікте көк қағаз айналымымен шаруасы жоқтар экономикалық күйзелістің салдарына бас ауыртпайды. Бірақ алпауыт компаниялардың жағдайы сіздің шағын отбасылық бюджетіңізде де орнауы мүмкін. Дағдарыста өмір сүру жолдарын алдын-ала қарастыру керек. Өзіңізді отандық кәсіпорынның басшысы сезініңіз де, қарамағыңыздағыларды экономикалық шыңыраудан құтқару жолдарын қарастырыңыз.
Бірінші қадам: бюджетті есептеу
Кез-келген шағын кәсіпорыннан бастап алпауыт корпорацияға дейін жылдық жұмыс жоспарын кіріс-шығысты есептеуден бастайды. Бұл өте маңызды. Осыған дейін есеп-қисаптарыңызды жазып жүрген болсаңыз тамаша.
4 конверт ережесінен хабардар болуыңыз да мүмкін. Мұндай әдетіңіз болмаса, үйренуге тура келеді. Тор көз дәптер немесе компьютерден Excel файлын ашып, өз "кәсіпорныңыздың" шығындарын есепке алыңыз.
1) Коммуналдық төлем, несие, сақтандыруға кететін міндетті төлем түрлері. Ұсақ қарыздар да бар.
2) Тамақ, көңіл-көтеруге және ай сайынғы қажетті заттарға кететін болжамды шығындар
3) Алдын-ала жоспарланбаған шығындар (ауырып қалу, жұмыстан кету немесе ақшаны жоғалтып алу)
Мұның барлығына табыстың 40% -ы кетер болса, сіздің бюджетіңіздің жағдайы жақсы. Бірақ көп жағдайда шығындар тым көп болады. Олардың көлемі табысыңызға жақындап қалса, тезірек қысқарту қажет. Үнемі бюджетіңізді басқарып, сол жоспарды орындауға үйреніңіз. "Жұмсаған шығындарыңыз, тапқан табысыңыздан үнемі аз болсын" деген қағиданы ұмытпаған жөн.
Екінші қадам: үнемдеуді бастау
Кез-келген корпорация шығындарын азайтуды дәл осындай қадамнан бастайды. Сіздің де үйренгеніңіз абзал.
-
Қажетсіз заттар. Үйдегі тартпаларды бір ақтарып шығыңызшы, күнделікті тұрмысқа керек емес-ау деген ескі бұйымдар бірден табылады. Сіздің тек одан толығымен бас тартып, жеңілдікпен сатып жіберуіңіз қалды. Ұсақшылдық болып көрінуі мүмкін алғашында, бірақ өте пайдалы әдет әрі жалақыңызды сақтайсыз.
-
Ойын-сауық пен көше тамағын азайту қажет. Киноға баратын кешкі сеанстарды демалыс күнгі таңертеңгі уақытқа ауыстыруға немесе үйден көруге болады. Жалғыз тұрсаңыз ақша айналымыңызды қадағалау оңайырақ. Ал отбасыңыз болса, балаңызға да үнемдеу құпияларын үйрету артық етпейді. Екі аптадан соң онсыз да керегі жоқ болатын ойыншықтарды азайту қажет. "Мың теңгеге бола көңілін қалдырып қайтем" деген ақжүректіліктің арты "басқалардың бәрінде соңғы үлгідегі айфон бар" деген талаптардың жиі естілуіне әкеп соғады.
-
Жеңілдіктермен дос болыңыз. Интернет-магазиндер, аукциондар. Олардан көп нәрсені алуға әрі үйренуге болады. Әрине, киім-кешекке келгенде екі аптадан соң өңінен айырылатын арзан 5 жейденің орнына сапалы екеуін алған дұрысырақ. Бірақ кіреберіс дәлізге аяқ киім салатын шкаф іздесеңіз, жиһаз дүкенінен гөрі интернетте ұсталған болса да, сапалысын алуға болады. Ол қонақ бөлмеде тұрмайды, міндеті - тек аяқ-киімді сақтау. Артық сәннің қажеті жоқ.
Осы тәрізді күнделікті шығындарыңызды бақылап отырсаңыз, қажетсіз дегеннің бәрі көз алдыңызда тұрады. Бірақ үнемдеуді жөнді-жөнсіз шығынды азайта беру емес, бюджетіңізді дұрыс басқарудың тиімді тәсілі деп қараңыз.
Үшінші қадам: қарыз төлеу үшін алынады
Қарыз - бір күндік азық, бір айлық сары уайым. Алған соң төлеуге асығу қажет. Коммуналдық төлем, пәтерақы, несие. Уақытында ақшаңыз болса ертерек төлеп тастап отырыңыз. Кейін қиын күндерде сіздің еңбегіңіз ескерілетін болады. Уақыт үнемдеу үшін интернет арқылы төлем жасау таптырмас құрал. Жүйкеңіз бен жол шығыныңыз орнында қалады.
Несиені уақытында төлеп отыруды әдетке айналдыру керек. Бірақ кей жағдайларда (ауырып қалу, банкроттық т.б.) несиені төлеу тіпті мүмкін болмайды. Сары уайымға салынып, телефонды өшіріп, банк қызметкерлерінен қашудың қажеті жоқ. Банкке өзіңіз барып,
барлығын түсіндіріңіз. Сіз келісе отырып, несиені қайта құрылымдауға болады. Негізгі соманы бірнеше айға кейін шегеріп, тек комиссияны төлейсіз. Немесе төлем мерзімі ұзартылып, ай сайын төлейтін сома азайтылады. Мұның барлығы сіздің аяғыңыздан тік тұрғанша ұсынылады. Банктермен әрдайым келісіге келуге болатынын ұмытпаңыз.
Ал жұбайыңыз "блендерсіз ас үй қаңырап тұр" деп, техника сататын дүкенге аттандырса, тұтынушылық несиесін алуға болады. Бірақ оның көлемі жалақыңыздың 15 пайызынан аспау қажет. Барынша. Өзіңізге ыңғайлы болады. Дүкенде жалақы, 15 пайыз, несие деген кілт өздерді есіңізден шығармаңыз.
Төртінші қадам: қиын-қыстау күндерді ұмытпаймыз
Бар шығындарды есептеп, қысқартып болғаннан кейін қалған жалақының бөлігін шегеріп қоюға болады. Алдымен қосымша қор жинап отырыңыз. Кейінірек, саналы түрде жалақының 5-10 пайызын бөлек алып отырыңыз. Банктен жинақ шот ашып қоюға болады.
Девальвация туралы долбарларға сенбесеңіз, депозитті 3 түрлі валютаға салыңыз. Сенімді. Күнделікті айтылып, естіліп жүрген кеңес болуы мүмкін. Бірақ, қазірден бастап жүгінсеңіз, отбасылық бюджет дағдарысқа ұшыраған кезде, нағыз "суперменнің" ролін атқарады.
Арнайы жоспарланып қойылған кестені орындауға күдігіңіз болса, болжамды шығындар үшін бөлек соманы алып қоя салған жөн. Демалыс кезінде саяхаттауды немесе емделуді жоспарласаңыз, 3-6 ай ішінде толтыруға болатын қысқа салымдар ыңғайлы болады. Мұндай жинақ үшін 5-10 пайыз жылдық мөлшерлеме белгіленеді.
Бесінші қадам: қосымша табыс көзін қарастырыңыз
Сіз өзіңізді кішігірім "отбасылық кәсіпорынның" басшысы сезінгеніңізбен, бастығыңыз онымен санаса қоймауы мүмкін. Қысқартылған жүздеген қызметкердің арасында бір күні сіздің де болуыңыз мүмкін. Тауыңыз шағылмасын, жігеріңіз жасымасын. Дағдарысқа шағым айтып болған соң басқа табыс көзін қарастыруды бастаңыз.
- Ең алдымен
"ҚР еңбек туралы" заңына сәйкес қызметкерлердің саны мен штатының қысқаруына байланысты қызметтен босатылған қызметкер орташа айлық жалақы мөлшерінде өтемақы алу құқығына ие деген бапты ұмыптау қажет. Жұмыстан шығуыңызға байланысты күдік тудыратын нюанстардың барлығын осы заңды оқу арқылы түсініп алуға болады.
- Қызметіңізден айырылғаннан кейін, үкімет тарапынан қолдауға ие бола аласыз. 1 ай ішінде жергілікті жұмыспен қамту бөліміне барып, тіркелу қажет.
- Бірнеше айлық қосымша мамандық курстарында оқуға болады. Бухгалтерия жөнінен қосымша семинарға бару дағдарыс кезінде көмектесе қоймайды.Ал қабілетіңіз бен икемділігіңізге қарай таңдалған қажетті мамандық қиын-қыстау күндері отбасылық бюджеттің құтқарушысы болады. Бәлкім, жұмыс істеп жүріп-ақ бұл туралы ойлану керек шығар.
- Таныстарыңызды пайдаланыңыз. Қарапайым. Достарыңыз бен туыстарыңызға жұмыс қажет екендігін айта жүріңіз. Біреу болмаса біреуінде сіз үшін қолайлы бос орын табылады. Интернетке хабарландыру ілу, резюме жіберу- кез-келген мүмкіндікті қарастырыңыз.
- Бизнесіңізді ашыңыз. Дағдарыс кезінде гүлденген
компаниялар қаншама. Жұмыссыздықты тағдырдың сізге жіберген сыйы деп біліп, жаңа кәсіпті бастауды ойланып көруге болады.
Дағдарыс - өтпелі кезең. Бірақ дәл осы кездегі сіздің бюджетіңіздің тұрақтылығы "экономикалық құрдымға" батып кетпеуге көмектеседі.
Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"