Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердегі азаматтардың еуразиялық интеграцияны қолдау көрсеткіші әлі де жоғары - 60 пайыздан асады. Еуразиялық даму банкінің Интеграциялық зерттеу орталығы жүргізген "ЕАДБ-ның интеграциялық барометрі" атты cауалнама нәтижесі - осындай. Бұл жылдың көрсеткіштері аз болмаса да, былтырғы нәтижелермен салыстырғанда төмен. Сарапшылардың сөзінше, бұған мүше мемлекеттердің тұрғындары одақтан тым көп нәрсе күтуі себеп болып отыр.
Бірқатар елде ЕАЭО шеңберінде бірігу процестеріне жағымды көзқарас үлесі азайған. Мысалы, Қырғыз Республикасында еуразиялық интеграциялану процесіне деген сенім мен одаққа деген оң көзқарас 86 пайыздан 81 пайызға түскен, Қазақстанда 80 пайыздан 74 пайызға азайған. Ресейде бұл көрсеткіш 9 пайызға түсті: 78 еді, 69 пайыз болды. Арменияда 56 пайыздан 46-ға азайып, 10 пайыз кеміген. Тек Беларусияда ғана еуразиялық оптимизм біршама өсті: 60-тан 63 пайызға артқан.
Қоғамның еуразиялық жобаны қабылдауын анықтайтын тағы да бір көрсеткіш - көрші елдерді әріптес не қарсылас ретінде қабылдау деңгейі. Жалпы алғанда, ЕАЭО-дағы елдердің азаматтары серіктес елдерге деген көзқарасы - оң. Бір-біріне деген сенім деңгейі орта есеппен 82 пайыз.
Бірақ Арменияда посткеңестік елдерге деген сенім бір жылда 15 пайызға (87 пайыздан 72-ге) түсуі еурооптимистерді алаңдатып отыр. Оның ішінде, Армения қоғамының Ресейді дос ретінде көру көрсеткіші біраз түскен - 2015 жылы 86 пайыз еді, 2016 жылы 69 пайызға азайған. Қазақстанда Ресейге деген оң көзқарас басым: сауалнамаға жауап берген қазақстандықтардың 81 пайызы аталған көршіні "дос" ретінде көрсеткен. Ал ресейліктер ең жақын деп көрсеткен елдер қатарында Қазақстан 51 пайыз алып, 2-орында тұр.
Ақталмаған сенім
Еуразия Ұлттық университетіндегі аймақтану кафедрасының доценті Таисия Мармонтованың айтуынша, еуразиялық интеграцияны қоғам қолдауының азаюы еуразиялық интеграцияның азаюынан емес, одақ құрылғанда артылған үміт пен сенімнің тым жоғары болуынан. "Яғни, посткеңестік елдердің тұрғындары "барлық мәселеміз шешіледі, жұмыс табылады" деп күткендерінің әлі де орындалмағанынан", - дейді сарапшы.
"Одан бөлек, одаққа оң көзқараспен қарайтындар санының азаюы - оған деген сенім азайып жатыр деген сөз емес. Соңғы жылдары еуразиялық одақпен өзін мүлдем байланыстырмайтын, оған қатысты нақты бір ойы жоқ адамдар да көбейіп жатыр", - деді аймақтанушы.
Ішкі мәселе
Мармонтованың пікірінше, қырғызстандықтардың Еуразиялық экономикалық одақ келешегіне деген сенімінің азаюы аталған елдің ішіндегі тұрақсыздыққа байланысты болып отыр. "Қазір бұл республиканың экономикасында да, саясатында да өте маңызды мәселелер бар. "Жергілікті халықта мұның бәрі еуразиялық интеграция мен осы жобаның әсерінен болып жатыр" деген көзқарас қалыптасқан. Егер Қырғызстандағы жағдай оңалса, бұл түсінік те өзгерер", - деп пікір білдіреді сарапшы.
Маман Армения - еуразиялық интеграцияға әлі толықтай кіріп үлгермеген ел екенін, ондағы еуразскептицизмнің де сол себепті қалыптасқанын айтады. Дегенмен, сарапшы Арменияның аталған одақ жұмыстарына күмәнмен қарап, сенімсіз қабылдайтынын жоққа шығармайды. "ЕАЭО Арменияның көзіне КСРО-ның екінші нұсқасы секілді көрінеді. Халықтың да салқын қарауына сол себеп болып отыр. Армения КСРО-дан соңғы әрі кеш бөлінген еді. Сәйкесінше, сол құраммен "бұрынғыдай" одаққа оралуға халық түбегейлі қарсы болады. Бірақ бұл - Қазақстан кеңес заманын сағынып отыр деген сөз емес", - дейді Таисия Мармонтова.
Бірін-бірі танымайтындар
Қазақстан мен Ресейдің бірін-бірі мемлекеттік тұрғыда халықтың серіктес не бақталас ретінде қараудағы айырмашылықтары, маманның айтуынша, екі елдегі халық санына байланысты. Сарапшы Ресейдегі халықтың ең тығыз орналасқан бөлігі - батыс жағы ақпараттық жағынан Еуропа бағытталғанын, ал Қазақстан туралы бізбен шектесетін бөлігі ғана жақсы білетінін айтады.
Сондай-ақ, зерттеу жұмысы ЕАЭО-ға мүше ел халықтарының біріңғай телерадио компаниясына қатысты көзқарасын да сұраған. Маманның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда телевизиялық контенттің 80 пайызы - ресейлік өнім. "Бірақ бұл дұрыс емес - өзіміздің басқа әріптестеріміз: Белорусия, Армения, Қырғызстан жайлы да білуіміз керек. Қазір посткеңестік елдерді байланыстыратын "Мир" арнасы ғана бар. Халықта экономикалық одаққа дұрыс көзқарас қалыптасу үшін ақпаратпен қамтамасыз етуді де жақсартуға тиіспіз", - дейді Таисия Мармонтова.