Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Е.Мұқанұлы: Экономиканы әртараптандыру – дағдарысқа тосқауыл жасау

Е.Мұқанұлы: Экономиканы әртараптандыру – дағдарысқа тосқауыл жасау
Дағдарыс қайдан пайда болды? Жеңу үшін не істеу керек? Теңгенің құнсыздануын қалай тоқтатуға болады, дағдарыс жағдайында Ұлттық банк қызметі қандай болуы керек, БЖЗҚ жиналған қаражаттың ертеңі не болады? Бұл сұрақтар бүгінде әр адамды толғантады. Бүгінгі сұхбатымызда осы және басқа да ең өзекті тақырыптарға экономика ғылымдарының PhD докторы Ерғали Мұқанұлы жауап береді.  -Ерғали мырза, сұхбат үшін уақыт бөлгеніңізге рахмет. Әңгімені дағдарыс тақырыбынан бастасақ. Дағдарыс қайдан пайда болды? - Жиһандық экономика әр түрлі себептермен жүйелі дағдырысқа ұшырауы баршаға мәлім. Оған себеп өндірілген өнімдерге әлемдік сұраныстың төмендеуі, қаржы нарықтарының тарылуы, геосаясаттың шиелесуі және тағы басқа себептер болуы мүмкін. Нәтижесінде, дәстүрлі сұранымға иелі көптеген шикізаттарға бағаның  кұлдырауы, соның ішінде мұнай мен газ жене тау-кен өнеркәсіп өнімдері нарқының шектелуі көрініс табады. Қазір әлемдік нарықтағы шикізат бағасы төмендеді. Оған басты себеп тауарларға сұраныс азая түсті. Былай қарасаңыз, парадокс орын алды. Осыған дейін мұнай баррелі 100 доллардан сатылғанда, нарықта үлкен сұранысқа ие болды. Қытай, Үндістан тәрізді дамушы экономикалар қымбатшылыққа қарамастан, қара алтын сатып алып отырды. Қазір баға барреліне 40 доллардан төмен. -Неге? 100 доллар кезінде алады да, құнсызданғанда сұраныс жоқ...  -Себебі шикізатты алып, одан өндіріп шығаратын тауарлардың өзі нарықты сұранысқа ие емес. Экспорт тауарларын тұтынатын үлкен экономикалардың даму қарқыны баяулап жатыр. Жаһандық экономикада циклдық өзгерістер орын алды. Ал біздің табысымыз тікелей мұнай бағасына байланысты болғандықтан қазынамызға түсетін табыс азайды. Бұдан бөлек тығыз серіктес әрі көрші болғандықтан біздің экономикамыз Ресейде болған экономикалық шоктарға бейім келеді. Барлық өзгерістер әсер етеді. Ресейдегі рубльдің девальвацияға ұшырауынан кейін біздің нарықта болған жағдайлар осының дәлелі. Отандық тауарларға сұраныс азаяды. -Бұл біздің экономикамыздың әлсіз екендігінің белгісі ме? -Жоғарыдағы жағдайларды сараптай отырып, экономикамызды сыртқы шоктарға бейімшіл немесе "осал" деп сипаттауға болады. Әлемдік шикізат нарығындағы өзгерістен тез соққы алып қалдық. -Түсінікті, экономикада дағдарыс бар екені анық. Мемлекет бұған қарсы  қандай саясат қолдана бастауы мүмкін? -Біріншісі - салық саясаты. Салық ел қазынасына түсетін түсімдер.  Үкімет салықтың түрін немесе мөлшерлемесін көбейтуі мүмкін. Мұның да өзара қарама-қайшы тұстары бар, қазір талқыланып жатыр. Қосымша жекешелендіру бағдарламасы жүргізіліп, мемлекет иелігіндегі обьектілердің барлығы жеке қолға берілмек. Екінші әдіс- монетарлы саясат. Ол енді Ұлттық банктың еншісіне кіреді. Ақша-несие саясаты дұрыс жүргізіліп, нарықтағы тұрақтылықты сақтау қажет. Сондай-ақ, біздегі әртараптандыру жүйесі әлі дұрыс жолға қойылған жоқ. Өндіріс тиімділігін арттырып, жаңа түрлерін игеру әлі кенже қалып келеді. Жаһандық дағдарысқа төтеп беру үшін әртараптандыруды күшейтуіміз керек. Әртараптандыру экономикалық дағдарысқа ұшырау деңгейін азайта түседі. -Әртараптандыруды оқырманға түсінікті болу үшін толық айта кетсеңіз.  -Әртараптандыру (диверсификация-ред.) дегеніміз табиғи ресурстік сектордан басқа экономика салаларын барынша кеңінен дамыту. Бұған экспорттық потенциалы және қосылмалы кұны бар ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі, сонымен қатар ішкі сұранымға бағытталған қызмет көрсету секторлары кіреді. Тұтынушылық сұранысқа ие тауарлар мен өнімдер барынша ел шеңберінде өндіріліп, жөнсіз импортқа жол бермегені абзал. Сондықтан,мардымсыз әртараптандырылған ашық экономика сыртқы дағдырыс салдарына бейім келеді. Керісінше, жартымды  әртараптандырылған экономика сыртқы сауда шоктарына тосқауыл бола алады. -Дағдарысқа теңге де ұшырады. Күн сайын құнсыздануда. Ұлттық банкке де сенім азайды. Бұлар өзі не істеп отыр деп, Ұлттық банктің қызметін түсінбейтіндер көбейген сияқты. Реттеуші орган қызметін дұрыс жүзеге асырып отыр ма? -Елдегі экономикалық саясатты үкімет, монетарлы саясатты Ұлттық банк жүргізеді. Үкіметтің саясаты қысқа мерзімді болуы мүмкін, бірақ Ұлттық банк саясаты ұзақ мерзімді болуы тиіс. Монетарлық саясат экономикалық саясатқа қарағанда ұзақ мерзімге бағытталған. Ұлттық (орталық) банктің басты мақсаты  – ұлттық валюта құнының тепе-теңдік деңгейі арқылы тұтынушылық бағаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету. Тұрақтылық оның саясатына деген сенімді арттыра түседі. Ұлттық валютаға сенімділікті нығайту монетарлық саясат атқарушы мекемеге, яғни Ұлттық банкке инвесторлардың сенімділігімен анықталады. Сенімділікті нығайтудың бірнеше жолдары бар. Олар нарықты реттеу механизмдерін анықтау арқылы айқындалады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және басқа да шаралалар бар. Мысалы, Ұлттық банк қызметкерлер құрамы жоғары дәрежелі мамандармен топталып ұзақ мерзімді жұмысқа тартылуы тиіс. Ұлттық заңнамалар бойынша орталық банк төрағасы үкіметке қарағанда ұзағырақ мерзімге тағайындалады. Өзге дамыған елдерде "Орталық банк тәуелсіздігі" деген ұғым бар. Біздегі төраға Үкімет саясаты үшін жауап бермейді. Президент ұсынысы арқылы тағайындалады. -Ұлттық банк төрағасы демекші, Қайрат Келімбетовтың атына да сын көп болды. Экс-төраға қай тұстан қателік жіберді деп ойлайсыз? -Қайрат Келімбетов осыған дейін Үкіметте болды, яғни ол монетарлы саясатта бұрын жұмыс істемеген адам. Ең бірінші қауіпті тұсы да осы жерде. Тіпті бір жыл жұмыс істегеннің күннің өзінде Ұлттық банк жұмысымен танысып алдым деуге болмайды. Басшы монетарлық саясатқа қанық болуы қажет. Келімбетовтың банк басшылығына келуінің тағы бір кемшін тұсы бар. Ол үкіметтік басқару формасымен жұмыс істеген адам. Ал үкіметте басшысымен бірге команда да ауысады деген тәжірибе бар. Қазір тоқтатылып жатқанымен, осыған дейін қолданылып келді. Бұл тәжірибені  Ұлттық банкке әкелу тіпті қауіпті.  Марченкоға дейін төраға орынбасарлары ауысқан емес еді. Себебі Ұлттық банкте оның барлық сатысынан өскен адам жұмыс істей алады. Осы жерде жұмыс істеу үшін де оның білімі мен кәсіби біліктілігі жоғары болуы қажет. -Бұл талапқа қазіргі төраға әбден келіп тұрған сияқты? -Иә, сондықтан Ақышевтың келуін дұрыс шешім деп қабылдаймын. Ақышев осыған дейін А.Марченконың орынбасары болды, ол Ұлттық банкты жақсы біледі. Ұлттық банк төрағасы тек қызметкерден бұрын жеке тұлға болуы қажет. Оның сөзі өтімді, кесек болуы тиіс. Еуропалық банктердің төрағаларының тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде беделі бар. Дүниежүзілік нарықта ықпалы зор. -Бірақ...  -Иә, өкінішке орай, Д.Ақышевтың халықаралық аренада тәжірибесі жоқ. Өздігінен жазып халықаралық деңгейде жарық көрген ғылыми еңбектері жеткіліксіз. Осы тұста жетіспеушілік бар деп білер едім. -Қазір Ұлттық банкке сенімді арттыру маңызды дедіңіз. Экономикалық құралдардан бөлек, сенім қалыптастырудың тетіктері бар ма?  -Ұлттық банк саясатына деген сенімді арттыра түсудегі тағы бір назар аударатын мәселе бар.  Қосымша ретінде, ұлттық валюта банкноттары жасандылықтан қауіпсіз деңгейінде шығарылуы тәрізді орталық банк ғимараты да ұлттық мәдени нышанына сәйкестелініп салынғаны жөн. Иә, сенімділікті қалыптастыруда оның да ролі зор. Сондықтан Ұлттық банктың ғимаратын Астанаға ауыстыруды да құптаймын. Ұлттық банк - сол ел экономикасының айнасы іспетті. Ел экономикасына, ұлттық валютаға деген сенім Орталық банктен басталуы қажет. Өзге елдер орталық банк ғимаратына дейін мән береді. Қандай-да дамыған елдің орталық банкінің ғимаратының өзінің келбетімен,  сәулетімен ерекшеленеді. Әрқайсысының сән-салтанаты келіскен. Ал біздің Ұлттық банк Алматыдағы шағын көшелердің қиылысындағы 6 қабаттық ғимаратта орналасқан. Оның еңсесі биік болуы керек еді. -Бізде ұлттық қор мен валюта қорының қызметін жиі шатастырып алады. ҰБ теңге бағамын реттеуге жұмсаған қаражатты Ұлттық қордан алған екен деп қорқынышпен қарағандар да болды. Аражігін ажыратып берсек...  -Осыдан бірнеше уақыт бұрын Дүниежүзілік банктың ұсынысымен мұнай өндіруші елдерде ұлттық қор құрылған. Бізде көп жағдайда  осы қорға қатысты ұғымдарды шатастырып алады. Ұлттық қор және валюталық қор бар. Қызметтері екі бөлек. Ұлттық қор қаржысы жинақталып, құнды қағаздар түрінде шетелдік нарыққа салынады. Ондағы қаржы бюджет тапшылығының орнын жабу үшін жұмсалады және арнайы президент тапсырмасы болу керек. Теңге бағамын реттеу үшін ол жердегі қаржы жұмсалмайды. Ал валюталық қор тікелей теңге курсын тұрақтандырып отыру үшін қажет. Осыған дейін валюталық интервенцияға жұмсалған қаржы осы валюталық қордан алынды. Оған алтын-валюталы қор пайдалынылады. Валюта қоры сақтандыру қоры тәрізді,  ол теңге бағамын ретке келтіру үшін дайын тұрады. Ұлттық қор шикізат пен салық арқылы өссе, валюталық қор нарықтағы саудаға байланысты артып отырады. -Теңгенің құнсыздануына тек дағдарыс кінәлі ма? Қосымша себепші тетіктер бар ма?  -Экспорт пен импорттық қарым–қатынастар, сыртқы инвестицияның тартылуы мен капиталдың қашуы елдің төлем теңгеріміне сәйкес ұлттық валютаның тепе–теңдік бағасын анықтап отырады. Әлемдік нарықта шикізат бағаларының көтеріңкі кезеңінде экспортпен бірге импорттың өсуі және халықаралық рейтингінің жоғарылауына байланысты сырттан инвестициялардың тартылуы басым көрінеді. Керісінше, жиһандық дағдырыс кезеңінде эспорт пен импорттың төмендуімен қатар капиталдың елден қашуына ахуал туады. Салдарынан, шетел валютасына басым сұраныс алтын мен валюталық резервтердің азаюымен бірге ұлттық валютаны құнсыздандырады. -Доллардың қазіргі бағамы туралы пікір көп. Бұған көзқарасыңыз қалай?  -Менің ойымша, доллардың негізгі бағамы 300 теңге деңгейіне жетпеуі қажет еді. Ал оның 300-ден жоғары деңгейі спекуляция арқылы пайда болған. Доллар бағамы көтеріле сала, біз айырбастау пункттеріне кезекке тұрып, жаппай шетелдік валюта сатып ала бастадық. Мұның барлығы бағамға әсер етеді. Өзіміздің ниетіміз, амалдарымыз арқылы доллар бағамын 300-дің үстіне шығарып отырмыз.  Үкімет, Ұлттық банк теңгенің курсына әсер етіп отырған осы спекулятивті құрамдас бөлігін азайтуы қажет. Ол Ұлттық банк саясатына байланысты. Егер инвесторларға Ұлттық банкке сенім артса, теңгемен жұмыс істей бастайды яғни долларизация деңгейі төмендейді. Бар мәселе - инвесторларды сендіруде. Жай сөзге ешкім сенбейді. Ұлттық банктың әрекеті ашық түрде жарияланып отыруы қажет. -Дағдарыс кезінде халықты алаңдатқан мәселенің бірі - зейнетақы қорындағы қаражат. Бұл қаражатты игеру билікті, сақталуы халықты алаңдатып келген еді. Елбасының сөзі сәл тоқтам салғандай болды. Жалпы, осы жүйе туралы тарқатып айта кетсек.  -Біз қазір түрлі халықаралық ұйымдарға мүшеміз. Олардың әлемдік экономикада әрқайсысының өз рөлі бар, түрлі қызмет атқарады. Бірақ біз олардың барлығының үздік тәжірибелерін өзімізге қабылдай аламыз. Мысал ретінде, қазіргі БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) жүйесі латын америкалық модельден келген. Зейнетақы жүйесінің еуропалық және америкалық моделі бар. Еуропалық классикалық үлгі бойынша, зейнетақы бюджет арқылы берілуі керек. Тұтас халықты жас буын және аға буын деп екіге бөліп қарастырайық. Жас буын жұмыс істеп, олардың ел бюджетіне жіберген салығы аға буынға зейнетақы болып түседі. Ұрпақ ауысқан сайын, осы цикл қайталана береді. Бұл еуропалық зейнетақы жүйесінің үлгісі. Ал америкалық үлгі бойынша пайдаланып отырған жүйе мүлдем басқа. Әрбір адам өз қызметіне байланысты жеке қорына ақша жинақтала береді. Біздегі халықтың үштен бірі өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етушілер. Бірақ олар жеке кәсіпкерлер салық төлеміне байланысты өзінің нақты табысын төмен жазады. Тиісінше қазынаға түсетін қаржы көлемі де, зейнетақы көлемі де аз болады. Ал БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) үнемі өсім табуы керек. Бұл қордағы ақшаның қай салаға түсетіндігіне байланысты. Осы орайда бізде қор қаржысының басқарылуына қатысты жақсы үлгі бар. Ол - Назарбаев білім ошақтары. Бұл жүйенің үш бөлімі бар: Назарбаев мектебі, Назарбаев университеті және Назарбаев қоры. Мектеп пен университеттің ұзақ мерзімді жұмыс істеуін қор қамтамасыз етіп отырады. Қордағы қаржының бір бөлігі шетелдік нарыққа шығарылып, өсім алынып отыр.  Қазір зейнетақы қорында осындай тәжірибе ұйымдастырылып отыр. Тек ішкі нарыққа салудан түскен табыс мардымсыз.  Бізде дамып тұрған секторлар да аз. Керісінше, спекулятивті амалдар кеңінен орын алуда. Шикізат секторынан өзге саланы табыс таба алатындай дамыған деуге келмейді. Сондықтан қордағы қаржыны шетелдік нарыққа шығару арқылы, инвестиция салу арқылы ғана табыс таба аламыз. -2017 жылдан бастап жеке тұлғалардың табысын декларациялау туралы әрекетті дағдарысқа қарсы шара ретінде қарастыруға бола ма? -Үкімет шығыс пен кіріс декларациясы туралы көптен бері айтып келеді. Жемқорлықпен күрес жолындағы шаралардың бірі. Біздегі кіріс декларациясы мемлекеттік қызметкерлер үшін қолданылады. Ал дамыған елдерде бұл жоба барлық азаматтарды қамтиды. Егер ел азаматтарының барлығы табысын нақты көрсетсе, оның қажетті бөлігі салыққа кетеді. Кірісі төмен азаматтар үкімет тарапынан қосымша табысқа ие болады. Бұл қолдауға лайық қадамдардың бірі. Ал шығыс декларациясы туралы мәселе қазір түсініксіздеу. Жыл бойына жұмсалатын шығынды қалай қадағалауға болады және оны қадағалаудың қандай қажеттілігі бар? -Ұлттық холдингтерді қысқарту туралы айтыла бастады. Қысқарту қажет пе?  -Мемлекет экономикасының негізі - өндіріс. Үкімет арнайы бағдарламалар арқылы салалық өндірістердің дамуына жағдай жасауы қажет. Ұлттық холдингтер осы үшін құрылған. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсап, өндірісті, бизнесті дамыту үшін жұмсалуы тиіс. Бірақ осы мақсатта жұмыс істеуі үшін пайда болған "Самұрық-Қазына", "ҚазАгро", "Бәйтерек" тәрізді құрылымдар өздерінің тиімсіздіктерін байқатты, жүйені орталықтандырып жіберді. Жекешелендіру бағдарламасы жүргізілгеннен кейін, бұл құрылымдардың қажеттілігі туралы сұрақ туады. Дағдарысқа дейін қара алтыннан бізге қомақты қаржы түсетін. Ал қазір "үнемдеу" режиміне көштік. Аталған ұйымдардың барлығы нәтижесіздіктерін көрсеткен соң, оларды қысқарту деген мәселе көтерілді. -Қазір қоғамдағы жиі айтылатын, алаңдататын тақырыптың бірі - ортақ валютаның енгізілетіні. Көпшілік жақын арада енгізіле ме деп алаңдайды. -Ортақ валютаға көшу әлі өте ерте. Еуропалық монетарлық ұйымның тәжірибесін жан-жақты зерделеу қажет.Доллар бағамы көтерілсе, бірінші ұтатын - экспортшылар. Экспорт ұтып, импорт ұтылады. Ортақ валюта туралы мәселеде Еуроаймақты мысалға алуға болады. Еуропадағы экономиканың локомотиві - Германия. Ол аймақтағы ең ірі экспортер. Өзге елдерге тауарын сатып отыр.  Сондықтан еуро мен доллар бағамының ара-қатынасында оған әрдайым артықшылық болады. Ал Еуразиялық аймақтағы ең ірі экономика иесі - Ресей. Рубль құнсызданғанда, еліміздің азаматтары жаппай барып, арзан тауарлар сатып ала бастады. Қазір ол өз тауарларын ЕуразАЭС-тің басқа мүшелеріне экспорттап отыр. Еуразиялық аймақта қандай да бір ортақ валюта қабылданып, ол долларға қатысты құнсызданса, бірінші кезекте Ресей ұтады. Қалғандары ұтылады. -ДСҰ-ға кіргеніміз экономикаға оң әсер етуі мүмкін ба?  -Бұл - дұрыс қадам. Экономикамыз бәсекелестікке үйренуі қажет. Біздің көп саламызда монополия, баға арнайы белгіленіп отырады. Осы жүйе жойылуы қажет. Тұтынушы әрдайым баға мен сапаны салыстырып, қалағанына барады. Себебі тұтынушының таңдау мүмкіндігі бар. Бізде де осылай болуы қажет. "Бір баға ережесі" деген қағида бар. Еуразиялық кеңістіктегі елдердің бағалары бір деңгейде болуы керек. Егер өзара айырмашылық жасалса, ұлттық валюта бағамы бойынша реттеледі. Осы тұжырымдама сақталуы қажет. -Астанада қаржы орталығының салынуын қалай бағалайсыз? Қазіргі жағдайда мұның қажеттілігі бар ма? -Осыған дейін Алматы қаржы орталығы ретінде танылды. Әл-Фараби даңғылының бойына бизнес-орталықтар салынды. Кейінірек Қ.Келімбетов бұл жоба мүмкін еместігін, қателіктерін түсініп, бас тартты. Қазір Астанаға ағылшындық заңнаманы, сот жүйесін әкеліп, шетелдіктерден кеңес алуға тырысып жатырмыз. Бұл дұрыс. Себебі оларсыз бізге шетелдік инвесторлар келе қоймайды. Бірақ, меніңше, ең алдымен отандық инвесторларды тарту керек. Нарыққа соларды шығару қажет.  Бірден шетелдік нарықтағыдай шетелдік инвесторлар келе қояды деп ойламаймын. Астанада қаржы орталығының салынуы - жақсы жоба, бірақ алыс уақыттың еншісіндегі мәселе. Жалпы бізде үкімет тарапынан жақсы ұсыныстар көп түседі, тек оларды соңына дейін жеткізу мәселесі кемшін. -Экономист-ғалым ретінде дағдарыс туралы ойыңызды білсек. Дағдарыстың жалпы қоғамға қандай әсері болуы мүмкін?  -Дағдарысты жақсы көремін. Адамды үнемшілдікке үйретеді. Осыған дейін мұнай бағасы қалыпты кезде, жайбарақат күйде жүретінбіз. Қазір үнемдеуді үйрендік. Дағдарыстың болмауы бізге еңбектенуді ұмыттырып жіберді. Енді жеке адамдар да, экономика да түзелуге беталды. -Әңгімеңізге рахмет! Фото:facebook.com

Сұхбаттасқан Ақсәуле ӘБІТАЙ "7"

Похожие материалы