"Ақылды жеңіл жейделерді" америкалық Ralph Lauren компаниясы өткен жылы теннис чемпионаты кезінде таныстырған еді. Ол кезде аталған футболкаларды теннис доптарын жинап жүретін корт қызметкерлері киіп, сынақтан өткізген еді. Енді жеңіл жейделердің ресми сатылымы басталып, қалаған адам сатып ала алатын болады.
Бұл киімнің бағасы - 295 доллар. Дүкен сөрелерінен алдағы аптада орын алады деп жоспарланып отыр.
Жоба OmSignal компаниясымен бірлесіп жасалып отыр. Футболканың матасы жұқа күміс талшықтармен безендірілген. Барлық талшықтар жейдеге қыстырылып, кеуденің сол жақ төменгі тұсына орналастырылатын құрылғыға қосылады.
Гаджет қолданушы денесінің түрлі биометрикалық көрсеткіштерін түсіріп, жазып алады. Мәселен, жасаған қадамдарының саны, жүрек соғысының жиілігі, тыныс алуы, қанша энергия кетіргенін және т.б өлшеп отырады.
Бүгінде ондай жейделер тек ер адамдарға лайықталып жасалды. Алдағы уақытта әйел адамдарға арналған түрін жасау да жоспарда бар. Және компаниядағылардың айтуынша, спортпен айналысатындар үшін ғана емес, күнделікті киюге де болатын футболкалар шығарылады. Олардың үлгілері мен түстері де түрліше болмақ.