Экономист: «Көлеңкелі» субсидиялар бәсекелестікке кері әсер етіп отыр
Мемлекеттің 2015-2019 жылдарға арналған индустрализациялау, Кәсіпкерлікті дамыту-2020, Агробизнесті дамыту-2020 бағдарламалары аясында көмек беруі Қазақстанның қаржы нарығының дамуы мен экономиканың әртараптануына, кәсіпкерлер арасындағы таза бәсекелестікке кедергі келтіріп отыр. Экономист Жәңгір Рахжанов осылай дейді.
Мемлекет түрлі бағдарламалар бойынша беретін субсидияның халықаралық тәжірибеде бірнеше түрі бар. Бірақ сарапшылар оның кейбірі мемлекеттің қаржылай көмегін қоғамдық бақылаудан, яғни салық төлеушілердің назарынан құпия ұстау үшін жасалғанын айтады. Экономист Жәңгір Рахжановтың пайымдауынша, Қазақстан үкіметі де парламент пен қоғамдық бақылаудан қандай да бір көмекті жасырын ұстауға мүмкіндік беретін субсидия түрлерін қолданатынын айтады.
Сарапшы субсидия алушыға берілетін гранттар мен тікелей төлемдер мемлекеттік көмектің ең ашық түрі екенін, мұндай қолдауларды оңай қадағалап, қалай жұмсалғанын бақылауға болатынын айтады. Экономистің пікірінше, өткен жылдардың республикалық бюджеттері бекітілген құжаттарда «жолаушылар тасымалы темір жолын субсидиялау», «ішкі әуе қатынасын субсидиялау» секілді қарапайым мемлекеттік көмектің бірнеше мысалы кездеседі. Дегенмен, Жәңгір Рахжанов соңғы жылдары басқаша атаумен берілген «субсидиялар» саны көбейгенін айтады.
Мысалы, - дейді экономист, - ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2015 жылы ауыл шаруашылығына берілген субсидия көлемі 173,3 млрд теңге құраған. Алайда сарапшы сол жылы бекітілген республикалық бюджетте бұл сома көрсетілмегенін айтады. Экономист аталған құжатта көрсетілген жалғыз ғана ақпараттың - 40 млрд теңгенің төмен пайызбен субсидия берілгені ғана жазылғанын, басқа ақпараттың көрсетілмегеніе назар аудартып отыр. Ол осылайша Қазақстанда біраз мемлекеттік көмек құпия түрде берілетінін айтады.
Жәңгір Рахымовтың пікірінше, халықаралық тәжірибеде мемлекеттік субсидия әділ нарықтық қатынастарға тосқауыл болады да, экономикадағы бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіреді. «Субсидия беру туралы шешімнің артында көбіне экономикалық емес, саяси я популистік негіз жатады. Сондықтан парламент бекітетін мемлекеттік бюджетте барлық субсидия ашық әрі олардың берілуі тиімді болатынына кепілдік берілген жағдайда ғана қарастырылуы керек», - дейді экономист.
Одан бөлек, маман ең ірі субсидиялар Ұлттық қордан алынатынына алаңдаушылық танытып отыр.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанның заңнамасына сәйкес, экономикаға Ұлттық қор есебінен қаржы құю тек парламент бақылайтын бюджет арқылы іске асуы керек әрі мемлекетік компаниялардың облигацияларын Ұлттық қор қаржысы есебінен алуға тыйым салынған. Бірақ экономист үкімет заңның тыйымын 2010 жылға дейін де, одан бері де әлі де бұзып келе жатқанын айтады.
Мысалы, 2015 жылы жарияланған Ұлттық қор есебінде аталған қор «Самұрық-Қазынаға» 751,6 млрд теңге, «Бәйтерекке» 315,6 млрд теңге қарыз бергені жазылған. Бұл, - дейді экономист, - 2015 жылы Ұлттық қор 1067,2 млрд теңгеге ұлттық компаниялардың облигацияларын ондаған жылға 0,01 пайызбен алған деген сөз.
Жәңгір Рахжанов субсидиялар біраз халықаралық зерттеулердің қорытындысы бойынша экономикаға зиян келтіріп, әділ бәсекені тұншықтыратыны дәлелденгенін алға тартып, қазір кәсіпкерлерге берілетін мемлекеттік көмектің жүйесін қайта қарауға шақырады. Оның айтуынша, субсидия беру қаржы нарығындағы нарықтық қатынасты бұзып, мемлекеттік холдингтердің шын жағдайы қандай екенін жасырып, мембюджет жұмысының қағидаларына кесірін тигізеді. Осы тұста экономист ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік көмегі барлық шаруаларға берілсе де, оның негізгі алушылары ірі компаниялар екенін әрі осындай субсидиялар әділетсіздік тудыратынын баса айтады.