Алматы. 25 желтоқсан. 7kun.kz - ЕАЭО елдері темекі өнімдеріне акциздер саласында салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімге қол қойды.
Келісім темекі акцизінің ставкаларын үйлестіруге мүмкіндік береді. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап темекіге ұлттық акциз ставкаларын есептеу кезінде ЕАЭО елдері 20% аспайтын ауытқумен 1 мың темекі үшін 35 еуро индикативтік ставкаға сүйенеді.
Бизнесті жаңа талаптарға бейімдеу үшін индикативтік ставкаға қол жеткізу мерзімі ретінде 2020 жылдан 2024 жылға дейінгі кезең белгіленді.
"Темекіге арналған акциздік ставкаларды біртіндеп және кезең-кезеңмен үйлестіру темекінің заңсыз нарығын дамытуды тежеуге мүмкіндік береді. Үйлестіру, сондай-ақ, темекі өнімдерінің өзара сауда көлемін ұлғайту үшін жақсы жағдай жасайды, бизнес үшін тең бәсекелестік жағдайларға және акциздерден бюджеттік түсімдердің өсуіне ықпал етеді, заңды айналым үшін жағдайды жақсартады", - деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) экономика және қаржы саясаты бойынша министрі Тимур Жақсылықов.
Сонымен қатар, ЕЭК Кеңесіне келесі бес жылдық кезеңге арналған индикативтік ставканы бекіту бойынша өкілеттіктер берілді. Бұдан басқа, ұлттық валюта бағамдарының күрт құбылмалылығы жағдайында консультативтік тетік енгізіледі.