Кәсіпкерлікті дамыту "Даму" мемлекеттік қоры екінші деңгейлі банктермен өнеркәсіпті өңдеу саласындағы шағын және орта бизнеске несие беру туралы келісімге қол қойды деп хабарлайды қордың баспасөз-қызметі.
Өнеркәсіпті өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру Ұлттық қордан "Дамуға" 50 млрд теңге көлемінде берілетін үшінші транш аясында өтеді. Аталған қаржы "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингі арқылы Ұлттық қордан облигация түрінде алынған. "Дамуға" 20 жылдық мерзімге, уақыт аяқталған кезде барлық соманы бірден төлеу қажет деген шарт бойынша берілді.
Ал екінші деңгейлі банктер қаржыны бір жыл ішінде кәсіпкерлерді несиелендіруге бағыттауы қажет. Соңғы несие алушылар үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспауы қажет, несиелендіру уақыты - 10 жыл. Несие берудің максималды сомасы - 1 млрд 850 млн теңге.
"20 жылдық мерзімге 50 млрд теңге сома бөлу шағын және орта бизнес жобаларын 176,8 млрд теңге көлемінде қаржыландыруға мүмкіндік береді. 20 жыл ішінде болжамды түрде қаржыландырылған кәсіпорындар саны 800-ден асады", -деді "Даму" қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.