Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Данияр Ақышев банктерге қалай көмектеседі?

Данияр Ақышев банктерге қалай көмектеседі?

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ірі банктерге «акционерлердің банкті докапиталдандыру қағидасы» бойынша мемлекеттік көмек көрсетілетін бағдарлама әзірленетінін мәлімдеді. Сарапшылар «үкімет токсинді қаржы институттарының капиталына қайта кіреді» деп болжап отыр. Олар мемлекет қаржысы капиталына тек нарық талаптарына сәйкес кіру керек екенін айтады.

Тәуелсіз қаржыгерлер "банк секторының акционерлеріне бизнес жүргізу қиындап бара жатыр" дейді. Жуырда банктердің «аман қалуына» мүмкіндік беретін бірігуден бөлек, ресурстарын сақтауға жағдай жасайтын және бір амал табылуы мүмкін. Ол – мемлекеттік көмек. Үкіметтің президент қатысуымен өткен отырысында Данияр Ақышев банк секторын сауықтыру шараларының ішіне банк акцияларының сапасын әділ бағалау да кіру мүмкін екенін айтқан.

«Оны 2017 жылы өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, ірі банктерге «акционерлердің банкті докапиталдандыру қағидасы» бойынша мемлекеттік көмек көрсетілетін бағдарлама әзірленуі мүмкін. Заңнамаға енгізілуі мүмкін өзгерістерді Ұлттық банк әзірлеп, жуық арада үкіметке береді», - деді орталық банк төрағасы.

Бұл - мемлекет банктерді тікелей қаржыландырады деген сөз емес. Данияр Ақышев басылымдардың біріне берген сұхбатында мемлекеттік қолдау бағдарламасы белгілі бір соманы бермейтінін айтқан. «Қиындыққа тап болған банктерге қаржы көздерін іздеу керек. Ең алдымен, негізгі қаржы берушілер сол банк акционерлерінің өзі болу болу керек. Егер акционерлердің қаржысы жеткіліксіз болса, мемлекет қолдаудың қандай да бір формаларын қарастыруға болады. Яғни бұл банктерге тіке қаржы құю емес, тек жанама жәрдемдесу ғана болады», - деген еді Ұлттық банк төрағасы.

Бас банкир сондай-ақ мемлекеттік көмек кейбір банктер үшін «жайлы және жеңілдетілген орта қалыптастыру» арқылы да көрсетілуі мүмкін екенін айтты.

«Негізінен түрлі жолдар арқылы көмек беруге болады. Бірақ есесіне банктерге қойылатын талап та күшейіп кетуі мүмкін. Ең бастысы, акционерлердің өздері капиталдандыру процесіне белсенді қатысу керек», - деді Данияр Ақышев.

Сарапшылар Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге мемлекеттік көмекті қалай жүргізуі мүмкін екеніне болжам жасады. Оның бірі – үкіметтің банк капиталына кіруі.

«Ұлттық банк халықаралық тәжірибені қолдануы мүмкін деп ойлаймын. Яғни, банк қандай да бір қиындыққа ұшырағанда, мысалы банкте оң капитал сақталғанымен, провизия құруға қатысты қиындық пайда болса мемлекет оны докапиталдандыра алады. Мысалы, 2009 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры БТА, Альянс банк, Темірбанк пен Қазком капиталдарына кірді. 2009 жылдың сәуірінде мемлекеттік қор Ұлттық банктің 27 млрд тұратын 20,91 пайыз акциясын сатып алды. Кейін банк жеткілікті табыс тапқанда, мемлекеттен өзінің үлесін қайта сатып алды», - дейді Halyk Finance зерттеу департаментінің директоры Мұрат Темірханов.

Оның айтуынша, егер қандай да бір банктер мемлекет қолдауын алса, оларға жеңілдік болмауы керек.

«Мемлекет қолдауы нарықтық талаптарға сәйкес жүргізілуі керек. Бұл жағдайда директорлар кеңесінің бір мүшесі Ұлттық банк өкілі ретінде таныстырылуы керек. Сонда бақылаушы тараптан қадағалау жақсырақ болады. Менің ойымша, жекеменшік банктің ешқандай акционері мұндай болғанын қаламайды. Сондықтан мемлекет тығырыққа тірелген қандай да бір банктің капиталына кіретін болса, акционерлер мемлекетке сатқан өз үлестерін мүмкіндігіне тезірек қайтара сатып алуға тырысады», - дейді департамент директоры.

Бірақ сарапшы «Самұрық-Қазына» атынан өз портфелінде банк секілді активті сақтау мемлекетке тиімсіз екенін, оның үкімет үшін профильді емес актив екенін жеткізді.

«Менің ойымша, мемлекеттік қолдау кредит мәселесіне тап болған банктерге көрсетіледі. Банктерді докапиталдандыру Базель ІІІ талаптарына байланысты болмауы мүмкін. Себебі акционерлер мұндай талап бар екенін 2-3 жыл бұрын білетін. Демек, мемлекеттен көмек күтуге болмайды. Ұлттық банк Базель ІІІ стандартын енгізуді кризис жағдайына байланысты кейінге қалдыруы мүмкін», - дейді Мұрат Темірханов.

Кейбір сарапшылар мемлекет банктерге кредиттік желі ашу арқылы я банк облигацияларын сатып алу арқылы көмектесе алатынын айтады. «Мемлекет банктерге көмектесуі туралы нақты бір шешімі болуы керек еді, оны президент айтты. Бірақ ол кезде банк секторының жүйесінің үлкен әсер ететін банк туралы, нақтырақ тек Қазком туралы айтылды. Басқа ірі банктер Қазком секілді қиындыққа тап болған жоқ», - дейді DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев.

Сарапшының пікірінше, банктерге көмек Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тарапынан да көрсетілуі мүмкін.

«БЖЗҚ-ны жекеменшікке беруді қаламайды, себебі үкімет бұл сұрақты лоббилендіріп жатыр. Себебі үкімет үшін зейнетақы қоры – қиын кезде қолыңды сала салуға болатын қалта. Егер мемлекеттік көмек зейнетақы қорының есебінен болса, онда нарықтық пайыз сақталуы керек», - дейді Мұрат Қастаев.

Halyk Finance сарапшылары «ең ірі 10 банкке мүлдем банкрот болуға болмайды» деп пікір білдіреді. «Себебі банк секторында мәселе туындап кетуі мүмкін. Бірақ не болса да әрбір қаржы институтын бөлек қарастыру керек. Мысалы, Ресей өз нарығын «токсинді» банктерден «тазалап» жатыр. Бірақ одан ештеңе өзгеріп жатқан жоқ қой», - дейді Мұрат Темірханов.

Айта кетейік, Қазақстандағы Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Марк Хортон Қазкоммерцбанктің қаржылық жағдайын реттеу үшін қолдау қажет екенін, ол қаржыны акционерлердің өздері бөлуі тиіс деп хабарлаған еді.

«Егер акционерлер қаржы бөлмесе, мемлекеттің қаражатын алуға тура келеді. Бірақ ол Ұлттық банк пен зейнетақы қорынан емес, мемлекеттік бюджеттен бөліну керек. Осы арқылы бұл банк Қазақтандағы серіктес болуға лайықты мықты банк бола алады», — деген еді ХВҚ өкілі.

Бұған дейін Moody’s Investors Service халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан банктерінің акциясы сапасыз екенін мәлімдеген. Агенттік бұған ұлттық валютаның девальвациясы мен операциялық ортаның нашарлауы, халықтың таза табысының көлемі азаюы себеп болғанын жазған еді.

Похожие материалы