Ұлттық валюта бірнеше күнгі құлдыраудан кейін қайта қалпына келе бастады. Таңғы сауда кезінде валюта биржасында доллардың орташа құны 13,87 теңгеге түсіп, 270,11 теңге болды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жазылған.
Сессия кезінде сауда көлемі 233,5 млн долларды құрады. Сәрсенбі күнгі таңғы саудаға қарағанда 144,3 млн долларға өскен.
Еске сала кетейік, кеше доллар бағамы күндізгі сессия кезінде 300 теңгеге дейін жеткен еді. Бұл ұлттық валюта курсын еркін айналымға жібергеннен кейінгі жаңа рекорд. Кейінірек Ұлттық банк теңге курсын тұрақтандыру үшін 144 млн долларға интервенция жүргізді. Бейсенбідегі таңғы саудаға қатысты Ұлттық банк әлі пікір білдірген жоқ.