ЕАЭО-ның алғашқы келісімінен тауар айналымының 10 миллиард долларға дейін өсуі күтілуде
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен Вьетнам арасындағы еркін сауда туралы келісім 2020 жылға таман тауар айналымының 10 млрд долларға дейінгі өсіміне әкеліп соқтырады. Бұл туралы келісімге қол қойылғаннан кейін журналистерге Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасының төрағасы Виктор Христенко хабарлады. Бұл ЕАЭО аясында қол қойылған алғашқы құжат.
"Келісімді іске асыру ЕАЭО елдері арасындағы қазіргі 4 млрд доллар деңгейіндегі тауар айналымының көлемін 2020 жылға таман кемінде 10 млрд долларға дейін арттыруға бағытталған", - деп мәлімдеді В.Христенко.
Оның айтуынша, құжат ЕАЭО реттейтін барлық тауар позицияларының 90%-ы бойынша еркін сауда режимін қамтамасыз етеді.
"Олардың жартысы бойынша келісім өз күшіне енген күннен бастап баж салығы алынбайды және нарыққа өту режимі босатылады, қалған жартысы бойынша бұның барлығы қысқа аралық кезең ішінде жасалынады", - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар В.Христенко келісім аймақ орталығы ретінде Вьетнаммен, сондай-ақ 600 млн адам тұратын ACEAH (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы) аймағымен жұмыс бағытын ашады. "Осылайша, осы келісімнің өз күшіне енуі ЕАЭО елдерінің экономикалық өміріне араласатын қатысушылар үшін жаңа нарықтарға шығуға және өзара табысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді", - деді ЕЭК алқасының басшысы.
Өз кезегінде Вьетнам премьер-министрі Нгуен Тан Зунг бұл келісім өзара тауар айналымының артуына, сонымен қатар аймақтағы ынтымақтастықтың кеңеюіне септігін тигізетінін атап өтті.
"ACEAH қауымдастығының белсенді мүшесі ретінде Вьетнам Еуразиялық экономикалық одақ пен ACEAH арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюіне ықпал етеді. Бұл халқы 600 миллионнан асатын, ЖІӨ-сі жылына шамамен 3 трлн доллар болатын серпінді дамып келе жатқан алып бірегей нарық", - деп мәлімдеді Вьетнам премьер-минситрі.