Алматы. 28 мамыр. 7kun.kz – Ертең Нұр-Сұлтанда Еуразиялық экономикалық одақтың 5 жылдығы мен Назарбаевтың еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына орай Жоғары Еуразиялық Экономикалық Кеңесінің отырысы өтеді.
Отырыстың мәлімделген тақырыбы — Еуразиялық экономикалық одақтағы Цифрлық күн тәртібінің өзекті мәселелері мен даму перспективалары. Дегенмен мерейтойлық отырыстың форматы пысықтауыш болатыны анық.
Еуразиялық экономикалық одақтың Цифрлық күн тәртібі 2016 жылдың 26 желтоқсанында қабылданған. Күн тәртібінде одаққа мүше елдердің ішіндегі және өзара өндірістік, экономикалық процестерді цифрлық форматқа көшіру көзделген.
2017 жылдың 11 қазанында ЕАЭО елдері бастапқы ықтиярлығын нақты жоспар түрінде бекітті: одақтың цифрлық күн тәртібінің 2025 жылға дейінгі басты бағыттары қабылданды. Оларды жалпылама атасақ — капитал, еңбек, тауар мен сервистер нарықтарын; басқару және интеграциялық процестерді; экономика салалары мен салааралық қатынастарды цифрлық трансформациялау және цифрлық инфрақұрылым мен цифрлық процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бұл бағыттар өз кзегеінде нақты техникалық-технологиялық жүйелерде тоғысады. Ол жүйелер — Data X, ID, Geo деп шартты аталды.
Data X — елдердің өзара мәлімет алмасу жүйесі. Мұнда ақпарат алмасу интерфейстерінің (мәліметтер қоры) бірұдай формадағы бір «тілде» сөйлесуі көзделген. Шынымен, мысалы Қазақстандағы ЖСН Ресейде ИНН. Құжат айналымы барлығына түсікті формада жүруі үшін осындай ақпараттық, сандық параметрлерді (айнымалыларды) бір жүйеге келтіру керек. Әйтпесе одақ мүшелері экономикалық қарым-қатынас кезінде өзара түсінісуден қалады. Немесе ақпараттық технологияларды ысырып тастап, баяғы бюрократиялық процедураларды жаңғыртуға тура келер еді.
ID — өзара сенім аймағын қалыптастыру. Электронды құжат айналымында ең маңызды элемент — идентификация. Электронды қол қою жұмысты неғұрлым жеңілдеткенімен, соғұрлым сенімсіз технология. Себебі ондай қызмет ұсынатын әлемдік ондаған компанияларды былай қойғанда, ЕАЭО елдерінің өздерінің ішінде мемлекеттік заңнамаларға сәйкес ерекшеліктер бар. Әркім әрқилы криптографиялық принципке сүйенсе, әркім электронды қол қоюдың заңдық күшін әрқиялы бағаласа — цифрланудың пайдасы жоқ, тіпті кей тұста зияны тиеді деген сөз. Ал ортақ форматтар қалыптасса, ең алдымен азаматтарға жеңіл болар еді. Мысалы, Ресей азаматы Қазақстандық клиниканың анықтамасын ала алады және оның заңдық күші болады.
Geo — өзара геоинформациялық жүйе. Мұнда негізінен біркелкі жағырапиялық навигация қалыптастыру көзделген. Яғни тауарлар қозғалысын қадағалау болсын, ұшақтардың маршруттарын реттеу болсын — барлығымыз бір координата жүйесіне бағынуымыз керек.
Бұл шаралар 2025 жылға қарай бүкіл ЕАЭО ЖІӨ өсімінің кемінде 11% береді деп күтілген. ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі бекітілген 2017 жылы Қазақстан дербес «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдады. Бұл мемлекеттік бағдарлама аталған ЕАЭО жоспарымен толық үндеседі, ал кей тұстарында жаңашылдық та бар. Мысалы, бағдарламаның «Инновациялық экожүйе қалыптастыру» бөлімі ғылым-бизнес-мемлекет тандемін дамытуға бағытталған.
Бұған дейін ЕАЭО-дағы цифрлану үрдісі биылғы ақпан айында Алматыда бір пысықталған еді. Онда ЕАЭО елдерін цифрландыру форумында сөз сөйлеген РФ үкімет басшысы Дмитрий Медведев Ресейдің бұл үрдіске 5 жылда 1 трлн 800 млрд рубль бөлетінін айтқан. Ертеңгі тақырыптық отырыста цифрлану процесінің ағымдағы жағдайы туралы әңгіме болмақ.