Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ең көп инвестиция шикізат секторына барады

Ең көп инвестиция шикізат секторына барады

2017 жылғы қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 349,3 млрд теңгені құраған. Бұл 2016 жылғы қаңтармен салыстырғанда 27,4 пайызға көп. Finprom сараптама агенттігінің мамандары ұлттық экономиканың өсуіне мемлекеттен қарағанда, инвесторлардың көмегі көбірек тиіп жатқанын айтады.

Қазақстан экономикасының өсуі біраз бәсеңдегенімен, инвесторлар салымының біраз жылдан бері төмендеуі тоқтап, қайта жанданып келе жатыр. 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында қазақстандық банктер мен кәсіпорындардың капиталына келген инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асқан.

Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек,  2016 жылы инвестиция көлемі 1 пайызға ғана өскен, бірақ бұл 2012-2014 жылдар аралығындағы шетелдік қаржыландыру деңгейімен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Осылайша, шетелдік инвесторлардың 2016 жылы Қазақстанның негізгі капиталына құйған инвестициясы капиталдағы барлық қаражаттың 14 пайызын құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда оң көрсеткіш болғанмен, бес жыл бұрынғы 21 пайыздық көрсеткіштен әлдеқайда төмен.

Сарапшылар республикалық бюджет пен шетелден келетін инвестиция көлемін салыстырғанда «ұлттық экономиканы қолдауда мемлекеттен қарағанда шетелдік инвесторлар көбірек әсер етіп» отырғанын айтады. Мұндай тұжырымға 2015 жылмен салыстырғанда республикалық және жергілікті бюджеттен қазақстандық кәсіпорындар капиталына құйылатын инвестиция көлемі 7 пайызға немесе 91 млрд теңгеге азаюы себеп болып отыр.

Осылайша, инвестиция нарығындағы мемлекет пен шетелдік инвесторлардың жалпы салымдары 14 пен 15 пайызды құрап, шамамен теңесіп қалды.

«KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі соңғы жылдары инвестицияның азаюына қарамастан, біраз жылдық тренд елдің инвестициялық өсімінің әлуеті мықты екенін айтады. Мысалы, 2005-2012 жылдар аралығындағы тікелей инвестиция көлемі 3,5 есе өсіп, $7,9 млрд доллардан 28,9 млрд долларға дейін артқан. Ұлттық банк деректерінде 2005-2015 жылдар аралығында инвестицияның жалпы көлемі 237 млрд долларды құрағаны жазылған. Ұлттық инвестиция агенттігі осыны алға тартып, «инвестиция көлемінің түсуін уақытша құбылыс» деп қана бағалаған.

Одан бөлек, инвестициялар құйылатын салалардың үлесінде үлкен теңсіздік байқалады.

Energyprom агенттігінің сарапшылары 2016 жылдың 1-жартысында шикізат бағасының арзандауына байланысты, мұнай секторына бағытталған инвестиция көлемі біршама азайғанын жазған еді. Бұған дейін 2015 жылы шикізат бағасының түсуі мен геосаяси жағдайдың нашарлауынан Қазақстанға келген инвестиция көлемі 37 пайызға азайып,  23,7 млрд доллардан 14,8 млрд теңгені құраған еді. Шикізат секторы инвестицияның ең көп азаюы байқалған саланың бірі ретінде тіркелген. Онда шетелдік инвесторлар салымы 62 пайызға кеміп, 7,3 млрд теңгеден 2,8 млрд теңгеге түскен.

Бірақ, статистика комитетінің өткен жылды қорытындылаған деректеріне сүйенсек, шикізат секторы әлі де басымдыққа ие боп тұр.

Мысалы,  2016 жылы шетелдік банкер мен ұйымдар берген инвестицияның 54 пайызы немесе 573 млрд теңге шикізат секторындағы кәсіпорындарға берілген.  (Салыстыру үшін айта кетейік, өндіруші өнеркәсіп пен көлік-логистика саласына бағытталған инвестиция көлемі 233 млрд теңге мен 215,5 млрд теңгені құраған). Оған қоса 2016 жылы инвестицияның ең көп бөлшегі елдің мұнай астанасы Атырау облысына (432 млрд теңге) барған. Дегенмен, тағы сол - шикізат бағасының арзандауы себебінен инвесторлар белсенділігінің төмендеуі жыл соңына дейін сақталып, құйылған қаржы көлемі 30 млрд теңгеге азайды да, 6 пайызға қысқарды.

КИСИ орталығының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов басылымдардың біріне берген сұхбатында шикізат бағасы бағасы 90-жылдардың соңы мен 2010 жылдар аралығында 5-6 пайызға өскенін, бірақ енді мұндай кезең қайтып келмейтінін айтқан. Оның пайымдауынша, алда жалпы ішкі өнім де жыл сайын бұрынғыдай 10 пайыз өсіп отырмайды.

- Әлемде жыл сайын экономиканың өсуі 3-3,5 пайызды құрайды. Бірақ бізде бұл көрсеткіш 1-1,9 пайыз аралығында ғана. Қазақстанға жаңа экономикалық  даму моделі керек, - деген еді ол.

Естеріңізде болса, Қазақстан президенті өзінің осы жылғы жолдауында инвестиция тартудың жаңа жолдарын қарастыруды айтып, үкіметке 2017 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанның жаңа инвестициялық стратегиясын дайындауды тапсырған. Сондай-ақ, президент 2050 жылға дейін елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 50 пайыз болуы керек екенін айтқан.

Похожие материалы