Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Дамушы елдердің валютасы нығайып келеді

Дамушы елдердің валютасы нығайып келеді

Дамушы елдердің валюта курсы соңғы кездері өзгеріп келеді. Жаһандану проблемалары мен шикізат құнының төмендегіне және АҚШ ФРЖ-нің пайыздық мөлшерлемені көтергеніне қарамастан, бұл мемлекеттердің ұлттық валютасы айтарлықтай құнсыздана қойған жоқ. Керісінше, кейбірі көтерілді, бұған экономика мен нарықтың жақсаруы себеп болуы мүмкін. Ал доллар нығаюдың орнына құбылмалы күйде тұр.

Дамушы нарықтар осы жылы өздерін басқа қырынан таныта бастады. Олардың валютасы долларға шаққанда төмендеген жоқ. Одан бөлек, АҚШ-тың федералды резерв жүйесінің ақша саясаты қатаң және қазына облигациялары сол жоғары күйінде.

Нарықтағы кейбір ойыншылар бұл жағдайды 2013 жылмен салыстыра бастады. Ол кездері АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларының табысы артқан соң, инвесторлар дамушы нарықтарды тастап кеткен еді.

Jefferies International сарапшысы Брэд Бехтелдің айтуынша, АҚШ экономикасы табысының жоғарылауы мен шикізат құнының төмендеуі дамып келе жатқан нарық үшін қатты соққы болуы тиіс еді.

Әлемдік экономиканың қайта қалпына келіп жатқан тұсында дамушы мемлекеттердің нарығы да нығайып келеді. Бұған 2016 жылдың IV тоқсанындағы доллардың әлсірегені де әсер етті. Ол тек дамушы нарықтың ғана емес, дамыған мемлекеттердің де валюталарына қатысты әлсіреген.

Соңғы жағдайдың себебі мынау болуы да мүмкін. Облигациялар мен доллардың өсуін күтіп, сауданы сол позицияға ыңғайлаған инвесторлар Дональд Трамптың экономикалық реформалары мен АҚШ-тың ЖІӨ мен инфляциясын көтеремін деген уәдесі орындала қоймағандықтан, кейбірі позицияларын жапты. 2017 жылдың І тоқсаны аяқталып келеді. Ал жаңа президенттің сайлау алды берген экономикалық салалардағы өзгерістер туралы уәделері әлі де орындала қойған жоқ.

JPMorgan Chase есептеген дамушы елдердің валюталарының индексі жыл басынан бері 4 пайызға көтерілген. Бұл қазаннан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Долларға шаққанда нығайған 10 валютаның ішіндегі 7-еуі  - дамушы нарық валюталары. Ең көп нығайған ОАР рандасы (9 пайызға) мен мексикалық песоның (8,5 пайызға) курсы. Соңғысына, тіпті, Трамптың протекционистік көзқарастағы пікірлері де әсер ете қоймаған секілді.

Валюта нарығындағы ойыншылардың позициялары бойынша Bank of America Merrill Lynch-тің мәліметтері бұл трендті растайды. Дамушы елдердің валюталарына құйылып жатқан инвестиция ағымы 10 дамыған мемлекеттің әрқайсысымен салыстырғанда да асып түседі.

Бұдан бөлек, carry trade секілді оперциялар ранд пен үнді рупиін тиімді етіп көрсетіп отыр, дейді Goldman Sachs. Carry trade операциясында трейдерлер пайызы төмен елдерден кредит алып, оны табысы жоғары құралдарға құяды.

NN Investment Partners қорындағы Валентин ван Ниувенхёйзен бұл жарыстың тағы үш айдай жалғасатынын айтты. BofA стартегі Мирия Кириаку дамушы елдердегі инвесторлар Трамптың импортқа енгізген салығына да бірқалыпты реакция танытып отыр деп есептейді. Сонымен қатар, өткен аптадағы ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемені біртіндеп жоғарылатып отырғаны да олардың сенімдерін нығайта түскен. ФРЖ-ның мұндай стартегиясы дамушы елдерге өте ыңғайлы.

2013 жылмен салыстырғанда, ФРЖ қазір өз ұстанымын ашық айтады, дейді Индонезияның қаржы министрі Шри Мульяни Индравати. Оның сөзіне сенсек, бұл осы жылғы  инвесторлардың жағымсыз реакцияларын төмендетеді. Себебі қазір олар аңдаусызда шыға келетін қаржылық тәуекелдерден ада.

Дамушы елдерге төніп тұрған ең үлкен қауіп АҚШ-тың Қытайға қарсы протекционизмі, деп ескертеді GAM-ның инвестиция жөніндегі директоры Пол Макнамара: "Дамып келе жатқан нарықтар үшін Қытай экономикасының тұралап қалғаны жақсылық әкеле қоймайды".

"Бұдан бөлек, экономикасы дамып келе жатқан елдердегі жағдай инвесторлардың өзін жайлы сезінуіне мүмкіндік бермей отыр. Өндіріс көлемі мен бәсекелестік дамымаған. құрылымдық проблемалар жеткілікті және олардың дамыған елдерді ЖІӨ-нің өсімі бойынша басып озуы екіталай", - дейді  UBS-тің стратегі Бхану Баведжа. "Біз дамушы елдердердегі өсімнің қалпына келгенін сезінген жоқпыз", - деді ол.

Дегенмен, олардың экономикасының өсімі артып келеді, дейді ван Ниувенхёйзен. Ол дамушы елдер "капиталдың кетуінен" толық қормалмағандығын және оған ФРЖ-ның қатаң саясаты мен АҚШ мемлекеттік облигациялары табысының жоғарылауы әсер етуі мүмкін екендігін мойындайды. Бірақ бұл қауіптер дамушы елдердегі экономика өсімімен аздап теңескен.

Ал Макнамараның пікірінше, бүгінде дамушы нарықтағы негізгі факторлар 2013 жылы одан инвесторлардың қашқан кездерімен салыстырғанда әлдеқайда жақсарған. Ол "Дамушы елдер өз қабілеттеріне сай капитал тартып отыр" - дейді.

Дамушы елдердің валютасы басқа активтермен, мысалы, дамыған елдердегі шамадан тыс бағаланған акциялармен салыстырғанда тартымды көрінеді. Олардың курсы жоғарылауы мүмкін. "Бірақ бұл  "бұқа нарығы" (акция, облигация, тауар бағасының ұзақ көтерілуі деген мағынаны білдіретін жаргон - ред.) емес, тек кеткен есені қайтару ғана", - деп есептейді Макнамара.

Роджер Блитц / Financial Times. Орыс тіліне аударған:Алексей Невельский

Дереккөз: Ведомости

Похожие материалы